×

Ғылымды дамыту орталығы. «Самұрық-Қазына» ішінен тағы бір жаңа мекеме құрылмақ

Компаниядағы өзгерістер жалғасып жатыр

 Айнұр Шошаева 22.06.2022 | 15:50
фото: ашық дереккөзден

Ұлттық әл-ауқат қорының жаңадан ашылып жатқан Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығының штаты мен бюджеті жайлы белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Атап өтсек, биылғы қаңтарда Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жұмысын сынап, қор жұмысын қайта құруды тапсырған болатын. 

Қызмет құны өте қымбат консалтинг компанияларын әрі шетелдік мамандарды жұмысқа тартудың пайдасы қанша? Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, «Самұрық-Қазынаның» жұмысына қатысты квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер «Самұрық-Қазына» жұмысын реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны дұрыс, – деген еді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың сынынан кейін қор басшылығы ұйым жұмысын реформалап, корпоративтік орталық қызметкерлері санын екі есе қысқартты. Нақтыласақ, штаттық қызметтер 177-ден 124-ке дейін қысқарып, 71 аутстаффинг келісімі толық жойылды. Сонымен бірге басқарушы қызметтер 10-нан 5-ке дейін, ал құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге дейін қысқарды.

Жақында компания жаңа Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы ашылатынын мәлімдеді. Осыған орай редакция жаңа орталықтың штаты мен бюджетіне қатысты қордың баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.

«Қазір Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы қалыптасу кезеңінде тұр. Әзірге орталықта 3 штаттық орын бар әрі қажеттілік туындаған жағдайда салалық эксперттерді қысқа мерзімді келісім-шарт арқылы жұмысқа тарту қарастырылған. Жыл соңына дейін орталық жұмысын саралап, іске асқан жобалар және іс-шаралар негізінде штаттық орындарды арттыру жоспарланып отыр», - деді баспасөз қызметі.

Бұған қоса компания жаңа орталықтың қалай қаржыландырылатынын түсіндірді. Айта кетейік, еліміздің Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексіне сәйкес, Қазақстандағы жер қойнауын игеруші компаниялар шикізат өндіруге жұмсалатын шығынның 1%-ын ғылыми-зерттеу әрі эксперименталды-жобалау жұмыстарына бағыттауы тиіс.

Осы ақшаны тиімді және транспарентті түрде пайдалану жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін қор өзінің портфельдік компанияларының қаражатын бір орталыққа жинап, ғылыми жобаларды дамытуға серпін беруді жөн көрді. Орталықтың құрылуы Президент, меморгандар тарапынан келісілген. Орталық өндірісте шешімін таппай тұрған проблемаларды ғылыми қауымдастық талқысына салады әрі мәселенің шешімін ұсынған ғалымдарды ашық конкурс арқылы іріктейді, - деп толықтырды «Самұрық-Қазына».

Сонымен қатар қор ғылыми орталықтың бюджеті жайында сауалға жауап берді.

«Орталықты құру үшін оның жарғылық капиталы ретінде 50 млн теңге бөлінген. Басқа қаржы әзірге қарастырылмаған. Бүгінде орталық қаржыландыратын 10 ғылыми жоба белгіленген. Олардың барлығын портфельдік компаниялар мен қордың ғылыми-техникалық кеңестері бекітті.  Оның ішінде қоңыр көмірді жерасты газдандыру, вольфрамды сілтісіздендіру, кесек күкірттен фунгицид өндіру, мұнай ерітіндісінен литий өндіру, ескірген уран кен орындарынан алтын іздеу мен басқа да жобалар бар», - деді «Самұрық-Қазына».

Бұған дейін еліміздегі жер қойнауын пайдаланушылар ғылыми-зерттеу жобаларға бағытталған ақшаны тікелей ғылыми зерттеумен айналысатын мекемелерге бағыттап келген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама