Кассациялық судья, тариф, жалақы және қарақұрт. Елімізде қарашада не өзгереді?

Ербол Тұрымбет

Бірқатар заң мен ресми құжаттағы өзгерістер күшіне енеді

Коллаж: Halyq Uni

Кассациялық соттардың судьяларына қойылатын талаптар белгіленді. Ол 1 қарашадан бастап күшіне енеді. Сондай-ақ, кей өңірде электр энергиясы тарифі қымбаттайды. Halyq Uni қарашадан бастап қолданысқа енетін осы және басқа да өзгерістерді тізіп шықты.

Кассациялық сот судьяларының талаптары белгіленді

«Қазақстан Республикасы судьяларының сот жүйесі және мәртебесі туралы» конституциялық заңының 29-бабының 1-тармағының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде 18 жыл жұмыс өтілі немесе кемінде 8 жыл судьялық жұмыс өтілі, оның ішінде облыстық сотта кемінде 3 жыл судьялық жұмыс өтілі бар азамат кассациялық сот судьясы бола алады.

Кей өңірде электр энергиясы тарифі қымбаттайды

Энергетика министрінің 2024 жылғы 21 қазандағы бұйрығымен 1 қарашадан бастап бірқатар өңірде электр энергиясының тарифі қымбаттайды.

1-топ (Б. Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1) – кВт/сағ үшін 8,05 теңгеден 8,27 теңгеге;

2-топ (Еуроазиялық энергетикалық корпорация) – 7,40 теңгеден 7,98 теңгеге дейін;

9-топ («Астана-Энергия» АҚ) – 8,49 теңгеден 9,28 теңгеге дейін;

12-топ («Қазақстан алюминийі» АҚ) – 6,05 теңгеден 7,87 теңгеге дейін;

18-топ («Степногор ЖЭО» ЖШС) – 22,58 теңгеден 28,97 теңгеге дейін;

28-топ («Жаңажол ГТЭС» ЖШС) – 11,44 теңгеден 11,85 теңгеге дейін;

39-топ («З-Энергоорталық» АҚ) – 13,79 теңгеден 15,09 теңгеге дейін;

48-топ («Қазхром» ТҰК» АҚ) – 7,59 теңгеден 10,67 теңгеге дейін.

Сонымен қатар тізімге жаңа компаниялар қосылды, олардың тарифтері алғаш рет бекітілді:

  • 56-топ КВт/сағ үшін 43,92 теңге;
  • 57-топ тарифі 56,63 теңге;
  • 58-топ тарифі 26,08 теңге;
  • 59-топ тарифі 22,56 теңге;
  • 60-топ – 3,07 теңге.

Бірқатар металл түрінің экспортына тыйым салынады

Бірқатар металл түрін 2 қарашадан бастап ел аумағынан көліктің барлық түрлерімен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынады.

Оның ішіне мыс қалдықтары мен сынықтары, алюминий қалдықтары мен сынықтары, қорғасын қалдықтары мен сынықтары, қорғасын аккумуляторларының қалдықтары мен сынықтары, пайдаланылған қорғасын аккумуляторлары, құрамында қорғасын, кадмий немесе сынап бар басқалары, химиялық түрі бойынша сұрыпталған және құрамында қорғасын, кадмий немесе сынап жоқтары, сұрыпталмаған және құрамында қорғасын, кадмий немесе сынап жоқтары, қара металдардың қалдықтары мен сынықтары, балқытуға арналған қара металдардың құймалары кіреді.

Орман, балық және аңшылық саласы қызметкерлеріне қосымша үстемеақы белгіленеді

Экология және табиғи ресурстар министрінің 21 қазандағы бұйрығымен азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, орман, балық және аңшылық шаруашылығы саласындағы қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар мен үстемеақылар белгілеу ережесіне өзгерістер енгізілді.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман күзеті қызметтерінің, орман өрт сөндіру станциялары өртке қарсы қызметтерінің, орман орналастыру ұйымдарының, орман мен жануарлар әлемін авиациялық қорғау десантшы-өрт сөндірушілерінің, табиғатты қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларының және жануарлар әлемін қорғау, орманды қорғау, сақтау, қалпына келтіру, орманды пайдалану бойынша мамандандырылған ұйым инспекторларының, сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерін балықтандыру жөніндегі өндірістік кешеннің мемлекеттік кәсіпорындарының қызметкерлеріне денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін жұмыспен байланысты қызметтері үшін лауазымдық жалақы мөлшерінің 100%-ы көлемінде қосымша төлем белгіленеді.

Әлеуметтік қызметкерлер аттестацияда тестілеуден өтпейді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 21 қазандағы бұйрығы бойынша әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтқанда, әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау кезінде тестілеу алынып тасталды. Енді аттестаттау тәртібінде былай жазылады:

  • әңгімелесуден өту;
  • аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімін шығару.

Аттестаттауға келгенде, әлеуметтік қызметкер кәсіби біліктілігін растайтын құжатын және жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен цифрлық жеке куәлігін (идентификациялау үшін) көрсетеді.

Аттестаттау комиссиясы аттестаттау басталар алдында әлеуметтік қызметкерге оның өту тәртібі мен ұзақтығы туралы хабарлайды. Әлеуметтік қызметкер өз таңдауы бойынша аттестаттаудан мемлекеттік немесе орыс тілдерінде өте алады.

Қарақұртпен күрес шаралары бекітілді

Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 22 қазандағы бұйрығымен «Дезинфекция, дезинсекция және дератизацияны ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» жөніндегі санитариялық ережелерге өзгерістер енгізді.

Атап айтқанда, ережелерге қарақұрттармен күресу шаралары қосылды.

Алдын алу шараларын жүргізу мерзімдері жергілікті ерекшеліктерге және энтомологиялық мониторинг деректеріне байланысты анықталады. Жәндіктерге (тарақандар, шыбындар, құмырсқалар, кандалалар, бүргелер, масалар, шіркейлер, москиттер, сона және қарақұрт өрмекшілер) қарсы өңдеу жиілігі нысанның қоныстану деңгейіне байланысты; шыбындар мен масаларға қарсы (су басқан, ылғалды жертөлелерде, жер асты суларының жоғары деңгейінде, кәріз жүйесіндегі апаттық жағдайларда) өңдеу санитариялық-эпидемиологиялық және энтомологиялық көрсеткіштер бойынша апаттық аймақтар мен демалыс орындарында жүргізіледі.

Қарақұрт өрмекшілерді жою бойынша профилактикалық дезинсекция шараларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

Балалар санаторийлері ережесі өзгереді

Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 15 қазандағы бұйрығымен «Балаларға арналған сауықтыру және санаторий нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық ережелеріне өзгерістер енгізілді.

Жаңа редакцияда жер телімдері құрғақ, желдетілетін болуы қажет екендігі айтылған. Ол атмосфералық ауаны ластайтын көздерден желдің ық жағына орналастырылып, ыңғайлы кірме жолдары және шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілуге тиіс.

Балаларға арналған сауықтыру нысандары кәсіпорындардың, құрылыстардың және өзге де нысандардың санитариялық-қорғау аймақтарынан, санитариялық алшақтықтан, гараждардан, автотұрақтардан, автомагистральдардан, теміржол көліктерінен, әуе көліктерінің ұшу және қону жолдарынан тыс жерлерге орналастырылады.

Сондай-ақ, балалар сауықтыру нысандарының аумағында және ғимараттарында олардың қызметіне қатысы жоқ нысандарды орналастыруға болмайтыны көрсетілген.

ІІМ оқу орындарының қағидалары өзгереді

2024 жылғы 16 қазанда Ішкі істер министрі бұйрығымен ІІМ-нің әскери, арнайы оқу орындарында оқу процесін, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, қағидалар жаңа редакцияда жазылған.

ІІМ білім беру ұйымдары мына талаптарға сай жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауды жүзеге асырады:

  • ІІМ білім беру ұйымдарында іске асырылатын білім беру бағдарламаларының тізбесіне сәйкес;
  • ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес;
  • академиялық күнтізбеге сәйкес;
  • білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларына сәйкес;
  • пәндер немесе модульдер бойынша типтік және жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес.

ІІМ білім беру ұйымдарындағы оқу процесі білім беру мазмұнын таңдау, оқу процесін жоспарлау, оқу сабақтарын өткізу нысандары мен әдістерін таңдау, білім алушылардың өзіндік жұмысы, оқу жетістіктерінің ағымдық, аралық және қорытынды бақылау түрлері арқылы жүзеге асырылады.

Білім беру мазмұнының құрылымы мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттармен, жұмыс оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен, оқу жүктемесінің көлемімен, академиялық кезеңдердің ұзақтығымен, академиялық сабақтардың түрлерімен, оқу материалының көлемімен айқындалады.

Адам саудасына ұшырағандарға көмек пен қызмет көрсету қағидалары бекітілді

Ішкі істер министрі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22 қазандағы бірлескен бұйрығымен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнайы әлеуметтік қызметтер ұсыну үшін қайта бағыттау қағидалары бекітілді.

Қағидалар адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің адам саудасының ықтимал құрбандарын анықтау, қайта бағыттау, қорғау және оларға көмек көрсету жөніндегі ынтымақтастық тәртібін белгілейді.

Адам саудасы құрбандарын, соның ішінде ықтимал құрбандарын анықтау және қайта бағыттауға қатысатын субъектілерге мыналар жатады:

  • ішкі істер органдары;
  • халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және саларалық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
  • денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган;
  • білім беру саласындағы уәкілетті орган;
  • сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган, соның ішінде ҚР-ның шетелдегі өкілдіктері;
  • туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
  • бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган;
  • ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі;
  • денсаулық сақтау ұйымдары;
  • білім беру ұйымдары;
  • облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары;
  • коммерциялық емес ұйымдар;
  • туристік қызметпен айналысатын жеке және заңды тұлғалар;
  • еңбек делдалдығын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
  • арнайы әлеуметтік қызмет көрсету субъектілері;
  • қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) қолдау көрсету және ерте анықтау бойынша мобильді топтар;
  • адам саудасына қарсы өз құзыреті шегінде іс-қимыл жасайтын басқа да мемлекеттік органдар.