Қазақстандағы АЭС: билік пен бұқара ортақ шешімге келе ала ма?
Әр азамат 25 жыл бойы жыл сайын 35 мың теңгеден төлеп отыруы керек болады
Былтырғы қыркүйектен бастап Қазақстанда атом электростансасын салу мәселесі қайта көтерілді. Бұл жолы билік райынан қайтпайтын сияқты: станса салынатын жерді айқындап, қазір әлеуетті жеткізушілердің тізімін жаңартып, қызу жұмысқа кірісіп кетті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазақстанда атом стансасын салу мәселесі 90-жылдардың ортасынан бері көтеріліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы билікке келген кезде АЭС тек халықтың пікірін ескеріп қана салынатынын, тіпті қажет болса референдум өткізілетінін айтып, бұл тақырыпты жапқан сияқты еді. Алайда осыдан он ай бұрынғы жолдауында ҚР президенті Қазақстанға АЭС қажет екенін айтып, бір жыл ішінде қауіпсіз атом энергиясын дамыту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Көп ұзамай атом стансасы салынатын орын анықталды. Қазақстан үкіметі бұл жобаға Балқаш көлінің бойындағы Үлкен ауылын лайық деп тапты. Бастапқыда билік еліміздегі атом стансасын салу үшін алты жеткізушінің қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеген болатын. Олар: америкалық NuScale Power, америкалық-жапондық GE-Hitachi, кореялық KHNP, қытайлық CNNC, ресейлік «Росатом» және франциялық EDF-тің технологиялары. Алайда кейін Энергетика министрлігі стансаны салуға төрт жеткізушіден тұратын шорт-парақ әзірленгенін хабарлады. Бастапқы тізімнен америкалық NuScale Power мен америкалық-жапондық GE-Hitachi технологиялары алынып тасталды. Мұны ведомство аталған компаниялардың қуаты аз реакторларды салу және пайдалану тәжірибесінің жоқтығымен түсіндірді.
«Болашақ технологияны жеткізушілерді таңдау кезінде біз алдымен мемлекет пен азаматтардың мүддесін ойлаймыз. Қазіргі уақытта біздің мамандар АЭС салу жобасын іске асыру мүмкіндігі мен қажетті шарттарды жан-жақты зерттеп жатыр. Мысалы, электр энергиясын өндіру және тұтыну бойынша болжамды деректер негізінде АЭС қуаты көлемінің негіздемесі зерделенді. АЭС үшін тек заманауи III және III+ буынды реакторлық қондырғылардың ұсыныстары қаралып, талдануда. Вендорды таңдау кезінде Фукусимадан кейінгі талаптарды ескере отырып, станцияның қауіпсіздігі, қолданыстағы реакторлардың пайдалану және жаңа энергоблоктар салу тәжірибесі, кадрларды дайындау мүмкіндіктері, оқшаулау дәрежесі, нормативтік база және құжаттама даярлығы сияқты бірқатар негізгі көрсеткіштер қарастырылады», - деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына» АҚ.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ КҮНІ АТОМ СТАНСАСЫНА ҚАРАП ТҰР МА?
Кеңес заманында Қазақстанда АЭС болған. Маңғыстаудағы жалғыз өндірістік атом элоктростансы 1999 жылы жабылды. Қазір елімізде бірнеше ядролық зерттеу реакторлары жүмыс істеп тұр.
«Самұрық-Қазына» АҚ қарасты «Қазақстан атом электр остансалары» АҚ ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы энергияның 70 пайызы көмірден алынады, ЖЭО мен ГРЭС-тер жыл сайын 60 млн тонна көмір жағады.
«Жағдайды тек АЭС қана түзете алады. Қазақстанда АЭС салу мен жаңартылған энергия көздерін (ЖЭК) енгізу энергетикалық қауіпсіздіктен туындап отыр. Болжамды балансқа сәйкес, қажетті резервті қоса алғанда 2022 жылы дефицит 1,3 ГВт деңгейінде болады деп күтіліп отыр. Тұтыну көлемі артады. Ал генерациялау құралдары тозып жатыр. Қазіргі күні еліміздегі генерациялау құралдарының жартысынан көбінің пайдалану мерзімі 30 жылдан асып кетті», - деді ҚАЭС.
Бұған қоса, компания шекаралас мемлекеттерден энергия жеткізуге тәуелділік байқалатынын айтады.
Қазақстандағы энерготапшылықты жабу үшін электр энергиясын РФ-нан жеткізеді. Ресейдің энергия жүйесінен Қазақстанға қуат ағыны 1300 МВт құрайды, ал келісілген көрсеткіш 150 МВт. Көрші мемлекеттерден энергия жеткізуге тәуелділіктің артуына жол беруге болмайды, ол еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне теріс әсер етеді. Бұл жағдай қарапайым тұтынушылар үшін электр энергиясының қымбаттауына әкеледі. Осыны ескере отырып, Қазақстанда АЭС-ке балама жоқ деген ұйғарымға келеміз, - деп қосты ҚАЭС.
Қоғамда АЭС тақырыбында қатысты екі түрлі пікір бар. 40 жыл бойы Семей полигонының зардабын тартқан халықта радиофобия бар. Сондай-ақ жобаның құны қазірдің өзінде 10 -12 млрд доллар көлемінде бағаланып отыр. Қазақстандағы ірі жобалардың барлығы дерлік коррупциямен аяқталғанын көрген халық бұл жобаның қаржысы талан-таражға түседі деп қауіптенетінін жасырмайды. Сондай-ақ салынған күннің өзінде атом электростансасынан шығатын радиациялық қалдықты утилизациялау мәселесі қалай болады деген сұрақ жауапсыз қалып отыр.
Есесіне, қолдайтындардың басты аргументі Қазақстанда АЭС-тің негізгі шикізаты уран қоры жеткілікті. Алайда уран қоры мен өндіріс көлемінің болуы АЭС салудың экономикалық орындылығын білдірмейді. Мәселен, әлемде уран қоры бойынша үшінші орындағы Австралияда бірде-бір атом электр станциясы жоқ.
«МУЛЬТИПЛИКАТИВТІ ӘСЕР БЕРЕДІ»
Қазақстандық ядролық физик ғалым Әсет Махамбетовтің айтуынша, бүгінгі күні атом стансасын салу үшін елімізде қалыптасқан база бар.
«Қазірдің өзінде Қазақстанның АЭС салуға дайын болуы үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізде өте жақсы база бар. Қазақстанда ядролық-отын циклы айтарлықтай дамыған. Уран өндіру бойынша көшбасшымыз, бізде үш зерттеу реакторы бар, оларды пайдалану бойынша өте жақсы тәжірибеміз бар. Өкінішке қарай, халықтың көбінің бұдан хабары жоқ. Бірақ Қазақстанда 1973-1999 жылдар аралығында БН-350 реакторы қауіпсіз пайдаланылды», - деді ғалым.
Сонымен бірге ғалым атом электр стансасы тек энергетиканы ғана емес, сонымен қатар сабақтас салаларды дамыту үшін мультипликативті әсер береді деген пікірде. Өйткені станса құрылысы кезінде өнеркәсіп пен ғылымның әртүрлі салалары тартылатын болады. Қазір Қазақстанда ядролық физика бойынша мамандарды екі жоғары оқу орнында маман даярланып жатқанын еске салды. Сондай-ақ, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.
Егер таза энергетикалық қажеттілікті ескеретін болсақ, онда талдау 2035 жылға қарай 2,7 ГВт дейін қуат салу қажет екенін көрсетеді. Бұл жалпы Қазақстан үшін қажетті қуат. 2028 жылға қарай оңтүстік аймақта шамамен 1400 мегаватт тапшылық күтілуде, ол солтүстіктен келетін ағындармен жабылады, - деді ол.
Бұған қоса, спикер АЭС парниктік газ шығармайтынын айтады.
«Қуаттылығы 1000 МВт-тан асатын реактор бұл шығарындыларды шамамен 4 миллион тоннаға азайтады. Бұл өте үлкен көлем. Содан кейін АЭС заманауи құрылысы жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді. АЭС пайдалану кезінде аралас салаларда әрбір жұмыс орнына 10-ға дейін жаңа жұмыс орны құрылатын айта кету керек. Яғни, атом стансасы қала құраушы кәсіпорын болады», - деп қорытындылады Әсет Махамбетов.
«ҚАЗАҚСТАНДА АЭС САЛУ МҮМКІНДІГІН КӨРІП ТҰРҒАНЫМ ЖОҚ. БІРАҚ...»
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ бұрынғы төрағасы Мұхтар Жәкішевтің пікірінше, климаттың өзгеруін қаламайтын елдер жасыл энергия көздерін салуы керек.
«Электр энергиясын тұтыну жылдан жылға көбейіп келеді. Ал қазіргідей көмір мен газдың шығарындыларымен кете берсе, жағдай ушығып, тіпті АЭС салудағы қорқыныш бізге түкке тұрғысыз болып көрінбек. Климат өзгеріп, дауыл көбейеді. Халық оның салдарының қандай болатынын елестете алмайды. Табиғи катаклизм, су тасқындары көбейіп, тұтас континенттерді шайып кетуі мүмкін. Ол кезде АЭС салу керек пе, жоқ па деген сұрақ болмайды», - деді Мұхтар Жәкішев Алматыда Кайдзен орталықта өткен кездесуде.
Оның пікірінше, қазір әлемдегі ең сенімді энергиясы көзі атом энергиясы болып отыр.
«Жасыл энергия туралы айтқанда Германиядан үлгі алғандар көп. Олар қажетті қуаттың 34 пайызын жасыл энергиядан алып отыр дейді. Егер күн немесе жел болмаса, олар резервті Франция немесе басқа да жақын орналасқан еуропалық мемлекттерден алады. Өйткені оларда бірыңғай энергетикалық жүйе бар. Франция энергияны АЭС-тен, Польша көмір стансаларынан алады. Бізді кім резервтейді? Жасыл энергияға сендік дейік, күн мен жел болмай қалса кімнен сұраймыз? Біз жалғызбыз, көмек сұрайтын ешкім жоқ. Қазақстанның территориясы бүкіл Еуропаның аумағын алып жатыр. Ол жақта энергожүйе көп, кез келген нүктеден алуға мүмкіндік бар. Сондықтан тұрақты емес жасыл энергетика бұл саланың орнын баса алмайды», - деп қосты Жәкішев.
Мұхтар Жәкішев еліміздегі атом стансасын қай мемлекет салса да, алдымен дайындығын (барлық жабдықтарын) көрсетуді талап ету керек деп есептейді.
Қазір санкциямен басы қатып жатқан Ресейге біздің АЭС-тің керегі бар деп ойламаймын. Өйткені атом стансасына қажетті бөлшектер қазір санкциялық болып отыр. Егер бізге ресейліктер станса салайық десе, онда барлық жабдықты көрсетуін сұрауымыз қажет. Қазір бастап алып, ертең біткенге дейін қажетті компонеттерді әкеліп қояды деп үміттеніп отыруға болмайды. ...Менің ойымша қазір Ресей Қазақстанда АЭС салуға мүдделі емес. Санкция өзінің рөлін атқарды. Себебі онда 100 пайыздық локолизация жоқ.Онсыз АЭС салу мүмкін емес. Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігін көріп тұрғаным жоқ. Бірақ атом стансасының болашағы барын жоққа шығармаймын. Өйткені әлемде мұндай тұрақты жасыл энергия жоқ, - деді «Қазатомөнеркәсіптің» экс-басшысы.
«ЖЫЛ САЙЫН 675 МЛРД ТЕҢГЕ АРТЫҚ ТӨЛЕЙМІЗ»
Экономист, «KEGOK»-тің бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Оның пікірінше, атом энергиясы қолжетімді энергиялардың ішіндегі ең қымбаты. Сондықтан оны салуды қате шешім деп есептейді.
Барша қазақстандықтар оған қарсы шығу керек. Себебі биліктегілердің осы шешімі үшін жыл сайын 675 млрд теңгеден төлейтін боламыз. Атом стансасы өте қымбат. Құрылысы қымбат болғанымен, АЭС өндіретін энергия арзан болады деген өтірік. Әлемде арзан атом энергиясы болған емес. Бұл халықты алдау үшін ойластырылған схема. Егер қазір бұл шешімге қарсы тұра алмасақ, әр қазақстандық жыл сайын 35 мың теңге төлейтін болады. Сондықтан оған тосқауыл қою маңызды. Әйтпесе, бір жыл ғана емес, 25 жыл бойы 675 млрд теңгеден төлейтін боламыз. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін төлейді деген сөз, - деді ол.
Сонымен бірге сарапшы АЭС салуға ниет танытып отырған жеткізушілерге қатысты пікір білдірді.
«Бірде-бір жібі түзу жеткізуші жоқ. Себебі ол өте қымбат электр энергиясы. Бәріміз де Президенттен бастап, барлық шенеуніктер ресейлік технологияны сүйреп жүргенін көріп отырмыз. Оны мойындауымыз керек. Бірақ оның орнына олар алты жеткізушілен тұратын лонг парақша болған еді. Қазір төртеуі қалды. Ең соңында Ресей қалады. Мұны алдын ала біліп отырмыз. Өйткені бұл жобаның артында Ресейдің лоббиі тұр, олар біздің есебімізден жыл сайын 675 млрд теңге пайда тапқысы келеді. АЭС-тен пайда көретін біз емес, Ресей екенін түсіну керек», - деп қосты Наурызбаев.
Еске сала кетейік, өткен аптада Ақордада өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Президент Тоқаев елдегі қауіпсіз атом және сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі шараларға тоқталды. Атап айтқанда, Президент Түркияның «Аккую» АЭС-ін салудағы тәжірибесін жан-жақты зерделеуді тапсырды. Ал «Аккую» АЭС-сын 2018 жылдан бері ресейлік «Росатом» салып жатыр.
«Бүгінде «Аккуюда» электр энергиясы киловатына 60 теңге. Қазір олар бұл жобадан миллиардтаған ақша табуы мүмкін. Алайда халықтың жылдар бойы өте көп ақша төлеуіне тура келеді. Соғыс басталғаннан кейін батыс мемлекеттері Ресейге санкция сала бастады. «Росатомға» әзірше санкция салынған жоқ. Бірақ соған қарамастан, «Росатомның» стансаны қалай салатынын білмейміз, себебі оның автоматика бойынша қажетті технологиялары жоқ. Сол себепті Ресей үшін проблема туындайды. Әзірге білетінім, қазақстандықтардың электр энергиясы үшін артық ақша төлегісі келмейді», - деп қорытындылады Әсет Наурызбаев.