×

Бекболат Тілеухановқа телінетін NAK компаниясы мемлекеттік сатып алуға қатыспай кетті

Компания биылдыққа екі нысан құрылысын бастады

 Ая Өміртай 09.08.2022 | 08:10
Коллаж: Halyq Uni

Бекболат Тілеухановқа қатысы бар делінетін NAK компаниялар тобы бір жылдан бері мемлекеттік сатып алу порталында конкурсқа қатыспаған.

Halyq Uni тілшісі NAK холдингіне қарасты құрылыс компанияларының биыл қаңтардан бері қалай жұмыс істеп жатқанын зерттеп көрді.

ҚАҢТАРДАН БЕРІ ЕКІ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан нарығында кең танылған «Нұр Астана Құрылыс» компаниясы 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Басшысы – Серік Қасенбеков.

Компанияның сайтында 16 жылдан бері 70-тен астам нысан тұрғызғаны жазылған. Компанияның сату бөлімі мәліметінше, қазіргі уақытта 11 нысан салынып жатыр, басым көпшілігінің құрылысы 2021 жылы басталған, ал жыл басынан бері бір «комфорт», бір «бизнес» санаттағы екі тұрғын үй құрылысы басталған. Одан бөлек Нұр-Сұлтан қаласының Түркістан көшесінің бойында тағы бір нысан салу жоспарланып отыр. Құрылысы жүріп жатқан нысандардың көбі 2023 жылы пайдалануға берілмек.

Салынып жатқан нысандардың 2 бөлмелі «комфорт» пәтерлері 22-23 млн теңгеден басталса, «бизнес» санатты 2 бөлмелері пәтер құны 28-29 млн теңгеден жоғары.

Жуырда «Нұр Астана Құрылыс» компаниясы салған көп пәтерлі үйдің кіреберісі опырылып құлап түсіп, шу шыққан болатын. Үйдің кілтін енді алған астаналық 300-ге жуық тұрғын мердігер компанияның арзанқол құрылыс материалдарын пайдаланған айтып шағымданған.

Әзірге компания басшылығы бұл мәселеге қатысты пікір білдірген жоқ.  

БИЫЛ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУҒА ҚАТЫСПАҒАН

«Нұр Астана Құрылыс» компаниясы 2022 жылы мемлекеттік сатып алу порталында тапсырыс алуды тоқтатқан.

2021 жылы қосымша келісім негізінде екі шартты аяқтаған:

Компания соңғы сатып алу келісімшартын Түркістан облысының құрылыс басқармасымен жасаған. Жобаның құны – 490 млн теңге. Шарт бойынша, Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округіне қарасты Қайнар елді мекеніндегі 200 орындық мектеп салуға конкурс жеңімпазы болып танылған.

Еуразия ұлттық университетімен көп жылғы шарт бойынша ЕҰУ спорт кешеніне реконструкция жасаған. Жоба құны – 1 млрд 571 млн теңгеден асады.

ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫҢ ҚАРЖЫСЫНА ХҚКО ҒИМАРАТЫН САЛМАҚ

NAK атаулы тағы бір компания – «NAK CONSTRUCTION» ЖШС 2012 жылы құрылған. Ашық дереккөздерде бұл компанияның да жетекшісі ретінде – Серік Қасенбеков көрсетілген. Компания Есіл ауданы, Шұбар тұрғын ауданы, Арай көшесі 29 Д мекен-жайында тіркелген.

Компания биыл мемлекеттік сатып алу порталында жаңа келісімшарт жасаспаған. 2022 жылы тек бұрынғы шартқа қосымша құрылған келісім шарттарды орындап келеді.

Мемсатып алу порталында көрсетілгендей, компания көбінде «Ақмола облысының құрылыс басқармасы» мен «Целиноград ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемелерінің ашық конкурстарының жеңімпазы болып танылып келген.

Сонымен қатар, «NAK CONSTRUCTION» компаниясы 2022 жылы Целиноград ауданы құрылыс бөлімінің тапсырысымен негізгі шартқа қосымша келісім жасаған. Келісімшарт құны – 1 475 748 362 теңге. 2021 жылғы негізгі шартта қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен екендігі көрсетілген.

2022 жылы Ақмола облысында ХҚКО құрылысы туралы шартқа қосымша өзгеріс енгізіліп, қаржыландыру Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт есебінен деп өзгертілген. Соған қарағанда Ақмол ауылында Халыққа қызмет көрсету орталығын салуға жергілікті бюджет қаржысы жетпей, Ұлттық қорға иек артып отырған сыңайлы. Бұл Президенттің Ұлттық қор қаржысын маңызды стратегиялық жобаларға ғана пайдалану туралы тапсырмасына қайшы келетіні анық.

Тілеухановқа қатысы бар делінетін компанияларға тапсырыстың азаюына қаңтардан кейінгі саяси оқиғалар себеп болуы мүмкін. Өйткені бұрынғы президент Назарбаев пен оған жақындығы бар кәсіпкерлер ықпалынан айырыла бастады.

Естеріңізге сала кетейік, Бекболат Тілеуханов қаңтар оқиғасына дейін мандатын тапсыруға өзі өтініш беріп, депутаттықтан кеткен еді. Қазір ол Түркияда тұрып жатыр.

ТЕЛЕФОН КӨТЕРМЕЙТІН ДЕПУТАТ

Біз аталған компаниялардың Бекболат Тілеухановқа қаншалықты қатысы барын сұрау үшін «NAK Holding» ЖШС бас директоры Саламат Ахметовке хабарласқанымызбен, жауап болмады. Көмекшісі оның жуық арада босамайтынын айтты.

Саламат Ахметов – 2021 жылғы 14 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының жетінші шақырылымдағы депутаты болып сайланды. Ол мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі.

Қалалық мәслихат сайтында оның 2005 жылы «Нұр Астана Құрылыс» ЖШС компаниясынын құрған және директоры қызметін атқарған деп көрсетілген.

Саламат Ахметов – «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» ордені мен Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатының иегері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама