Halyq Uni логотип
×

Заңда электрондық коммерция мен электрондық сауда ұғымы бірігіп кеткен

«TechnoWomen» елдегі электрондық коммерция проблемаларын атады

 Ербол Тұрымбет 20.11.2024 | 12:15
Заңда электрондық коммерция мен электрондық сауда ұғымы бірігіп кеткен
Коллаж Halyq Uni

Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы субъектілерінің ұлғайюы жаңа отандық, әсіресе шағын компаниялардың нарыққа кіруін барған сайын қиындатып отыр. Қазақстандықтар да шетелдік интернет-дүкендерден жиі тауар сатып ала бастаған. Бұл отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді. Бұл туралы «TechnoWomen» ұйымының мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Нарыққа талдау жасаған ұйым өкілдерін осыған байланысты бірқатар негізгі кедергіні атаған.

Тауарларды кедендік және салықтық рәсімдеуде қиындық бар. Тапсырыстарды жеткізу пункттеріне салынатын салық жүктемесі жоғары. Маркетплейстер үшінші тарап үшін төлем қабылдай алмайды. Одан бөлек, банк эквайрингі, яғни, қолма-қол емес төлем мөлшерлемелері де жоғары. Фулфилмент қоймалары жетіспейді, – деп жазылған ұйым мәлімдемесінде.

Сондықтан бірнеше шешім жолын қарастырған. Мысалы, микро және шағын бизнес үшін арнайы салықтық және кедендік режим, біріккен төлем жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ, маркетплейстердің төлемдерді қабылдау мәселесін шешіп, банк эквайрингі операторын құрып, өңірлерде фулфилмент қоймаларын салуды ынталандыруды оңтайлы шешім санайды.

«TechnoWomen» ұйымының пікірінше, электрондық коммерция трансшекаралық тұрғыда жүретіндіктен, кей елге үлкен пайда әкелсе, басқа елдер дәстүрлі сауданың құлдырауына байланысты шығынға ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдайға тап болмас үшін Қазақстанда мемлекет электрондық коммерция саласына араласуы қажет. 

Электрондық сауданы заңнамалық реттеудегі бытыраңқылық пен құқықтық қайшылықтардың болуы, одан қалды микро және шағын бизнес үшін салықтық, кедендік және азаматтық-құқықтық реттеудің түсінікті механизмдерінің жоқтығы салаға елеулі кедергі келтіріп отыр. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңда электрондық коммерция мен электрондық сауда ұғымдары біріктіріліп кеткен. Бұл электрондық коммерцияға қатысты нормаларды бұлыңғырлап, түсініспеушілік туғызады, – деп жазды ұйым өкілдері.

Сондай-ақ олардың пікірінше, заңнамада электрондық коммерция қатысушыларының (сатушы немесе электрондық сауда алаңы – логистикалық орталықтар – тұтынушы) өзара әрекеттесуін нақты реттейтін ережелер жеткіліксіз. Сондықтан мемлекет микро және шағын бизнестің электрондық коммерцияға қатысуын жеңілдету үшін түсінікті құқықтық орта қалыптастыру керек.

Ұйым мәліметінше, Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы соңғы 5 жылда қарқынды өсіп, 2019 жылғы 327 млрд теңгеден 2023 жылы 2,418 трлн теңгеге жеткен. Былтыр бүкіл бөлшек сауда көлемі 20 трлн теңгені құраған. Оның ішінде: 

  • офлайн сауда – 17,5 трлн теңге;
  • онлайн сауда – 2,4 трлн теңге.

Электрондық сауданың үлесі 2,9%-дан 12,1%-ға дейін өкен.

Ұлттық статистика бюросы ақпаратына сәйкес, 2023 жылы қазақстандықтар маркетплейстер арқылы мына тауарларды жиі сатып алған:

  • Телефон және гаджеттер;
  • Тұрмыстық техника;
  • Компьютер, ноутбук, компьютерге қажет жабдықтар;
  • Автотауарлар;
  • Құрылыс және жөндеу жұмыстары;
  • Жиһаз;
  • Азық-түлік;
  • Үйге қажет тауарлар;
  • Сұлулық және денсаулық (боянатын заттар, әтір, қырынуға арналған заттар, техника және сұлулыққа қажет құрылғылар);
  • Киім, аяқкиім және спорт тауарлары.

2023 жылы маркетплейстер арқылы сатылған тауар ішінде телефон мен гаджеттер – 27,5%, тұрмыстық техника – 11,6%, компьютер тауарлары, бағдарламалық қамтамасыз ету – 10,1%, автотауарлар – 7,9%-ды құрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама