Halyq Uni логотип
×

«Балабақшаға қойылатын талаптар – абсурд»: заңгер мектепке дейінгі ұйымдардың мәселесін жіпке тізді

Сайкен Айсин құжат мазмұны өзгермей қайта бекітіліп жүргенін айтады

 Айгерім Таубай 22.11.2024 | 15:15
«Балабақшаға қойылатын талаптар – абсурд»: заңгер мектепке дейінгі ұйымдардың мәселесін жіпке тізді
Коллаж Halyq Uni

Еліміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет 76 талап негізінде тексереді. Оның ішінде еден, балабақша немесе басқа ұйым ішіндегі жиһаз жағдайы мен азық-түлікті сақтау ережелері бар. Алайда осы салаға маманданған заңгер Сайкен Айсин кей талапты орындау мүмкін емес екенін айтады. Тіпті кей талапты орындай алмағандықтан, тексерістен өту үшін сыбайлас жемқорлық әрекеттері тіркелуі мүмкін деген пікірде. Halyq Uni осы мәселе төңірегінде маман пікірін білді.

Бұл талаптар Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық экономика министрлігінің бірлескен бұйрығында айқындалған. Құжат «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» деп аталады.

Сайкен Айсиннің айтуынша, елімізде балабақшаның үш түрі бар. Біріншісі – жеке ғимаратта орналасқан, өзінің жеке алаңы бар балабақша. Екіншісі – көпқабатты тұрғын үйде орналасқан балабақша. Үшінші түрі – жеке үйлер, коттедж ішінде орналасқан балабақша.

Бізде үш түрлі балабақша барына қарамастан, қойылатын талап бәріне бірдей. Балалар ойнайтын құмға дезинфекция жүргізуді талап етеді, алайда көпқабатты тұрғын үйде орналасқан балабақшадағы балалар сол жерде бәріне ортақ ойын алаңына барады. Ол жерде ит жүрді ма, жоқ па деп ешкім тексермейді. Тіпті ол құмды ешкім ауыстырып отырмайды. Соған қарамастан оларға ешкім қалай ештеңе демейді? Ол құмда мың бала ойнайды, оның тазалығына балабақша қалай жауап береді? Бұл – абсурд. Үш түрлі балабақшаға үш түрлі талап қажет, - дейді заңгер.

Маманның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мектепке дейінгі білім беру нысандарына қоятын талаптары ескірген.

Балабақшаларды тексеру номаларында орындау мүмкін емес талаптар қойған. Ол талаптың бәріне сай болу мүмкін емес. Сондай-ақ көптеген талапқа қатысты шешімді санитар дәрігер «дұрыс», «қате» деп өзі қабылдайды. Сол себепті нормаға сай келмеу көрсеткіші жоғары. Бұл – бір. Екіншісі – балабақша ашқысы келетіндер кездесетін қиындықтар. Санитарлық ережелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар, яғни шенеунік тағы да шешімді дербес қабылдайды. Азамат балабақша салды делік, әрі қарай оны тексеруден өткізуі керек. Талапта «нысан ішінде үшкір бұрышты зат болмауы керек» деп жазылған. Алайда есік, үстелдің бұрышы болады. Мұның бәрі балабақша ашуға кедергі жасап отыр, - дейді Сайкен Айсин.

Ал құжатта «балалардың бойы мен жасына сәйкес келетін, үшкір шығыңқы жері мен ақауы жоқ, су өткізбейтін материалдан жасалған беткі жабыны бар балалар алаңдары мен спорт алаңдарында жұмысқа жарамды жабдықтар болуы» керек деп жазылған.

Маман өзі жүргізген талдауында талаптардың арасында заңнамада белгіленбеген терминдерді қолдану да кездесетінін көрсеткен. Айтуынша, бұл 6-талапта көрсетілген: «Балалардың өсу және жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін жиһаздар мен жабдықтардың жақсы жағдайда болуы. Жиһаздың, киімге арналған шкафтардың жеке таңбалауының болуы және олардың сақталуы». Бұл жерде «жақсы жағдайда болуы» тіркесіне назар аударған.

55-талап (тәуекел тобындағы балалар тізімінің болуы) және 70-талапта (көлеңкелі қалқаның жабдығына қойылатын талаптарды сақтау) екі жақты тұжырым бар деп санайды.

Заңгердің айтуынша, жұмыс істеп тұрған балабақша да тексерістен өтетін кезде қиындыққа тап болады.

Ең алдымен бұл норманы бекіткен Ұлттық экономика министрлігі, одан бөлек денсаулық сақтау министрлігі біз айтып жатқан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар-жоғын тексеруін сұраймыз. Екіншіден, біз көтеріп отырған мәселе тек мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қатысты болып отыр. Одан бөлек мектептер, мен дәмханаларға қатысты нормалар бар. Балабақшаға қатысты норманың 50%-ында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екенін анықтап отырмыз, дәмханада да дәл осындай болуы әбден мүмкін, - дейді заңгер.

Маман бұл нормалардың ара-тұра қайта бекітілетінін айтады. Алайда мазмұнынан өзгерістер енбейді, тек құжат жаңартылып отырады.

«Мектепке дейін мекемелерді тексерудің жаңа нормалары 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданатын болды. Сол кезде балалар үйін және басқа да нысандарды тексеруге қатысты жаңа нормаларды әзірлеуі керек. Ол жаңа норманы еңгізбестен бұрын, қазір қолданыстағы нормалар төңірегіндегі даулы мәселені шешуі керек. Мәтінін өзгертіп, қайта жариялай салуға болмайды», - деп түйіндеді Сайкен Айсин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама