«Жемқорлықты тоқтатпайды»: сарапшылар жеке тұлғаларды декларациядан босату туралы

Айгерім Таубай

Депутат Бақытжан Базарбек бұл шешімді келешекте қайта қарау керек деген пікірде

Коллаж Halyq Uni

Елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңі 2025 жылы басталуы керек еді. Алайда Үкімет жеке тұлғаларды декларация тапсырудан босату туралы шешім қабылдады. Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «мәселені жан-жақты пысықтауы қажет» деген тапсырмасынан кейін қабылданған шешім. Halyq Uni тілшісі бұл шешімге қатысты сарапшылардың пікірін білді.

ТОҚАЕВ ҰСЫНЫСЫ

Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында декларацияға қатысты Үкіметке тапсырма берді. Президент азаматтардың табысын жаппай декларациялау 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатқанын, алғашқы үш кезеңде 4 млннан аса адамның мүлкіне қатысты есеп бергенін айтып өтті.

Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер мен осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар.

Енді жоспар бойынша 2025 жылдан бастап тағы 8 млнға жуық адам декларация тапсыруы қажет еді. Президент елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып, ортақ мәліметтер базасы бар екеніне тоқталды.

(...) Қаржы әрі салық бақылауы күшейді. Демек, осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет, - деді Тоқаев.

2024 жылдың 19 қарашасындағы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдар базасы азаматтардың мүлкін бақылауға қауқарлы деп, жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар екенін мәлімдеді. Соның негізінде 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияны міндетті түрде тапсырудан босату туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдады.

«КЕЙІНГЕ ШЕГЕРУ ЕМЕС, ТОЛЫҚ ТОҚТАТУ»

Үкіметтің бұл шешіміне қатысты қоғам белсендісі Дидар Смағұловтың пікірін білдік. Оның айтуынша, бұл шешім жемқорларға мүлікті жасыруға мүмкіндік беріп отыр.

Декларация тапсырмау туралы шешімнің қуанатын тұсы жоқ. Себебі жемқорларға мүлікті жасыруға мүмкіндік береді. Неге? Жалпыға бірдей декларациядан өткеннен кейін Қазақстандағы барлық мүлік бір жүйеде тұрады. Қазір кей сарапшы база бар екенін, барлық ақпарат сол жерде жинақталғанын айтады. Сол база болса, неге заңсыз байығаны үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған? Заңсыз баю деген – өмір бойы мемлекеттік қызметте айына 200-300 мың теңге жалақыға жұмыс істеп, зәулім үйде тұру, қымбат көлік міну. Сондай-ақ көптеген мүлкінің болуы. Неге оларға ешкім сұрақ қоймай отыр? Өйтені олар «бұл жеке өмірім, осы үйде тұрамын, осы көлікті мінемін, бірақ мүлік менікі емес» деп жауап береді. Сондықтан тек қана декларация арқылы заңсыз баюға жауапкершілік енгізуге болады, - дейді қоғам белсендісі Дидар Смағұлов.

Айтуынша, бұл жауапкершілік – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең тиімді құрал.

«Сингапур, Гонконг сияқты елдерді алсақ, олар жемқорлықты осындай жауапкершілік енгізу арқылы жойды. Президент Тоқаев қол қойған заңға сәйкес 2027 жылдан бастап заңсыз баюға қатысты жауапкершілік енгізіледі. Декларация тапсырмаған болса, сол уақытта заң қалай жұмыс істейді?. Бұл шешім – декларация тапсыру мерзімін шегеру емес, жалпы тоқтату», - дейді Смағұлов.

Қаржы министрі Мәди Такиев қарапайым азаматтар арасында 73,8 млн теңгеден аса сомаға мүлік сатып алғандар да декаларация тапсыратынын айтты. Бұл сома 20 мың АЕК негізінде есептелген.

20 мың АЕК деп алып отырмыз. Бұл соманы бекіту барысында 1995 жылдан бастап орташа айлық жалақымен қанша ақша жинауға болатыны ескерілді, - деді министр.

Дидар Смағұловтың айтуынша, 73 млн теңге деген шекті соманы енгізу ештеңе өзгертпейді.

Бір ғана жолы бар – жалпыға бірдей декларация тапсыру. 73 млн теңгенің өзі жоғары бағаланған. Мұның өңірлермен ешқандай байланысы жоқ. Себебі еліміздегі орташа жалақы мөлшерін білеміз. Бұл жемқорлықты тоқтатпайды, - дейді қоғам белсендісі.

«БҰЛ ШЕШІМДІ КЕЛЕШЕКТЕ ҚАЙТА ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те осыған ұқсас пікірде. Депутат декларациядан босату туралы шешімге қайта оралу қажет деп санайды.

Бұл жерде жемқор шенеуніктер мемлекеттің қаржысын, мемлекеттің мүлкін елден шығарған кезде өз атына рәсімдемейді. Туған-туысы, алыс туыстарының атына рәсімдейді. Қазір 8 млн адамды декларация тапсырудан босатсақ, 8 млн адамды жауапкершіліктен босатамыз. Осылайша жемқорлардың іс-әрекетіне баға бере алмай қаламыз. Президенттің негізгі бағытын қолдаймын, бірақ бұл сұраққа келешекте қайта оралуымыз керек, - деді Бақытжан Базарбек Мәжіліс кулуарында.