Halyq Uni логотип
×

Маңғыстаулық шенеуніктер жер иесінен сотта жеңіліп қалды: салынған тұрғын үй кешендері сүрілуі мүмкін бе?

Ақтауда бірнеше жылдарға созылған жер дауына нүкте қойылды

 Динара Амантай 17.06.2022 | 16:27
Маңғыстаулық шенеуніктер жер иесінен сотта жеңіліп қалды: салынған тұрғын үй кешендері сүрілуі мүмкін бе?
Фото: Halyq Uni

Ақтаудағы жаңа құрылыс кешендері, яғни жеті шағын аудан жекеменшік жерге салынған. Жер аумағы тиесілі компания маңғыстаулық шенеуніктерге қарсы Жоғарғы сотта қаралған істе жеңіп шықты. Время басылымның мәліметінше, әзірге тұрғызылған нысандарды бұзу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

ОРЫНДАЛМАЙ ҚАЛҒАН ЖОСПАР

Еске сала кетсек, даулы 1,4 гектар жер телімі 2007 жылы атышулы Aktau city жобасына бөлінген болатын. Алайда бұл жобаға инвестиция құюға ынталы инвесторлар табылмады. Содан кейін нарықтағы дағдарыс басталғаннан кейін билік Түркиядағыдай курорттық аймақ салу идеясынан бас тартты. Жобаға бөлініп қойған халықтың ақшасын игеруге тырысқан жергілікті билік мәселенің шешімін жылдам табуға тырысып баққан.

Ал, Aktau city жобасына бөлінген жер телімі бастапқыда Kazemir Aktau Development Almaty компаниясына тиесілі болған. Одан кейін оны «Каспий даму орталығы» ЖШС басқа бір ауқымды жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алады.

Алайда, жер телімінің иелері жоспарларын қалай жүзеге асырамыз деп жүргенде, Ақтау қаласының бас жоспары өзгеріске ұшырады. Ол бойынша бұл аумақта тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар пайда болуға тиіс еді. Осы мақсатта жергілікті билік өкілдері «Каспий даму орталығы» ЖШС-ның жер телімін мемлекет меншігіне тартып алды. Алайда компания қала басшылығының мұндай шешімімен келіспеді, себебі билік оларға орнына басқа жер беру түгілі өтемақы төлеуді де ойластырмаған.

Осы жерде айта кететін жайт, кезінде «Каспий даму орталығы» ЖШС бұл жерлерді аукцион арқылы 550 миллион теңгеден астам сомаға сатып алған. Бұл ретте мекемеге жер телімін сатып алу үшін ақшаны «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ келісімшарт негізінде уақытша қаржылық көмек ретінде берді, өйткені қор осы компанияның тең құрылтайшысы.

ӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҚҚАН ОЗАР

Компания басшылығы ұзақ уақыт бойы құзырлы органдармен келіссөздер жүргізуге тырысып, оларға түрлі ұсыныстармен қайта-қайта хат жолдаған. Әрекеттері сәтсіз аяқталған соң, сотқа шағым түсіру арқылы мәселені шешуді ұйғарды. Бірнеше жылдар бойы судьялар шешімдерін әкімдіктің пайдасына шығарып беріп отырған. Мекеме сот пен Бас прокуратурадан әділдік іздеп жүргенде, оның жер телімінің үстіне тұрғын үйлер, оның ішінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй кешендері салынған. «Әліптің артын баққан озар» демекші, биыл Жоғарғы сот бұл дауға жерді заңды иесіне қайтару арқылы нүкте қойды.

Басылымның жазуынша, бірнеше жыл бойы жер теліміне ие болу құқығын сотта даулап келген компания Жоғарғы сотта жеңіске жеткен. Енді Ақтауда бой көтерген жаңа шағынаудандардың көпшілігін кез келген уақытта, өте заңды негізде сүріп тастауға болады екен. Басы дауға қалған қала билігі не істерін білмей отыр. Шенеуніктер бұл жағдайдан шығудың жолын жедел іздестіріп жатыр.

Біз қазір өте қиын жағдайдамыз. Картаны жасадық, 17, 18, 19 а, 20, 20 а, 30, 33 ықшамаудандар орналасқан жер серіктестікке тиесілі екен. Онда көптеген аудандар бар. Қалай болғанда да, сот шешімі бар, біз оны орындауға міндеттіміз. Қазір бұл мәселемен заңгерлеріміз айналысып жатыр, – дейді Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ерлан Сәркенов.

ТҰРҒЫЗЫЛҒАН ҮЙЛЕР СҮРІЛЕ МЕ?

Жердің иесі әкімдіктерге кепілдік хат жолдады, оған сәйкес мекеме жеке және заңды тұлғаларға жерді алып қою бойынша талап-арыздарын қоймайтыны айтылған. Сондай-ақ хатта «Каспий даму орталығы» ЖШС-ның қазіргі жер иелеріне қарсы іс қозғауға немесе сотқа шағым түсіруге ниеті жоқ екені айтылады. Серіктестік қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың балансындағы жер учаскелерін қоспағанда, үшінші тұлғалардың меншігінен тыс жер учаскелерін ғана пайдалануды көздеп отыр.

«Қазір түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Салынып басталған нысандар соңына дейін тұрғызылады. Біз бұл учаскелерді бұрын сатып алған үшінші тұлғаларды ешбір жағдайда алаңдатпайтынымызға кепілдік бердік», – деді «Каспий даму орталығы» ЖШС бас директоры Сәуле Бектемісова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама