Halyq Uni логотип
×

«Назарбаевтың жарлығы..»: Жезқазғанды күйреткен құжаттың құпиясы ашылды (ВИДЕО)

Жалпы өзі бір күнде Семей, Көкшетау, Жезқазған облысы жабылды... 

 Халық үні 15.07.2022 | 19:40

Кезінде Қазақстанның басты донорының бірі болған облыс – Жезқазған бүгінде дотацияда отыр. 1997 жылы оны облыс мәртебесінен айыру туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы шығып, қойнауы табиғи байлыққа толы мекеннің тағдыры бір күнде өзгергені белгілі. «Сұрауы бар» YouTube арнасының редакциясы осы тарихи жайттың біраз шындығын ашты.

«97 жылы Жезқазған облысының таратылуы әділетсіз шешім болды. Көпе-көрнеу қиянат болды деп осындай сөздерді айта беруге болады. Себебі басында 5 облысты таратамыз деген әңгіме шыққан уақытта көшін түзей алмай бірыңғай субсидия, дотацияға отырғандарды таратамыз деген сылтаумен басталды ғой. Содан келіп донорлардың қатарында тұрған Жезқазған тарап кетті», - деді Ұлытау ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Әнуар Омаров.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығын жергілікті халыққа жеткізу міндеті сол кездегі Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдинге артылған.  

«Жалпы өзі бір күнде Семей, Көкшетау, Жезқазған облысы жабылды. Үкіметті сол кезде Әкежан Қажыгелдин басқарды. Құқық қорғау органдарының барлық басшылары болды. Бірақ ешқандай тәртіпсіздік болғанын байқамадық. Қажыгелдин келді де 2 минуттың ішінде Президенттің жарлығын оқып берді, Нұрсұлтан Назарбаевтың. «Сұрақ бар ма?»,- деп сұрады. Ешқандай сұрақ қойылған жоқ. Одан кейін облыс жабылды дейді, болды», - деп сол кездегі тарихи жиын жайында ақпарат таратқан белді журналистің бірі Махат Садық еске алды. 

Сондан бері 25 жыл өтті. Жезқазғанның дамуы алдымен тежелсе, кейін құлдырауға кеткені хақ. Енді, міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жезқазғанға қайта облыс орталығы статусы алып, Ұлытау облысы ашылды. Демек, тоқырауға ұшыраған мекеннің қайта қалыпқа келеріне үміт қылтиғандай. Әйтпегенде, 1997 жылы Жезқазғанды жою ұсынына жерлікті белсенділер мен ақсақалдардан бірде-бірі қарсылығын білдіріп шықпаған. Бұл енді өткеннің қателігі болып қала бермек.

«Біздің халық жалпы тұншықтырып тастаған халық қой. Бұл сол Кеңес үкіметінен келе жатқан жиналыстардың біреуі. Әрине зардабы мол жиналыс болды. Бұны алдын-ала дайындайды ғой. Біздің ақсақалдар жоғарыдан біреу келсе 2 қолын көтеріп қолдап ала жөнеледі. Сол жиналыс менің жадымда қалыпты. Жарты сағатқа да созылған жоқ. Бүкіл облысты қолдан берді де жіберді. Бір адам қарсы болған жоқ. Халық та қарсы болған жоқ. Қазақша айтқанда сыртынан күңкілдеп, мынау қалай болды, не болды деген әңгімелер кейін көтеріліп жатты», - дейді Қазақстанның құрметті журналисі, сол кезде газеттегі қатардағы қарапайым тілші міндетін Базарбай Әлеуханұлы. Тарихы жиынға тек бас редакторы ғана барған. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама