Ең қатты қымбаттаған: пияз бен қырыққабат және құмшекер
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде әлеуметтік маңызды азық түрлерінің ішінде былтырдан бері ең қатты қымбаттағаны қант емес, қырыққабат екен. Республика бойынша орташа бағасы екі еседен де артық (215%) өскен. Одан бөлек, пияз (168,9%) бен құмшекер (164,3%) де құны тым артып кеткен өнімдер болып шықты.
Мамырдың 31-і күнгі ресми мәлімет бойынша, барлығы 19 азық түрін қамтитын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жиынтығы жыл басынан бері 15,8%-ға, ал былтырдан бері 19,7%-ға қымбаттаған. Онсыз да елге ең қажетті азық-түлік түрлерінің ішінде бағасын ең көп өсірген алдыңғы үшеуінен бөлек ет (сиыр еті ғана кіреді) пен қарақұмық жармасы да бар (екеуі де 128,7%).
Семейде тұрақтандыру қорында қырыққабат таусылды
Қырыққабат құнының өсім қарқыны қатты байқалған жері – Семей қаласы. Онда бір жыл ішінде бағасын екі жарым еседен аса (252,7%), оның ішінде жыл басынан бері екі еседен аса (213%) өсірген.
Оның себебін түсіндірген қала басшылығы тұрақтандыру қорында қырыққабаттың таусылып қалғанын айтады. Бағаның өсуіне соның әсері тиген. Айталық, былтыр қараша айында әкімдік «Ертіс» ӘКК-мен қырыққабатты 82 теңгеден жеткізіп отыру жөнінде келісімшарт жасасқан. Сол бағада бекітілгендіктен жыл басынан бері нарық қалыпты бағасын ұстап келіпті. Ал келісім мерзімі мамыр айына дейін ғана болғандықтан тұрақтандыру қорында қырыққабат таусылып қалған. Соның салдарынан баға аяқасты өсіп кеткен. Тағы бір себебі, маусымдық баға өсімі.
Маусым айы басталғалы тұрақтандыру қоры оңтүстік өңірлерден сатып алып жатыр. Соның әсерінен баға қазірдің өзінде 3-4% төмендеді. Біздің өңірде бағасы 200%-дан аса өсіп кеткені тек қырыққабат қана. Әлеуметтік маңызды азық түрлерінің қалған түрлері бойынша бағада айтарлықтай өсім жоқ. Мысалы, күнбағыс майы жыл басынан бері 2,6%-нан 9% ғана өсті, – дейді Семей қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жәнібек Мұқатаев.
Ал елдегі ең қымбат қырыққабат Ақтауда сатылады. Статистикалық мәлімет бойынша, ондағы бұл көкөніс түрінің бір келісі орта есеппен 255 теңгеден сатылып жатыр.
«Кеншілердің жалақысы жоғары болғандықтан баға да өсті»
Ал пиязға келсек, жыл бойы бағасын екі есеге дейін көтерген Петропавл қаласы болып шықты. Оның ішінде жыл басталғалы орташа бағасына 73% қосып алған. Ақтөбеде де бір жылда екі еседей қымбаттаған. Өсім қарқыны осы өңірлерде қатты көтерілсе де еліміздегі ең қымбат пияз қазір Жезқазғанда сатылып жатыр. Онда бір келісі шамамен 205 теңге тұрады.
Жезқазған қаласы басшылығы оған бірнеше себепті атады. Біріншіден, Жезқазған, Қарағанды мен Қызылорда қалаларынан 550-600 шақырымдай қашық. Пияз бен қырыққабаттың қымбаттауына негізгі себеп, осы азық түрлерін әкелетін кәсіпкерлер Қарағандыдағы «Шығыс базары» дейтін көтерме-тарату орталығынан тасиды. Өйткені, оңтүстіктен келетін тауарлар алдымен сол жерге апарады. Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Жаңаарқалық тасымалдаушы кәсіпкерлер сол жерден барып алады.
Екіншіден, «Шығыс базарында» көтерме баға өсті. Ол жерде 5-10 теңге көтерілсе, бізге әсер етеді. Тасымалдаушылардың жолақы мен салығы, жалға алу ақысы тағы бар.
Үшіншіден, Сәтбаев пен Жезқазған өңірінде көбіне кеншілер тұрады. Жалақылары батыс өңірлердегілерге жетпейді. Дегенмен, салыстырмалы түрде жоғары болғаннан кейін азық-түлікке жоғары сұраныс қалыптастырып, содан баға көтеріледі екен.
Олар енді қырыққабат бағасының түсуін болжап отыр. Себебі, оңтүстік өңірдегілер ақпан айынан бастап көкөністі жылыжайда өсіреді. Сол жақтардан жаңа өнімдер осы айдың ішінде келуі тиіс. Соның арқасында бүкіл ел аумағында, соның ішінде Жезқазғанда да баға түсуі керек деген ойда.
Диқандардың қант қызылшасын егуге қаражаты жоқ
Ал елді дүрліктірген қанттың (құмшекер түрі) бағасы 2021 жылдың мамыры мен биылғы мамыр аралығында Шымкентте 86%-ға дейін көтерілген. Айта кетейік, қант демекші, әлеуметтік маңызды азық түрлерінің ішіне қанттың тек құмшекер түрі ғана кіреді. Құмшекер оңтүстік мегаполисте құнын қарқынды еселеп жатқанымен, ең қымбат құмшекер Алматы мен Семей дүкендерінде тұр. Екі қаладағы орташа баға келісіне 480 теңгеге жеткен.
Басқа да көптеген азық-түлік тауарлары секілді қантты да Қазақстан шетелден импорттайды. Ресейден келетін қанттың азаюы қазір бағаның өсуіне тікелей әсер етіп отыр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қант қызылшасы егістігін көбейтуге қаражат керек. Диқандардың өзінде ондай мүмкіндік жоқ. Екіншіден, қызылша – ылғалды көп қажет ететін көкөніс. Ал бізде ол жағынан да қиындық бар. Оның үстіне, отандық суару технологиясы қарабайырлығы да қолбайлау болып отыр.