Елде бүлік шығарып жүрген ағым өкілдері кімдер?
Бейбіт шерудің соңы лаңкестермен күреске ұласып кеткен Алматыдағы оқиғаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қасіретті қаңтар» деп атады. Бас прокуратураның мәліметінше, елде жалпы саны 4,5 мыңдай адам жапа шексе, соның ішінде 255 адам қаза тапқан. Алматыда көз жұмған 149 адам да сол санның ішінде. 149-дың 11-і – полиция қызметкері. Лаңкестермен күрес ел аумағында әлі де тоқтаған жоқ. Бірақ, күштік құрылымдар қандай топтардың көзін жойып жатқаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Ендеше бүлік шығарып жүрген ағым өкілдері кімдер? Осыған қатысты танымал дінтанушылар не дейтінін Halyq Uni тілшісі біліп көрді.
«ТAБЛИҒШЫЛАР МЕН УАХАБШЫЛАР БАЙҚАЛАДЫ»
Дінтанушы Тимур Нүсіпханұлы Алматыдағы оқиғаға қатысы барлар ресми айтылмаса да, көріп жатқан жаңалықтардан екі түрлі жамағаттың бар екені байқағанын айтады.
Біріншісі – таблиғшылар. Өйткені, кейбір жаңалықтарда «Фазали амал» деген таблиғшылардың оқитын негізгі кітабы, пәкістандық киім үлгілері көрініс тапты. Екіншісі – салафилік сипаттағы уахабилік көзқарастағы жамағат. Екінші көзқарастағылар тіпті сақалын да қырып тастаған деген ақпарат айтылып жатыр. Дегенмен, мұның бәрі олармен тікелей профилактикалық жұмыс жүргізу барысында анықталады. Өйткені, әлі күнге дін саласындағы мамандардың пікірін алу мақсатында олармен жеке кездесу, сұхбат жүргізілген жоқ, – дейді ол.
Оның сөзінше, салафиліктің кейбір асқынған «тәкпірші хижра» деген тобына тыйым салынғанымен, негізгі «мадхали» («байсалды» деп те атайды) түрі әлі күнге заңмен тыйылмады. Оның себептері де бар. Саудияның негізгі ресми ұстанымы болғаннан кейін халықаралық, экономикалық байланыс керек.
Кейбіреулер талибандар да бар деп жатыр. Талибандар ашық кіре алмауы мүмкін. Бірақ сол көзқараста, соған жақын сенімде болған бұл – таблиғи жамағат. Оған 2013 жылы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен біздің аумақта тыйым салынған, – дейді сарапшы.
«ӨЗДЕРІНЕ ҚАУІП ТІРЕЛГЕНІН БАЙҚАҒАН СИЯҚТЫ»
«Тәкпірлік көзқарастағы адамдар бар ма жоқ па, белгісіз. Бірақ Қазақстандағы болып жатқан оқиғаға байланысты Сирияға, Шамға жиһадқа шақырушы ұстаздарының уағыздары осыдан 6-7 күн бұрын Youtube желісінде тарады. Онда Қазақстандағы жағдайдың ушыққандығын, алғашқы басшымыз Назарбаевтың күпірлік жолында болғандығын, кәпір болғандығын, қазіргі президенттің де толық ақиқат мұсылман еместігін, Алматыда болған оқиғаны пайдаланып, өз халқын – мұсылмандарды қырғанын айтып жатыр. Салафиліктің осындай тәкпір көзқарасындағы асқынған тұстары да бар», – дейді Тимур Нүсіпханұлы.
Екінші жағынан, оның сөзінше, бұларға қарсы салафиліктің «мадхали» («байсалды») бағытындағы Саудиядағы салафилік ұстанымындағы қазақ жігіттері де бой көрсеткен. Олар президенттің ұстанымында болу керек, басшыға қарсы бүлік шығаруға болмайды деп жатыр екен.
Демек, жамағаттар өзара қарсы көзқараста болып жатса, бұлар өздеріне қауіптің бұрылып тұрғанын байқағандығының белгісі шығар?! – дейді дінтанушы.
«ТЕРРОРШЫЛАР АРАСЫНДА САЛАФИТТЕР МЕН ТАБЛИҒШЫЛАР БОЛУЫ МҮМКІН»
Дінтанушы Талғат Жақиянов та фейсбукте терроршылар арасында 2 діни топ өкілдері: салафиттер мен таблиғшылар байқалатынын жазған.
«Бұл екеуі бүлікке бірге қатысты. Көптеген сарапшы «бұл екеуінің басы бірікпейді, себебі салафиттер таблиғтарды мойындамайды әрі қаны қас» деп есептейді. Әрине, солай. Салафиттер, ең алдымен, мазхабтарды мойындамайды, дінбұзарлық деп санайды. Ал таблиғтар – ханафиліктің деобандық мектебінің өкілдері. Талибандар сияқты. Алайда Ауғанстанда «Талибан» қозғалысы билікке жету үшін өз қарамағына салафиттік «Ислам мемлекеті», «әл-Каида», т.б. террористік топтарды біріктіре алды. Оларды біріктірген ең басты ортақ мақсат – Халифат (ислам теократиялық мемлекетін) құру идеясы! Ал қазір Талибан мақсатына жеткен соң ғана халықаралық қауымдастықтың талабымен салафизммен күрестің имитациясын жасауда (бұл шынымен имитация, себебі салафиттік топтарды қатты қыспаққа алса, ішкі жауын көбейтеді әрі өзі де қатарын сиретіп әлсірейді). Біздің соңғы жағдайымызда да салафиттер мен деобандық бағыт өкілдерінің ортақ мақсатта бас қосу тәжірибесі байқалды», – дейді сарапшы.
Оның жазуынша, салафиттердің қай тобы болсын, Халифат идеясын ұстанушылар. Олардың ақидасы, шейхтары, оқитын кітаптары да ортақ. Сондай-ақ, елімізде деобандтық топтар да қалыптасқандығын айтады. Тіпті, бірнеше қылмыс жасап та үлгерген. Онымен бірге, қызметіне тыйым салынған таблиғтар да жандана түскен.
«20 МЫҢ ТЕРРОРИСТ» – РАЙЫНАН ҚАЙТПАЙТЫН САЛАФИТТЕР БОЛУЫ МҮМКІН»
Белгілі дінтанушы Досай Кенжетайдың пікірінше, бізге беймәлім күштер осы уахабизм, салафизм секілді радикалды діни ұйымдарды қолданғанға ұқсайды. Өйткені, оның айтуынша, 1998 жылдан бері салафизм мен уахабизмді біздің билік өз қамқорлығына алған. Ондағы мақсат, кейбір әлеуметтік дүмпулер кезінде осындай уахабилік, салафилік топтарды қолдана салу керек дегендей.
Уахабилік тенденция бір бөлек. Ал енді таза салафилік бағыттағы райынан қайтпай жүрген радикалдардың саны, меніңше, Тоқаевтың «20 мың террорист» деп жүргені сол 20 мың қайтпас салафилер ме деп ойлап отырмын. Өйткені ҰҚК олардың қай жерде екенін, аты-жөніне дейін жақсы біледі, тізімге алып қойған, – дейді Досай Кенжетай.
Оның сөзінше, екінші бір нұсқа, Алатау төңірегінде көптеген лагерь болды. Олар сол жерде жаттықты. Жаттығып жатыр дегеннің ақиқаты да бар. Себебі, бізде көптеген клан бар, отбасына қатысты деген сықылды. Олар байлығын, абыройын, территориясын сақтау керек. Оның бәрінің тізімін полицияға бермейді. Сол кезде осындай салафизм, уахабизмменен жүргендерді де қолдануы мүмкін. Сол мақсатта бағып-қағып, үйреткендігін айтады.
Сондықтан мен Алматыда болған дүрбелеңді сондай бір қарсылықты диалектикалық күштердің кесірінен болған, солар қолданылған құбылыс ретінде бағалауға болады деп ойлаймын. Олардың мақсаты дүмпуді басу емес, елдің бағытын басқа жаққа бұрып жіберу керек болды. Халықтың күшімен қазіргі билікке өзінің бар екендігін көрсету, өзін мойындатқысы келді. Билік оларға «үстелге отырайық» деп айтады деп ойлады. Бірақ билік мародерлермен, террористермен келісімге отырмайтынын айтты, – дейді маман.
«ФЕТХУЛЛАХШЫЛАР МЕН УАХАБИСТЕР МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНҒЫСЫ КЕЛУІ МҮМКІН»
Досай Тұрсынбайұлының айтуынша, мамандар осы жағдайға қатысты әлі де жан-жақты сараптамаларын жазып жатыр. Біреулер уахабизмді, «Таблиғи жамағатты», «Лашкари тайибаны» жазса, соңғылардың бірі ішінде фетхуллахшылар да бар деген пікір қалдырған.
«Олар 2015 жылы Түркияны төңкерді. Қазір Қазақстанда да дайындалып жатыр, даму үстінде. Президент аппаратынан бастап, министрліктер, облыстық әкімдіктер – иерархиялық саяси органдардың бәрінде фетхуллахшылардың өкілдері көбейді қазір. Одан бөлек, саудада, базардың бәрінде көп. Жалпы сол фетхуллахшылар мен уахабилердің арасында диалектикалық параллелизм бар, жарыс бар. Бәрі билікке таласып жүр. Сондықтан фетхуллахшылар да, уахабистер де осы мүмкіндікті пайдаланып, билікке таласқан ұмтылыстары болды-ау деп ойлаймын», - дейді дінтанушы.
Себебі қазір мамандардың барлығы уахабизмді, «Таблиғи жамағатты», «Лашкари тайибаны» және осы фетхуллахшыларды айыптауға көшкен.