Halyq Uni логотип
×

Экология министрлігінің утилизация алымына қатысты не ойлағаны бар

«Утилалымға жол жоқ» қозғалысы жұмыс тобының жөнсіздігін мәлімдеді

 Ербол Тұрымбет 25.01.2022 | 16:00
Экология министрлігінің утилизация алымына қатысты не ойлағаны бар
коллаж: Halyq Uni

Қозғалыс өкілдері утилизация алымы мәселесі бойынша құрылған жұмыс тобының әрекетін жөнсіз деп санайды. Оған мысал ретінде қаңтардың 21-і күні өткен алғашқы онлайн отырыста куә болған жайсыздықтарды келтірген.

Жиында утилалымды жақтаушылар қатарының наразы топтан 2 есе көп болып, белсенді топ өкілдерінің басым көпшілігі оған қатыса алмағаны айтылады. Қозғалыс жетекшілерінің бірі Санжар Боқаев та жиынға қатыстырылмаған. Оған белсендінің өз есімімен тіркелмегендігі себеп болыпты. Одан бөлек, Ет өндірушілері қауымдастығының төрағасы Мақсұтбек Бақтыбаев пен Тікелей сауда қауымдастығының төрайымы Анастасия Калашникова да бұл жиыннан сырт қалған. Наразы топ өкілдерінің бірі – фермерлер атынан қатысқан жалғыз өкіл Алмасбек Садырбаевқа тіпті сөйлеуге мұрша бермей, онлайн жиыннан шығарып тастауы да белсенді топтың ренішін туғызған. Әуелден-ақ қатысушылар саны шектеліп қалғандықтан, жиында өз ұстанымымен келген көптеген салалық қауымдастық пен одақтар қосыла алмаған. Оның ішінде бір ғана Құрылысшылар одағына мыңнан аса компания кіреді. Онда ондаған мың қызметкер жұмыс істейді.

Бұған дейін белсенді топ өкілдері «Жасыл дамудың» өзі бұрынғы «РОП» иелеріне өтейін деп жатыр деген қауіп барын айтқан. Соған байланысты Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан тиісті министрлікке сұрау салған. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бұл күмәннің негізсіз екенін айтады. Оның жазуынша, «Жасыл Даму» – 100% мемлекеттік мекеме. Қазір «РОП» ЖШС-нан тиісті құжаттарды алу, әділет органдарында қайта тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. «Жасыл Дамудың» «РОП» құрылтайшыларына ешқандай қатысы жоқ.

Үкіметтің 2022 жылғы 18 қаңтардағы №20 қаулысымен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері, оператор (ӨКМ) функциялары «Жасыл Даму» акционерлік қоғамына берілді. Сонымен қатар «ӨКМ Операторы» ЖШС құқықтары тоқтатылды. Осы қаулымен «Жасыл дамудың» Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығына қосылуына қатысты үкіметтің 2021 жылғы 15 сәуірдегі № 241 қаулысының күші жойылды. Осылайша, «Жасыл даму» АҚ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (ЭГТРМ) ведомстволық бағынысты ұйымы саналады және мемлекеттің қатысу үлесі 100%-ды құрайды. Яғни, акционерлік қоғам құрамында өзге жеке және заңды тұлғалар жоқ, дейді министр.

Қозғалыс белсенділерінің бірі Нұраддин Садықовтың айтуынша, жиында жасалған кедергілердің бірі – қатысқан 100 адамның кемінде 70%-ы утилизация алымының сақталуына мүдделі олигарх топтардың компанияларының өкілдері.

Менде мынадай парадокс түсінік қалыптасты. Қазақстанда бір де бір BMW, Subaru автокөліктерін құрастырмайтын компаниялардың, ол түгілі велосипед құрастырмайтын компаниялар директорларының утилалым сақталсын деуге қандай моральдық құқы бар? Жиында Hyundai Auto Kazakhstan компаниясының өкілі де утилизация алымы қалсын деп сөйледі. Осы күнге дейін көлік тапшылығын жоя алмаған, 6 жылдан бері әлпештеген үкіметтің бүкіл жылы-жұмсағын алған, қазақстандық көлік нарығын тұтастай тапшылыққа әкелген компаниялардың әрекетін қолдан жемдеу қаншалық дұрыс деген ойға қалдық, – дейді ол.

Бұған дейін тағы бір депутат «утилизация алымын әлемдік баламасына сай төмендету керек» деген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама