Елімізде 350 мыңға жуық қазақстандық ойынқұмарлықпен ауырады
Соңғы жылдары ел аумағында казино, букмекерлік кеңселер және басқа да "құмарлық дилерлерінің" қызметтері спорт, мәдениет немесе өнер саласындағы қызметтерден едәуір асып түсті. Бұл ретте құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру саласындағы қызмет көрсеткіштері бірнеше есе өсті, – деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
2021 жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі 73,9 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда құндық мәнде 6% - ға аз (ол кезде көрсеткіш рекордтық 78,6 млрд теңгеге жетті). 2020 жылы сектордағы елеулі өсім төртінші тоқсанда байқалды, сол кезде көрсетілетін қызметтер көлемі бірден 59,4 млрд теңгеге жетті. 2021 жылдың 4 қаңтарынан бастап барлық букмекерлік кеңселерге осы саладағы қызметті заңдастыратын ставкаларды есепке алу орталығы (СЕО) арқылы жұмыс істеу талап етілгеннен кейін соңғы екі жылдағы көрсеткіштер бірден өскенін атап өту қажет.
finprom.kz порталы сарапшыларының мәліметінше, 2022 жылдың бірінші тоқсанында құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі 138,8 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,4 есе артық және тұтастай 2021 жылдағы көрсеткіштен екі есеге дерлік артық. Бұл құмар ойындар ел аумағында кеңінен тарап, өсу қарқынының ұлғайып жатқанын әрі бұл салаға қарапайым халықтың көптеп тартылып жатқанын көрсетеді.
Салыстыру үшін: құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі Спорт, демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру саласындағы көрсеткіштен 21,3%-ға артық, ал кітапханалар, мұрағаттар, мұражайлар және өзге де мәдениет объектілері көрсететін қызметтер көлемінен 9 есе артық және шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласындағы көрсеткіштен 12 есе (!) артық.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, лудомания ресми түрде психикалық ауру деп танылған. «Құмар ойындармен күрес бойынша кешенді шаралар қабылдау туралы» депутаттық сауалында Премьер-министрдің орынбасары 350 мыңға жуық қазақстандық қазірдің өзінде лудомандар болып табылатынын, олардың көпшілігі — жасөспірімдер екенін атап өтті.
Оның айтуынша, еліміздегі бір ойыншының орташа қарызы шамамен 10 млн теңгені құрайды. Бұған қоса Қазақстандағы 10 отбасының 7-і құмар ойынға байланысты ажырасып отыр, осы мәселеге қатысты қылмыстық істер мен суицид жағдайлары да жиілеп кетті. Бұл ретте заңнамада осы қызметтерді жарнамалауға тікелей тыйым жоқ екендігін айту қажет. Өз кезегінде Үкіметте ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу мәселелері талқыланды, онда онлайн-казино сайттарының оңай қолжетімділігі мен кеңінен таралуы халықтың құмар ойындарға тартылуының негізгі себептеріне айналғаны атап өтілді.
Естеріңізге сала кетсек, казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар, сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассалары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысында Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады.
Мамандардың айтуынша, аталған сектордағы қызметтер көлемі Алматы облысында 2022 жылдың бірінші тоқсанында 131,3 млрд теңгені, ал Ақмола облысында 7,6 млрд теңгені құрады.