Утилизация алымы: Министрлік жекеменшікті мемлекеттік монополияға айналдырып жатыр
Президент тапсырмасынан кейін осы саладағы проблема шешіле ме?
Утилизация алымына қатысты президент Қасым-Жомарт қаңтардың 11-і күні өткен Мәжіліс отырысында «ӨКМ операторы» ЖШС-ін сынап, бұл жұмысты мемлекеттік органдарға жүктеуді тапсырған еді. Кеше Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев утилизация алымы бойынша мемлекеттік оператор құрылатынын, кәдеге жарату төлемдерінің коэффициенттері қайта қаралатынын мәлімдеді, дейді Halyq Uni тілшісі.
Бұл алым түріне қарсы қоғам наразылығы күшейгендігінің бір көрінісі әлеуметтік желіде онлайн-наразылықтардың ұйымдастырылуы болған еді. Ұйымдастырушылардың бірі – Нұраддин Садықтың айтуынша, утилизация алымының көлемін азайту және оны мемлекетке қайтару мақсатын көздеген онлайн-петиция 2 рет өткен. Онда «Оператор РОП-тың» жабылуын әрі утилалымның жеңіл автокөлікке қатысты көлемін 15 есеге дейін азайтуды талап еткен. Ал жүк көліктері, арнайы техника және агросектордағы көліктер үшін мүлдем алып тастауды ұсынған.
Қазір Экология министрлігі айналысып жатыр. Бірақ ол РММ үлгісінде, яғни мемлекеттік мекеме болуы керек. Олардың қазіргі ұсынып жатқаны «РОП» деген форма. Бұл дұрыс емес. Мемлекет атынан халықаралық құжаттарға қол қоя алатындай мүмкіндігі болуы керек. Сол үшін құрылымын РММ етіп жасауды ұсынып отырмыз. Сосын қаржыны жинап, бақылайтын агрегатор қызметін атқаруы тиіс. Өйткені жеке монополистен қайтадан мемлекеттік монополияға айналдырғымыз келмейді. Өзге де жұмыс істеймін деген «РОП-тарға» мүмкіндік берілгені дұрыс, – дейді Н.Садық.
Сайып келгенде, утилалым мен көлікті алғашқы тіркеу төлемі қазіргі көлемінен 15 есеге дейін азайып, екеуінің де бағасы 100 мың теңгеден аспауы керек деп есептейді.
«Атамекен» ҰКП ШОБ комитетінің төрағасы Берік Зайыровтың айтуынша, «Оператор РОП» бүкіл түсімдерінен автокөліктерді кәдеге жарату және ауыл шаруашылығы техникаларына сертификаттар алуға 59,4 млрд теңге ғана бөлген. Яғни, бүкіл түсімнің 10 пайызына да жетпейді. Демек, қазіргі утилалымның көлемін де 10 еседен аса азайту керек.
Зайыров осыдан тура бір жыл бұрын Президент пен үкіметке хат жолдап, утилизация алымының мөлшерлемелерін мына бағада ұсынған:
- кабель және сым өнімдеріне – 0 теңге;
- ауыл шаруашылығы техникасына – 0 теңге;
- арнайы техника мен жүк көліктеріне – 0 теңге;
- көлік құралдарына – 100 000 теңге.
Ондағы мақсат, көліктерге ут. алымды 100 000 теңгеге дейін төмендетсе, олардың бағасы 1 миллионнан 3,5 миллион теңгеге дейін арзандайды. Оның үстіне, ут. алым қысқарғаннан кейін бекітілген техникалық регламентке байланысты бізге тым ескі көліктер келмейді.
Мәселен, Еуропа елдерінде утилалымның көлемі 100-200 еуродан аспайды. Бізде салықтың осы түрі енгізілгелі бергі 6 жылда көлік бағасы 2 еседен де артық қымбаттап кетті, – дейді Зайыров.
Мамандардың айтуынша, утилизация алымы енгізілгелі бері елімізде ескі көліктердің күрт көбейгені байқалады. Мәселен, 2013 жылы елімізге шетелден әкелінген жаңа көліктер саны 110 мың болса, 2014 жылы – 326 мың, 2016 жылы – 624 мың болған. Алайда 2016 жылы утилизация алымы енгізілгеннен бастап жаңа көлік саны азайып, ескі көліктер көбейе бастайды. Сарапшылардың есебінше, 2016-2018 жылдар аралығында сырттан тасылатын жаңа көліктер саны 416 мыңға азайып кеткен.
Мамандардың мәліметінше, ескі көліктер үлесі төмендегідей болған:
- 2013 жылы – 80%;
- 2014 жылы – 72%;
- 2015 жылы – 59%;
- 2017 жылы – 61%;
- 2018 жылы – 65%;
- 2020 жылы – 70% .
Айта кетейік, қазір сол утилизация алымымен айналысып келген «ӨКМ операторы» ЖШС 2015 жылдың соңында үкімет қаулысымен құрылған. 2016 жылдан бүгінге дейін утилизация алымы түрінде компанияға 691,9 миллиард теңге түскен. Оның ішінде отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 миллиард теңге қайтарылса, экологиялық мәселелерді шешуге 102 миллиард теңге бөлінген. Ал 49,1 миллиард теңгесі салыққа төленген. Қазір екінші деңгейлі банктерде қалған қаржы – 220,6 миллиард теңге.