×

«Жеу мен «кресло» үшін келеді». Мектеп директоры жалақысының аздығы қаншалықты дұрыс?

Қазір мектеп директорларының жалақысы 130-150 мың теңге арасы

 Ербол Тұрымбет 11.08.2022 | 08:31
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда мектеп директорларының жалақысы мұғалімдердікінен төмен. Бұл туралы былтыр оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «директор немесе оқу ісінің меңгерушісіне қойылатын талаптарға сәйкес келетін, аталған лауазымдарда жұмыс істеуге ниетті мықты қызметкерлердің қатары сиреп бара жатқанын» айтқан еді. Білім саласындағы сол жағдай әлі күнге сақталып келеді. Сала мамандарының айтуынша, сөзсіз, бұл білім сапасын құлдыратады.

ДИРЕКТОРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ 130-150 МЫҢ АРАСЫ

Елордадағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанның айтуынша, орта мектептердегі барлық директордың жалақысы мұғалімдердікінен төмен. Директорлардың жалақысы әдетте 130-150 мың теңгенің арасында. Қосымша сағаттармен қосып есептегенде айлығы 250 мыңға жетіп қалады. Ал мектептің шаруашылығы, экономикасы, оқу-білім, тәрбиесі бар – бәрі директордың мойнына түседі.

Соңғы жылдары қоғам таранынан білім саласына деген талап күшейді. Сондықтан директор мен оның орынбасарлығына адам табу өте қиын. Себебі, мұғалім болып сабағын беру әлдеқайда жеңіл және жалақы жағынан да тиімді. Мысалы, өз мектебім тұрғысынан мұғалімдердің орташа жалақысы 400 мың теңгенің айналасында. Арасында 500 мыңнан жоғары алатындары бар. Менің директорлығым мен шебер педагогтығым бар, сонымен бәрін қоса алғанда 270-280 мың теңгенің айналасында жалақы алам, дейді мектеп директоры.

Оның сөзінше, ең қиыны, орынбасар табу. Таңертеңнен кешке дейін орынбасар болып жүріп, 250 мың теңге алғанша, одан да мұғалім болып 450 мың алып жүре бергені жақсы. Есесіне, жарты күн істейді, құлағы тыныш, қағазы да аз. 

Аятжан Ахметжан бұл жағдайдың мектепке үлкен кері әсері барын айтады.

Мұндайда директорлыққа екі түрлі адам барады. Бірі, менің сияқтылар, яғни, шығармашылығын көрсеткісі келетіндер. Ондай адамдар өте аз деп ойлаймын. Екіншісі, мансап, кресло үшін немесе жемқорлықпен айналысу үшін баратындар. Ондай адамдардың басшылыққа баруы, өкінішке қарай, мектепті құлдыратады, дейді Аятжан Ахметжан.

ТАЛАПТАРЫН ҚИЫНДАТЫП ҚОЙҒАН

Маманның ойынша, мұндағы мәселе, педагогиканы қарастырған кезде тек сағаттық жалақылар артып, лауазымдық міндеттердің жалақысы көтерілмей қалған. Жалақыдағы айырмашылық содан туып отыр.

Айта кетейік, министр Асхат Аймағамбетов биылдан бастап директор немесе оқу ісінің меңгерушісі санатына қарай лауазымдық жалақынысының 30%, 70%, 100% мөлшерінде қосымша ақы ала бастайтынын айтқан еді. Оған қоса, мектеп директоры мен орынбасарларының лауазымдық жалақысы жыл сайын 25% артатынын және мәлімдеген.

Алайда, мамандардың пікірінше, біліктілік санатының өз талаптары бар. Онымен жалақысын көтеру үшін кемі 3 жыл еңбек өтілі болу керек. Демек, директор немесе орынбасар болып кемі үш жыл төмен жалақымен істеуі керек. Яғни, жалақысын 100%-ға дейін көтеру жолын жасағанымен, қиындатып қойған.

ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДЕ О БАСТАН ШЕШІЛГЕН

Astana Garden School бас директоры, Кембридж Университетінің білім магистрі, Нұрмұхаммед Досыбаевтың пікірінше, директордың мұғалімнен бірнеше есе кем алуы ақылға қонбайтын әділетсіздік. Сондықтан ол қызметке білімнен басқа мүдде көздейтін адамдардың отыруына жол ашады.

Капитализм түсінігі бойынша, кімде жауапкершілік көп, сол төлемақыға, абыройға, ары қарай өсуге көбірек лайық. Яғни, кім көп еңбек етеді, соған тиісті, лайықты мөлшерде сыйақысы болу керек. Ал біздің мемлекеттік мектептердегі жағдай не капитализм емес, не басқа емес. Басқа бір дәуірде өмір сүретін сияқты. Директордың жауапкершілігі көп болғанымен, әділетті сыйақы алу мәселесін үкімет әлі күнге дейін шешпеген. Сондықтан осындай қарапайым қағида орнамағаннан кейін, әділет болмағаннан кейін, кейбір директорлар өзінен әлдеқайда жоғары алатын мұғалімдерді бәрібір тыныш қалдырмауы заңдылық, дейді ол.

Маманның айтуынша, жекеменшік мектептерде бұл мәселе о бастан оңтайлы шешіліп қойған.

«Директордың жауапкершілігіне қарай мотивациялық жоспар деген болады. Мектеп директоры деген атқарушы органның бірінші басшысы. Мектеп дамуының бекітілген жылдық жоспары – стратегиясы болады. Сол стратегияның индикаторлары бар. Осыны жүзеге асырған, орындай алмаған немесе асыра орындаған жағдайда қалай болатыны нақтыланады. Ал директордың үстінен қадағалайтын директорлар кеңесі бар. Олар директордың тоқсан сайынғы есебін қарап, соған байланысты бағалап отырғаны тиімді», дейді маман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама