Мамандар жаңа Кодекс қолданысқа енгізілген жағдайда жергілікті рельефті бүлдіретінін айтады
Су кодексі бойынша өзен жағалауында 35 метр жерге ешқандай құрылыс түспеуі керек. Алайда Алматыда су қорғау белдеуінің аумағына 2009 жылдан бері 160 мың құрылыс салынған, деп хабарлайды Halyq Uni.
2025 жылдан бастап енгізілетін жаңа Су кодексі жобасы бойынша жағдай тіпті ушығайын деп тұр. Себебі, тыйым салынған аумаққа заңсыз салынған құрылыстың бәрі – ғимараттар мен тұрғын үй кешендері түгел заңдастырылуы керек. Оның үстіне, жаңа Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жоспарланып қойған құрылыс жобаларының бәрі де заңдастырылуға жатады. Экобелсенділер бұл жемқор шенеуніктердің Кодексті ақша жасау айласына айналдыруына мол мүмкіндік ашайын деп тұр деп есептейді.
Ағынды су мал-жанға зиянын тигізейін деп тұр
Су шаруашылығы саласында 50 жылдық тәжірибесі бар Анар Тілеулесованың айтуынша, жаңа Кодекс жобасындағы 40-бапта ағынды суларды жергілікті рельефке төгу туралы жазылған. Ондай жағдайда кім көрінген қалаған жеріне төге береді. Соның салдарынан жер батпаққа, одан соң тұзды сорға айналып, бүлінейін деп тұр.
Мысалы, Алматының таулы жағында көп үй салынған. Бәрі суын төгіп, тұрған жерлерінде лай көшкіні болып жатыр. Неге ол табиғи құбылыс деп саналып, оған мемлекет шығындалуы керек? Тағы бір мысал, шағын елдімекенді алайық. Ондағы аурухана, ветеринарлық зертхана дегендер де жергілікті рельефке төге алады. Ал олар қандай су төгеді? Ол судың құрамында не барын, қандай бактериялар жүргенін ешкім қадағаламайды. Оның бәрі жерасты суын бүлдіріп, сосын оны жұрт ішеді. Далаға жайылған суды жайылымдағы мал ішеді. Мұның бәрі үлкен қауіп, – дейді ол.
Маманның сөзінше, қолданыстағы Кодексте жер астынан күніне 50 текшеметрге дейін суды рұқсат құжаттарынсыз-ақ алып пайдалануға болатыны жазылған. Ал оған ешкім салық төлеп жатқан жоқ. Сайып келгенде, көрінген адам ауласынан қазып алады да сосын оны далаға төгеді.
Енді сол бапты өзгертіп отыр. Ондағы 50 текшеметр дегенді мыңға дейін арттырған. Күніне мың текшеметр дегеніңіз, бір күнде миллион литр деген сөз. Демек, олар ешқандай салық төлемейді, ешкім оны бақыламайды, соның кесірінен жерасты суымыздың неге сарқылып бара жатқанын білмей отырамыз, – дейді маман.
«Бір бап екінші баптың құзырын шектейді»
Алматылық экобелсенді Салтанат Ташимованың айтуынша, Кодекстің жаңа жобасындағы 120-баптың 5-тармағы қазіргі қолданыстағы 77-бабының 3-тармағының құзыретін шектейді.
Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін, яғни, 2025 жылға дейін су қорғау белдеуі аумағында салынған немесе құрастырылған, жобасына тапсырыс берілген ғимараттар мен құрылыстарға тыйым жүрмейді. Демек, бұл заңнан сытылып кететін саңылау, – дейді ол.
Ал қолданыстағы «Су кодексінің» 77-бабының 3-тармағы заңдылықты реттеп отыр, су қорғау белдеуі аумағын қорғап отыр. Бұл бап бойынша су айналасында 35 метр аралықта ештеңе салынбау керек.
Бірақ, экобелсендінің сөзінше, соған қарамастан, жергілікті атқарушы орган су қорғау белдеулерінде құрылыстарға рұқсат беріп келеді. Өкініштісі, жұрт сол үйлерді заңды салынған деп сеніп, сатып алып жатыр. Сайып келгенде, енді сол салған үйлерін заңдастырып алу мәселесу туындап тұр.
Сөз болып отырған 77-бап 2009 жылы қабылданған. Сол жылы су қорғау белдеуі 20-дан 35 метрге дейін ұлғайтылды. Ал сол 15 метр аралықта қалып қойғандардың кінәсі жоқ, олар үй салғанда басқа норма болды. Енді жаңа түзету арқылы 2009 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі барлық заңсыз құрылысты заңдастырып алғысы келеді. Ол нені білдіреді? Демек, құрылысы салынған, жүріп жатқан немесе тапсырыс берілген жобалар да соған кіреді, – дейді белсенді тұрғын.
Оның сөзінше, бұл дегеніңіз, бастысы құрылысты Кодекс қолданысқа түскенше жоспарлап үлгерсе жеткілікті. Ал мұндай жағдайда жемқорлық дерегі көп біздің ел үшін одан кейінгі жылдары да кез келген құрылысты артқы мерзіммен бекітіп отыра беруге жақсы мүмкіндік.
Енді осы олқылыққа ешкім жеке басымен жауап бермейді. Біз осындай заңдарды құрастырғаны үшін авторларына қатысты осындай талап енгізгіміз келеді. Өкінішке қарай, ондай тәртіп жоқ, тек бастамашысы Су ресурстары және ирригация министрлігі екені ғана көрсетілген, – дейді Салтанат Ташимова.
Оның айтуынша, бір қызығы, Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының жауабына қарағанда, қалада 2009 жылдан бері су қорғау белдеулері аймағында 14 мың ғимарат салынған. Ал Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми мәліметі бойынша, 160 мың құрылыс бой көтерген.
Неге мұндай екі түрлі мәлімет беріліп отырғанын түсінбедік. Бәлкім, қорғау аумағынан бәрін сүріп тастау керек болса, осынша үйдің тұрғыны баспанасыз қалады деп қоғамдық пікірге осылай қысым жасағысы келетін шығар, – дейді экобелсенді.
Белсенді топтың бұл мәселеде жалғыз ұстанымы бар: қалайда су қорғау белдеуінің ішіне салынған заңсыз құрылыстың бәрі сүріліп, оның шығынын құрылысқа рұқсат берген мекеме өтеу керек. Әлбетте, бұл орасан қаражат. Алайда егер осылай қалдыра берсе, залалы одан әлдеқайда көп болады деп есептейді.