Halyq Uni логотип
×

Консервіленген киік еті: сарапшылар БҚО-дағы бастаманың артында лобби тұрғанын айтады

Батыс Қазақстан облысында 2019 жылдан бері киік саны 4 есеге жуық көбейген

 Ербол Тұрымбет 15.06.2022 | 17:10
Консервіленген киік еті: сарапшылар БҚО-дағы бастаманың артында лобби тұрғанын айтады
коллаж: Halyq Uni

Мамандар облысқа 250-300 мың бас қана сыятынын айтады. Ал көктемгі әуе санағы бойынша Орал популяциясы 801 мың басты құрайды.

Аулауға рұқсат берсе, Жаңақала ет комбинаты киіктердің тұтас етін қабылдауға ынта білдіріп отыр. Сонымен қатар «Кублей» ет комбинаты киіктердің етінен бөлек терісі мен ішек-қарнынан консервіленген өнім жасауға дайын.

КИІКТЕРДІ АУЛАУДЫҢ ЕКІ ЖОЛЫ

Киік аулауға 2023 жылға дейін тыйым салынған. Тыйымды тек Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсаты ғана алып тастай алады. Комитет басқармасының бас сарапшысы Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, киік санын қысқарту үшін Зоология институты беретін биологиялық негіздеме қажет. Басқарма қазір осы негіздемені күтіп отыр. Негіздемеде киік аулау тәртібі көрсетіледі.

Зоологиялық институт киік аулау тәртібінің екі нұсқасын қарастырып жатыр. Егер киік аулаумен мемлекет айналысуы керек делінсе, онда бұл құзірет «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына беріледі.

Ал егер аңшылық шаруашылық ретінде бекітілсе, жеке аңшылық қауымдастықтар киік аулауға құқылы болады. Яғни, аңшыларға лимит беріліп, аулауға рұқсат етіледі. Шекті санын институт белгілейді. Сөйтіп мемлекетке баж салығын төлейді, - дейді Асқар Әбдірахманов.

Ветеринар маман, профессор Ғайса Әбсатировтің айтуынша, киіктің егістік пен мал жайылымына еніп кетуі ауыл шаруашылығында малға пастереллез, сібір жарасы сынды түрлі ауру жұқтыруы мүмкін. Сол үшін қысқарту керектігін айтады.

Ауру киіктер ауланбайды. Сойғаннан кейін санитарлық-ветеринарлық сараптау жүргізіледі. Талағы, ішкі ағзалары қаралады. Сау болса еті комбинатқа жіберіледі. Етті жоғары температурамен консервілейді. Онда ауру тудыратын қоздырғыштың бәрі өледі, яғни стирильді болып шығады, дейді маман.

«МӘСЕЛЕНІ «ҚАЗАВТОЖОЛ» УШЫҚТЫРЫП ЖІБЕРДІ»

Эколог Сәкен Ділдахмет бұл бастаманың астарында лобби тұрғанына меңзейді. Өйткені жыл сайын мемлекет киіктерді қорғауға қыруар қаражат бөліп келеді де оны атып, етін пайдалануға келгенде жекеменшік компания айналысатын болып шыға келген.

Демек ол біреудің қалтасына кетеді. Сондықтан ол жерде мемлекеттік монополия орнау керек. Сол арқылы етінен, мүйізінен түскен табысты қайтадан табиғатты қорғауға жұмсау керек. Одан бөлек, жергілікті халықты осы жұмысқа тарту керек. Қазір бүкіл ауылда броконьер көп, - дейді ол.

Оның үстіне, мәселені ушықтырып отырған себептің бірі «ҚазАвтожолдың» қалай болса солай жол салып тастауы дейді. Оған қоса, әкімдік кәсіпкерлерге жерді оңды-солды таратып, ақырында киік көше алмай қалды деген пікір айтады.

Айта кетейік, Қазақстан биоалуандықты сақтау қауымдастығының мәліметінше, биылғы ақбөкеннің қазақстандық үш популяциядағы саны 1 318 000 басты құрады. Оның ішінде:

• Бетпақдала популяциясында — 489 000 бас;

• Жайық популяциясында — 801 000 бас;

• Үстірт популяциясында — 28 000 бас.

Олар біздің елде қызыл кітапқа енбеген. Яғни, құрып кету қаупі төнген жануарлар тізіміне кірмейді. Сондықтан бізде аңшылық түріне жататын жануар болып есептеледі. Тек оны пайдалануға, яғни атуға уәкілетті орган шектеу қойған. Ал ол шектеуді арнайы бұйрықпен алып тастаса, Қылмыстық Кодекстегі заң талаптары автоматты түрде алынып тасталып, ешкім жауапқа тартылмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама