«Жалғызбасты ата-аналарға жұмыста жеңілдік керек»: Тоқаевтың тапсырмасы орындалмай қалды
Үкімет Қазақстанда қанша жалғызбасты ата-ана барын білмейді
Бейресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда баласын жалғыз тәрбиелеп отырға 400 мың ана мен 80 мыңдай әке бар, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жалғыз басты ата-аналарға әлі күнге дейін арнайы әлеуметтік статус берілмеген, тиісінше ешбір санатқа жатпайды.
2021 жылдың 16 қарашасында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғызбасты ата-аналарға ерекше жұмыс жағдайын жасауды тапсырды.
«Егер анасы декреттік демалысты алса, онда ол кәсіби дағдылары мен білігін жоғалтады. Нәтижесінде, әйелдер еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Ең қиыны – жалғыз басты ата-аналардың балаларын бақылауы. Олар үшін ерекше еңбек жағдайларын жасау қажет. Жалғыз басты ата-аналар үшін қашықтан жұмыс істеу және жұмыспен қамтудың қысқартылған режимі құқығын заңнамалық деңгейде қарастыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса, Тоқаев дамыған елдерде барлық ірі компаниялар өз кеңселерінде балалар бөлмелерін ашып жатқанын және мүндай тәжірибені Қазақстанда да енгізу керегіне назар аударған болатын.
«ҚАЗАҚСТАНДА 80 МЫҢДАЙ ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕ БАР»
Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбеттің пікірінше, мемлекет баланы қандай отбасыда өсіп жатқанына қарамастан, барлық балаға көмектесуі тиіс.
«Жалғызбасты әке немесе ана деп бөлу қиын. Өйткені әр түрлі ата-ана бар, кейбіреуі жұмыс істеп, өз табысына балаларын асырап отыр. Сондай-ақ табысы тамағына жетсе, киіміне жеткізе алмайтын ата-аналар бар. Сондықтан жалғызбасты бола ма, жоқ па, оған қарамай балалардың мүмкіндігіне қарап, егер ондай отбасылар көмек сұрап жатса, мемлекет көмектесуі керек. Бұл заңда да жазылған. Қазақстан әлеуметтік мемлекет болғаннан кейін балаларға көмек берілуі тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ ол еліміздегі жалғызбасты ата-аналарға ерекше еңбек жағдайын жасау керек деп есептейді. Ол үшін заңнаманы қарастыру қажет. Егер жағдай жасалса, әр ата-ана оны пайдалану туралы шешімді өзі қабылдайды деген пікірде.
«Президенттің ұсынысын қолдаймын, себебі бұл дүние жүзінде бар тәжірибе. Мысалы мүгедек адамдар, жасы келген немесе ауырып қалып жұмысқа баруға мүмкіндігі жоқ адамдар болады. Заң бойынша соларға қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазақстанда кейбір жекеменшік компаниялар мұндай мүмкіндікті беріп жатыр. Оны енгізуге ешқандай кедергі жоқ. Бір жағынан әлеуметтік жауапкершілік деуге болады. Мемлекет болсын, жеке секторда болсын қашықтан жұмыс істеп ақша табуға мүмкіндік бар. Егер еліміздегі жалғызбасты ата-аналарға мұндай мүмкіндікті берсек ешкім ұтылмайды», – деп қосты ол.
Бұған қоса, «Әкелер одағының» жетекшісі елімізде баласын жалғыз өсіріп отырған әкелердің жағдайына тоқталды.
Соңғы халық санағы нәтижесін әлі көрген жоқпыз. Түрлі ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 80 мың жалғызбасты әке бар. Жұрт өтірік ажырасып, мәртебе алады екен деп көмектеспей отыруға болмайды. Мұқтаж адамдар бар, оларға мемлекет көмектесуі керек. Оны тексеретін органдар бар. Цифровизацияның көмегімен жолға қоюға болады. Әр адамның жеке куәлігінің нөмірі арқылы олардың шын мәнінде жалғызбасты ма, жоқ па, оны тексеруге болады, бұл еш қиындық тудырмайды. Оны қадағалап, алдағандарды сотқа дейін апарса және соған айыппұл салса, мұндай өзін-өзі, халықты және мемлекетті алдау азаяды деп ойлаймын, – деп қорытындылады Мақсұтбек Аймағанбет.
«ТИІМДІ ҰСЫНЫС, БІРАҚ КЕРІ ӘСЕРІ БАР»
«Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығының жетекшісі Ләззат Қожахметова жалғызбасты ата-аналарды қашықтан жұмыс істеуге көшіру еш қиындық тудырмайды деген пікірде. Әрі оны мемлекет отбасының табысын арттырудың таптырмас жолы ретінде қарастырған жөн деп есептейді.
«Пандемия кезінде біз онсыз да қашықтан жұмыс істедік қой. Сол кезде қаншама адамның бос отырғандығы белгілі болды. Сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыста отырады. Мысалы, менің өзім көпбалалы анамын. Үш жерде жұмыс істеп жүрмін, бәріне үлгерем. Қашықтан бірнеше жерде жұмыс істеп, отбасының табысын арттыруға болады. Көп балалы, жалғыз басты және мүгедектігі бар бала өсіріп отырған аналарға қысқартылған жұмыс күні тиімді. Өйткені қазір аналар жұмыс деп жүріп баланың тәрбиесіне, біліміне көңіл бөлмей кетті. Баланы мектепке, үйірмеге апару керек. Анасы таңертеңнен кешке дейін жұмыста жүрсе, кім апарады? Баланы интернет тәрбиелеп жатыр, орыс тілді ұрпақ өсіп жатыр. Қысқартылған күн тәртібі болу керек деп есептеймін. Пандемия кезінде бір мемлекет емес, тұтас әлем үйде отырып жұмыс істеді. Үйде отырып, сапалы жұмыс істеуге болатынын көрдік», – деді ол.
Ләззат Қожахметованың айтуынша, жалғызбасты әке-шешелерге ерекше еңбек жағдайын жасаудың бірнеше тиімді тұстары бар.
Президенттің қысқартылған жұмыс күніне ауысу дегені, біріншіден, ұрпақтың тәрбиесіне мемлекет көмектеседі деген сөз. Өйткені шешесі үйде отырғаннан кейін дұрыс тәрбие береді. Ал анасы күні-түні ақша тауып, асыраймын деп жұмыста жүрген бала тәрбиені кімнен немесе неден алады? Екіншіден, отбасыда дұрыс аура қалыптасады. Шешесі үйде болғанда баласына дұрыс тамақтандырады, денсаулығына қарайды. Үшіншіден, мемлекеттің ақшасы үнемделеді. Жарты күнде істеп бітіруге болатын жұмыс үшін неге сегіз сағаттың ақшасын төлейді? Яғни, істеген уақытына қарай ақша төлеп, артылғанын үнемдеуге мүмкіндік бар. Бұл бастама айтылды, бірақ жүзеге мүлдем асқан жоқ. Бұл мәселені ешкім қозғап жатқан жоқ, – деп толықтырды қоғам белсендісі.
Сонымен бірге ол жұмыс орынында балалар бөлмесін ашу туралы айтылған ұсынысқа қатысты ойымен бөлісті.
«Балалар бөлмесін ашу туралы ұсынысты құптаймын. Шетелге барғанда кейбір университеттердің өздерінің балабақшалары бар. Неге біздің университтерде сондай ашылмайды? Сол сияқты, мысалы, ауруханаларда балалар бөлмесі болса жақсы болар еді. Тіпті, әкімдікке барсаң да балалар бөлмесі болуы керек. Кез келген мекемеде балалар бөлмесі болуы тиіс», – дейді Қожахметова.
Оның пікірінше, Қазақстанда жалғызбасты ата-аналарға қашықтан жұмыс істеу немесе қысқартылған жұмыс күнін енгізсе, көптеген ата-ана жұмысқа шығып, әлеуметтік жағдайын түзейді. Сонда АӘК (атаулы әлеуметтік көмек – ред.) алушылар азаяды дейді ол. Алайда бұл бастаманың кері әсері болуы мүмкін екенін жасырмады.
«Бізде кез келген бастама кері әсер береді. Мысалы, зейнетақы қорындағы ақшаны таратып, үйді қымбаттатып жіберді ғой. Кейбіреулер балаларын сылтауратып жұмысқа шықпай қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жағдайды асыраушысы жоқ, күйеуі жоқ отбасыларға жасау керек. Бірге тұрып жатқан, бірақ заңды некеде жоқ отбасыларды білемін. Бұл бастама осындай отбасылардың көбеюіне ықпал етуі мүмкін деп ойлаймын. Яғни игі бастама деп жүргенде қоғамға кері әсерін тигізе ме деп қауіптенемін», – деп қорытындылады Ләззат Қожахметова.
«ЕШКІМ ЖҰМЫСҚА АЛМАЙ ҚОЮЫ МҮМКІН»
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұл мәселені күрделі сұрақ деп есептейді. Себебі оны іс жүзінде енгізу бірқатар қиындық туындатуы мүмкін.
«Күрделі сұрақ. Баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ата-аналарға қолдау болу керек. Баланы жалғыз тәрбиелеп өсірген қиын. Отбасы табысы мен баланың күтімін жасау мүмкіндігі әртүрлі болады. Президенттің бұл ұсынысы, әрине, көңіл аударарлық. Алайда біз оны қоланысқа қалай енгіземіз, мәселе сонда. Ол ата-аналар мемлекеттік қызметте жұмыс істесе және бұл мәселе заңды тұрғыдан белгіленсе, оны енгізуге мүмкіндік бар. Ал жекеменшік секторда жұмыс істесе, оны қалай енгіземіз?» – деді депутат.
Оның пікірінше, бұл мәселе заңмен бекітілсе, жалғызбасты ата-аналар еңбек нарығынан орын таба алмауы мүмкін.
«Қызметкері жарты күн істесе оған толық бір күннің ақысын төлеу керек. Осы жерде мұндай адамдарды жұмысқа ала ма деген сұрақ туындайды. Жұмыс берушілер «ондай проблемасы жоқ» адамдарды жұмысқа алуға тырысады. Яғни, жалғызбасты ата-аналар жекеменшік секторда жұмыс таба алмауы мүмкін деген қауіп бар. Әрине, мұндай мүмкіндікті барлық жұмысшы пайдаланбайтын да шығар. Бола қалды деген күннің өзінде олардың өз құқығын талап етуі мүмкін», – деп қосты ол.
Сонымен бірге бұл жағдай Қазақстандағы ажырасу статистикасының өсуіне әкеле ме деп қауіптенетінін де жасырмады.
Тағы бір мәселе – мұндай мүмкіндік жасалса, кейбір отбасылар әдейі ажырасуы мүмкін. Жарты күн жұмыс істеп, толық бір күннің ақшасын алып, демалуды мүмкіндік ретінде қарастырады деген қауіп бар. Мәселен, АӘК берген кезде қаншама отбасының сол жәрдемақыны алуы үшін «ажырасқанын» көрдік. Бұл бастаманың да сондай кері әсері болуы мүмкін, – деді Смирнова.
«ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АТА-АНАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЗАҢДА КӨРСЕТІЛУІ КЕРЕК»
Депутат жалғызбасты ата-аналарды қолдау үшін ең төменгі жалақыны көтеру керек деп отыр.
«Меніңше басқа жолмен жүру керек. Біріншіден, бізде жалақы өте төмен. Дамушы мемлекет ретінде біз ең төменгі жалақыны айқындау бойынша халықаралық стандарттарға сай емеспіз. Ол бізде ең кемінде 3 есе көп боуы керек еді. Төменгі жалақы алып отырып, баланы жалғыз өсіріп отырған ата-аналардың проблемасы да көп болады. Сондықтан мектепке дейінгі білім жақсы дамуы керек. Мысалы, ата-анасы жұмыс істеп ақша табамын десе, тәулік бойы жұмыс істейтін балабақша жұмыс істеуі тиіс. Сол сияқты мектеп интернаттар болуы керек. Бір ата-анаға аз уақыт істеп, толық жалақы алуға мүмкіндік беріп, толық отбасыға ол мүмкіндікті бермеудің бірқатар тәуекелдері бар. Меніңше басқа мүмкіндіктерді қарастыру қажет», – деп толықтырды Смирнова.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Қазақстанда жалғызбасты ата-аналардың құқықтары бірде бір заңда көрсетілмегеніне назар аударды. Оның пікірінше, жалғызбасты ата-аналардың мәртебесін заңмен белгілеп, көпбалалы ата-аналар сияқты мемлекеттік қолдау көрсету керек.
Елімізде баласын жалғыз тәрбиелеп отырған 400 мыңдай ана бар. Оларға оңай емес. Менің ойымша, бала дүниеге келгенде мемлекеттен қандай да бір төлемақы алуы тиіс. Мейлі ол көпбалалы отбасы, жалғызбасты ана-ананың баласы, мүгедектігі бар ма, бәрібір. Бала туғаннан кейін ата-анасының өтініші бойынша берілсе. Сол төлемге мұқтаж ата-ана өтініш берсе, оның қаржылық жағдайын тексермей-ақ беруге болады деп есептеймін. Менің ұсынысым осы, – деп қорытындылады Ирина Смирнова.
Айта кетейік, елімізде қанша жалғызбасты ата-ана барын білу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарластық. Белгілі болғандай ведомство Қазақстандағы баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналардың статистикасын жүргізбейді. Себебін елімізде «жалғызбасты ата-ана» деген статустың жоқтығымен түсіндірді.