Авиаотын тапшы: Әуе билеті қымбаттауы мүмкін

Айнұр Шошаева

Павлодар МӨЗ кезекті рет жөндеуге жабылды

Коллаж: Halyq Uni

Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеуге жабылуына байланысты еліміздің әуежайларында жанармай бағасы күрт өседі деген болжам бар. Бұл жолаушылар үшін билет құнының 35 пайызға дейін қымбаттауына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Қазір шығып жатқан ақпараттарға қарағанда, жақын арада азаматтық авиациядағы проблемалар көбейеді. Әуежайларда авиа жанармай құны күрт өседі деп күтіліп отыр. Кейбір әуежайлар қазірдің өзінде жанармай жоқ екенін алдын-ала ескертіп жатыр. Бұл онсыз да арзан емес авиабилет бағасының қымбаттауы мен рейстердің кейінге қалдырылуына әкелуі мүмкін. Бұл мәселені жиналыс өткізумен ғана шешу мүмкін емес», - деп жазды авиация сарапшысы Серік Мұхтыбаев. 

Энергетика министрлігінің мәліметінше, ведомство Қазақстанның Азаматтық авиация комитететі, әуекомпаниялары мен әуежайларды биыл шілде айында Павлодар мұнай өндеу зауытында жүргізілетін жөндеу жұмыстары туралы хабардар етіп, қажетті көлемдегі жанармайды импорттау қажеттілігі туралы ескерткен. 

«ҚР және РФ энергетика министрліктері бекіткен 2022 жылға арналған индикативтік теңгерімде қазақстандық тұтынушылар үшін 300 мың тонна көлемінде ресейлік авиаотынды жеткізу көзделген. Бұл ретте 6 айдағы импорт көлемі 41 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ, ресурс ұстаушыларға отандық авиакомпанияларға, халықаралық тасымалдаушыларға, әуежайларға басымдық беру бойынша ұсыныстар берілді», - деді Энергетика министрлігі. 

«ТҰРАҚТЫ РЕЙСТЕРГЕ ҚАУІП ЖОҚ» 

Биыл шілде айында Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) жоспарлы-алдын алу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ішкі нарықта авиаотын өндірісінің жалпы көлемі ағымдағы айда 43 мың тоннаны құрады. Бұл орташа айлық өнімнен 20 мың тоннаға аз.Қазір елімізде авиаотынды тұтыну көлемінің ұлғаюы байқалады. Азаматтық авиация комитеті мұны ұшудың біртіндеп қалпына келтірілуінен кейін негізгі көрсеткіштердің өсуімен тікелей байланыстырады. 

«Мәселен, биыл мамыр және маусым айларында авиаотынды тұтыну айына 80 мың тоннаға дейін өсті. Маусымдылық тұтынудың артуын ескере отырып, шілде және тамыз айларында тұтыну айына 90 мың тонна деңгейінде күтіліп отыр», - деді Азаматтық авиация комитеті. 

Осы орайда, ведомство зауыттардағы жыл сайын маусымдық жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне және авиациялық отын өндірісінің шектелуіне байланысты Қазақстанға импорттық авиаотынды жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарттарды қамтамасыз ету және авиаотын резервін дайындау жөнінде шаралар қабылдау үшін авиакомпаниялармен және әуежайлармен бірнеше рет кеңестер өткізгенін айтады.  

«Ішкі нарықта авиаотынның шектеулі өндірісі жағдайында авиакомпаниялардың ұшу бағдарламасының бұзылуына жол бермеу және рейстердің күшін жою мақсатында Энергетика министрлігіне жолаушылар тасымалын орындайтын отандық авиакомпанияларға (Air Astana, SCAT, Qazaq Air) басымдық беру тәртібімен өндірілген авиаотынның көлемін бөлу ұсынылды. Осылайша, тұрақты жолаушылар рейстерін тоқтата тұру немесе тоқтату бойынша қауіп жоқ. Ал Алматы қаласы әуежайы үшін келісімшарт жасалған авиаотынның, оның ішінде импорттық авиаотынның негізгі көлемі қазір жолда», - деп қосты ведомство.  

«ҚАЗАҚСТАНДА АВИАОТЫН САТЫП АЛУ МӘСЕЛЕСІ РЕТТЕЛМЕГЕН»

Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың пікірінше, авиаотын мәселесі жыл сайын қайталанып келеді. Себебі Қазақстан авиациясында бірыңғай саясат жоқ. 

«Біз үнемі айтып жүрміз, авиацияда саясат болуы керек. Әрбір әуежай мен әуекомпания өз бетімен жұмыс істеп жатыр, бір саясатқа жұмыс істеп жатқан жоқ. Сондықтан жанармай шығаратын компанияларға да қиындау. Олар жоспарларын білмейді, не жасап болғандарын түсінбейді. Бірігіп, бір саясаттың астында жұмыс істеу керек», - дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, Қазақстанда алып ұшақтармен көп жұмыс істейтін ірі әуежайлар - астана мен Алматы әуежайлары. Олар айына 20-25 мың тонна жанар-жағармай пайдаланады. Бұл біздің мұнай өңдеу зауыттарының шығаратын көлеміне жақын. 

Министрлік зауыттар 700 мың шығарады дейді. Екі аэропортты бірге алып санасақ, олар жүк таситын алып ұшақтарға жылына 500-600 мың тонна құяды. Министрліктің тапсырмасы бойынша жанармай бірінші кезекте ішкі нарық пен шетелден ұшып келетін компанияларға бөлінеді де, жүк таситын ұшақтарға қалдық принципі бойынша сатылады. Жүк таситын алып ұшақтар бір жыл бұрын келісімге қол қояды, - деп қосты ол. 

Бұған қоса, сарапшы Қазақстанда авиаотын бағасы әлем бойынша жоғары саналатынын атап өтті. Себебі отынды сату механизмі реттелмеген. Атап айтқанда, көптеген авиакомпаниялар бағаны формулалар арқылы сатып алады. 

«Біз әлі мұндай формулаға көше алмай жатырмыз. Шетелдегі үлкен жүк, адам тасымалдайтын авиакомпаниялар жанармайды формула арқылы сатып алады. Біздің үкімет жолаушыларға басымдық беріп отыр. Көрші Қырғызстан мен Өзбекстанда жанармай жағасы бізден төмен, өйткені олар формула бойынша сатылып жатыр. Қазақстанның авиажанармай сату тәсілі шетелдік компанияларға түсініксіз. Қосымша рейстер жоспарласа, бізде жанармай жоқ болып қалуы немесе рейстерін төмендетуі мүмкін. Осындай қауіп бар. Көрші мемлекеттер үлкен саясатты жүзеге асырып жатса, Қазақстанда ондай жұмыс байқалмайды. Мәселен, қазір Алматы аэропорты қомақты қаражаттан айырылып отыр. Себебі шетелдің инвестициясына жаңартылуда, олар жанармайдың жоқтығынан қосымша табатын табысынан айырылып жатыр. Түптеп келгенде инвестиция тартамыз деп жүріп, тартқан инвестициядан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге назар аударып, жұмыс істеу керек», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ әуе компанияларының отынды сатып алу мәселесін мысалға келтірді.

«Тағы бір мәселе, біздің жолаушылар тасымалдаушы әуекомпаниялар жанармайды өздеріне тікелей сатып алады. Мәселен, Air Astana компаниясы «Самрұқтың» қол астында болғандықтан «Қазмұнайгаз» бен оған қарасты мекемелер жанармайды арзан бағамен сатады. Air Astana өздерінде субсидия жоқ деп айтады. Санап көрсек, жанармайды төмендетіп сатудың өзі субсидия болып саналады. Air Astana-ның айына пайдаланатын көлемі 20 мың тонна. Көктем айында олардың сатып алатын бағасы тоннасына 260-280 мың теңге болатын. Ал аэропорттардың сатып алатын бағасы кемінде 350 мың теңге болды, яғни арасындағы 70 мың теңге пайданы авикомпаниялар көріп отырды», - деді Абыл Кекілбаев. 

Сонымен бірге, сарапшы жанармай тапшылығы жолаушыларға билет бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін екенін айтады. 

Жолаушылар бағаның қымбаттағанын сезінеді. Қазір бағаның екі есе көтеріліп жатқанын көріп отырмыз. Нормаларға қарасақ былтырлары шетелдік компаниялардың билетінің құнында 25-30 пайызға дейін болатын, Air Astana есебінде 22 пайыз болды. Қазіргі бағаға байланысты 35 пайызға көтерілетін шығар. Билеттің ішінде жанармай алымы бар, - деп толықтырды. 

Алайда Кекілбаев жанармай бағасының өсуін тек зауыттармен байланыстырмау керек деп есептейді. 

«Павлодардан кейін жоспар бойынша АМӨЗ жөндеуге жабылуы керек. Атырау зауыты жұмысқа қосылмағанша осындай жағдай болады. Жанармай бағасының өсуі тек қана зауыттарға байланысты емес, мұнайдың бағасының әсері бар. бұрын 50-60 доллар болса, қазір 100 доллардың үстінде», - деді ол.