Қылмыс картасы. Қай өңірде қандай қылмыс көп жасалады?
Қызылорда, Маңғыстау мен Атырау облыстарында қылмыс аз
2022 жылдың 5 айында елімізде 74 650 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға көп (73249). Бұл туралы Бас прокуратураның қылмыстық статистикасы мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокуратура мәліметіне сүйенсек, биыл Қазақстанда ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматы қаласы (16685), Нұр-Сұлтан қаласы (7393), Алматы (7045), Шығыс Қазақстан (4928), Қарағанды (4828) облыстарында тіркелді.
Ең аз қылмыс жасалған өңірлер Қызылорда облысы (1673), Маңғыстау облысы (2053), СҚО (2077) мен Атырау облысы (2156).
ЕҢ «ҚЫЛМЫСКЕР» ЖӘНЕ ЕҢ «ТӘРТІПТІ» ӨҢІРЛЕР
Қазақстандағы қылмыс деңгейі жан басына шаққанда 0,94%. Өңірлер арасындағы көрсеткіштерге көз жүгіртер болсақ, ең қылмыскер өңірлер Алматы қаласы (2,02%) мен Нұр-Сұлтан қаласы (1,48%).
Ал ең «тәртіпті» өңірлер Түркістан (0,34%), Қызылорда (0,48%) және Жамбыл (0,55%) облыстары болып шықты.
КІСІ ӨЛТІРУ КӨБЕЙІП; ҚАРАҚШЫЛЫҚ АЗАЙДЫ
Сондай-ақ прокуратураның мәліметінше, аса ауыр қылмыстар 17,7%, ауыр қылмыстар 17,4%, аз ауырлық бойынша 5,7%-ға өссе, орташа ауырлық бойынша қылмыстық құқықбұзушылық 5,8%-ға төмендеді.
Қылмыстың жекелеген құрамдары бойынша мынадай серпін тіркелген:
- Кісі өлтіру – 16,4% өсті (281-тен 327-ге дейін);
- Бұзақылық – 11,9% өсті (1181-ден 1322-ге дейін);
- Ұрлық – 10,6% өсті (25084-тен 27734-ге дейін);
- Зорлау – 6,7% өсті (315-ден 336-ке дейін);
- Тонау – 1% өсті (1083-ден 1094-ге дейін);
- Бопсалау – 1,9%-ға төмендеді (207-тен 203-ге дейін);
- Алаяқтық – 6,1% төмендеді (19058-нан 17895-ге дейін);
- Есірткіге байланысты қылмыстар – 9,1%-ға төмендеді (3556-ден 3231-ге дейін);
- Қарақшылық – 17,4%-ға төмендеді (109-дан 90-ға дейін).
Айта кетейік, құқық бұзушылық жасаған адамдар туралы статистикалық мәліметтер аяқталған, оңалтуға жатпайтын негіздер бойынша тоқтатылған және сотқа жіберілген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны негізінде қалыптастырылады.
МАҢҒЫСТАУДА КІСІ ӨЛТІРУ КӨРСЕТКІШІ ЕҢ ТӨМЕН
Өңірлердегі қылмыс түрлеріне жекелей тоқталсақ, кісі өлтіру көрсеткіші ең көп Алматы қаласы (99), Шығыс Қазақстан облысы (34) және Қарағанды облыстары (22).
Ал ең аз көрсеткіш Маңғыстау облысында. Жыл басынан бері бұл өңірде кісі өлтіру бойынша 2 қылмыстық іс тіркелген.
ЕҢ КӨП ҰРЛЫҚ АЛМАТЫДА ЖАСАЛАДЫ
Ұрлық ең көп жасалатын өңрлердің көш басында жеке-дара Алматы қаласы тұр. Жыл басынан бергі 5 айда қалада 8 133 ұрлық жасалған.
Елорда (2 397), Алматы облысы (2457), Шығыс Қазақстан (1 892) мен Қарағанды облыстарында (1 820) да ұрлық көрсеткіші жоғары.
Ұрлық аз жасалатын өңірлердің басында тағы да Маңғыстау облысы (410). Павлодар (649), Қызылорда (656), Атырау (684) облыстарында да ұрлық салыстырмалы түрде көп болмайды.
СОЛТҮСТІКТЕ АЛАЯҚТАР АЗ
Алаяқтық ең көп жасалытын өңір тағы да Алматы қаласы (4 050), одан кейін астана (2 446) мен Шымкент (1 656).
Ең аз өңірлер Қызылорда (303), одан басқа Ақмола (454) және Солтүстік Қазақстан облыстары (449).
БАТЫСТА ТОНАУШЫЛАР КӨП ЕКЕН
Тонау қылмыстары ең көп тіркелген Алматы қаласын (294) санамағанда Ақтөбе облысы (97) мен Батыс Қазақстан облысы (80).
Ең аз көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (20), Ақмола (21) және Түркістан облыстарында (22) тіркелген.
АТЫРАУ, ПАВЛОДАР МЕН СҚО-ДА БІР-БІР ҚАРАҚШЫЛЫҚ БОЛДЫ
Қарақшылық ең сирек кездесетін қылмыстардың бірі. Жыл басынан бері Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынада бір-бірден ғана болған.
ҚОСТАНАЙДА БҰЗАҚЫЛАР АЗ
Бұзақылықтың ең көп тіркелген өңір тағы да Алматы қаласы (483). Жамбыл (80) мен Түркістан (94) облыстарында да өзгелермен салыстырғанда жиі бұзақылық болған екен.
Қостанай облысы (11) бұзақылық ең аз жасалған өңір.
БОПСАЛАУДАН АСТАНА АЛДА
Бопсалау қылмысы ең көп тіркелген өңір елорда. Астанада жыл басынан бері осы қылмыстың 32 дерегі тіркелген.
Ал Маңғыстау мен Қызылордада жыл басынан бері үш-үштен, Атырауда 4 жағдай болған.
ЗОРЛАУ ДЕРЕГІ ЕҢ КӨП АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕН ОБЛЫСЫНДА
Оңтүстік астана мен облыста жалпы саны 104 зорлау қылмысы тіркелген. Ең аз Солтүстік Қазақстан облысында, 3 қылмыс тіркелді.
МЕГАПОЛИС ХАЛҚЫ ЕСІРТКІГЕ ӘУЕС
Алматы қаласы мен астанада жыл басынан бері тиісінше 348 және 337 қылмыстық іс тіркелді. Ал ең аз Атырау мен Қызылордада.