Halyq Uni логотип
×

Қырғыз-тәжік шекарасындағы атыс. Қаза тауып, жарақат алғандар бар

Атыс тоқтады, бірақ құрбандар бар

 Ербол Тұрымбет 28.01.2022 | 10:00
Қырғыз-тәжік шекарасындағы атыс. Қаза тауып, жарақат алғандар бар
коллаж: Halyq Uni

Кеше Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында тағы атыс болды. Екі елдің шекарашылары аяқасты болған келіспеушіліктен мәселені қарумен шешуге тырысқан. Қазір жағдайдың шешілгені белгілі. Дегенмен қаза тапқандар мен жарақат алғандардың бары айтылды. Қырғыз жағынан 7 адамның орта деңгейлі ауыр жарақат алғаны айтылса, тәжіктер тарапында 13 адам жараланған. Оның 11-і әскер қатарынан, екеуі бейбіт тұрғын.

ОҚИҒА НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Тәжікстан нұсқасы бойынша, қаңтардың 27-сі күні сағат 17:20 шамасында 50 шақты қырғызстандық Ходжаи-Аъло елдімекені тұсындағы көпірде құм тиеп бара жатқан Тәжікстан азаматының «Портер» маркалы автокөлігін мәжбүрлеп тоқтатады. Автокөлік Тәжікстан аумағымен Ходжаи-Аълодан Сомониен ауылына бара жатқан.

Қырғызстан азаматтарының мұндай заңсыз әрекетінің жолын кесу үшін жергілікті атқарушы билік органдары мен Исфара қаласының құқық қорғау органдары өкілдері деңгейінде кездесу өткізу жоспарланған. Алайда қырғыз тарапы кездесуге келмей, оның орнына сағат 18:10 шамасында қырғыз шекарашылары тарапынан аталған көпір бойымен (275 метр) атқылауға ыңғайлы орналасып алып, қолданыстағы қаруынан Тәжікстанның бейбіт тұрғындарына оқ жаудырған, – делінген Тәжікстанның МҰҚК шекара әскері таратқан мәлімдемеде.

Одан соң Қырғызстан жағынан оқ жаудыру үдеп бара жатқаны салдарынан Тәжікстан жағынан бейбіт халық пен шекарашылар арасында қаза тапқандар бары айтылған. Нақтырақ айтсақ, қырғыздар атқан снаряд бейбіт тұрғынның үйіне түскен. 

Ал Қырғызстан жағы берген мәліметте басқаша айтылады. Қырғыз ақпарат құралдарының дерегінше, кеше сағат 18:15-те Тәжікстан шекарашылары Баткен-Исфана жолын Баткен ауданының тұсында Торт-Кочо деген жерде өз беттерінше жауып тастаған. Одан соң Баткен облысының сол маңдағы шекара бөлімдері күшейтілген режимге көшкен. 

МҰҚК шекара қызметінің директоры Ұларбек Шаршеевтің айтуынша, керісінше, тәжік тарапы атысты тоқтатпаған. Оның үстіне, шекараға ауыр әскери техника мен жеке құрамды тартып жатқанын жеткізген. 

Мәлімдемеге сенсек, сағат 23:30-дағы жағдай бойынша, тәжік әскері сәт сайын қырғыз әскері орналасқан жерлерді атқылауын жалғастырумен болған. Атыс Эки-Таш, Құм-Базар, Чыр-Добо деген жерлерде тоқтамаған. Тәжік әскері ҚР ішкі әскері орналасқан жерлерді минометпен атқылаған. Сонымен қатар, Кочо-Бою елдімекенінде тәжік әскерінің шабуылы салдарынан Қырғызстан азаматының үйі өртеніп кеткен. 

ҰҚШҰ бас хатшысы Станислав Зась тәжік пен қырғыз тараптарын шекарадағы атысты дереу тоқтатуға, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырды. Бұл орайда ҰҚШҰ қақтығысты басу үшін Қырғызстан мен Тәжікстанға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. 

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Онда жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және мәселені бейбіт жолмен шешетіндерін жазған. 

Құрметті қырғызстандықтар! Шекарада болып жатқан оқиғалар бірінші минуттардан бастап толық менің бақылауымда. Құдай бұйыртса, бәрін тыныштық, жаңа кездесулер жолымен шешеміз. Алаңдамаңыздар. Жағдайды ушықтыру үшін жалған мәлімет таратып жатқан БАҚ-тарға және басқа өлкелердің мүддесін көздеген саясатшыларға сенбеңіздер, – деді ол.

Түнде екі тараптың келісімге келгені белгілі болды. Сондай-ақ, қосымша тартылған әскерлері де шекарадан әкетіліп жатыр.

Келісім қорытындысы бойынша, Баткен – Исфара тасжолы ашық болады. Сонымен бірге, екі ел шекара маңдарында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кезекшілік ұйымдастыруға келісті. 

Айта кетейік, екі ел шекарасында жағдайдың шиеленісуі бірінші рет емес. Оған себеп, 970 шақырым шекараның 504 шақырымы ғана демаркацияланған. Екі жақ 70-тен аса мекенге қатысты әлі күнге бір тоқтамға келе алмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама