«Соғым маусымы келе жатыр»: Қазақстанда сібір жарасының алдын қалай алуға болады?
Биыл елімізде қауіпті індетті 15 адам жұқтырған
Биыл Қазақстанда 15 адамның күйдіргі жұқтырғаны анықталды. Былтыр малдан тарайтын бұл аурудан елімізде бір адам қайтыс болды. Қазақстан үкіметі індеттің алдын алу үшін бюджеттен миллиондар бөліп, вакцина алып жатқанда бұл аурудан неге мал қырылып, адам ауырып жатыр? Ең бастысы, бұл аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Halyq Uni осы сұраққа жауап іздеп көрді.
КҮЙДІРГІ: АДАМҒА ЖҰҒУ ЖОЛЫ МЕН ТҮРЛЕРІ
Күйдіргі − бұл адамға ауру жұқтырған малмен байланыста болғанда жұғатын инфекция. Халық арасында оны «сібір жарасы» деп те атайды. Қазақстанда бұл аурудың алдын алумен екі министрлік айналысады: Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын бюджеттен вакцинация мен сібір жаралы мал қорымдардың есебін жүргізу үшін қаржы бөледі. Денсаулық сақтау министрлігі болса, инфекция жұқтырған науқастарды емдеп, ауру ошағын зарарсыздандырумен айналысады.
Ресми статистикаға сәйкес, соңғы 5 жылда Қазақстанда 100-ден аса адам күйдіргі жұқтыған. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2019 жылы адамның сібір жарасын жұқтырудың 12 жағдайы, 2020 жылы – 4, 2021 жылы – 27, 2022 жылы – 20, ал 2023 жылы – 37 жағдай тіркелген. Індет жұқтырған екі адам қайтыс болды (бірінші жағдай 2022 жылы Жамбыл облысында, екінші жағдай 2023 жылы Қарағанды облысында). Тек биылдың өзінде елде ауру жұқтырған 15 жағдай расталды.
Жамбыл облысында 1 жағдай, Алматы облысында 13 жағдай, Алматы қаласында 1 жағдай. Соңғысы Алматы облысының тұрғыны. Алматы облысындағы расталған жағдайлар 1-20 қыркүйек аралығында тіркелген. Эпидемиологиялық тіркеп-тексеру кезінде 5 ошақ анықталды. Барлық жағдайларда ауру жұқтыру көзі өлген және ветеринариялық куәландырусыз ауру малды сою салдарынан болған. Инфекция ауру малды сою, етін бұзу және сатуға қатысу кезінде жұқтырылды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет инфекция көзін анықтау, індет жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болғандарды анықтау, мал өнімдері мен топырақ сынамаларын зерттеу сияқты эпидемиялық іс-шаралар жүргізіледі, - деді ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Аса қауіпті инфекцияларды бақылау және биоқауіпсіздік басқармасының сарапшысы Альбина Өтемұратова.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мәліметінше, бұл аралықта республика аумағында аурудың 20 ошағы анықталған (2021 жылы – 6, 2022 жылы – 4, 2023 жылы – 8, 2024 жылдың 9 айында – 2). Аталған ошақтарда 113 бас (2021ж. – 63 бас, 2022 ж. – 2 бас, 2023 ж. – 10 бас, 2024 ж. – 38 бас) малда күйдіргі анықталды.
Ережеге сәйкес, індет анықталған жағдайда әкімдік тарапынан карантин режимі енгізіліп, инфекция ошағын оқшаулау және жою жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітіледі. Сондай-ақ карантиндік шаралардың шеңберінде республикалық эпизоотияға қарсы жасақ сауықтыру іс-шараларына кіріседі, ол барлық мал басын ветеринарлық тексеру, жануарларды мәжбүрлі вакцинациялау және жеке аулаларды дезинфекциялаудан тұрады.
Күйдіргі аса қауіпті инфекцияға жатады. Оның спорасы топырақта 10 жылдан 100 жылға дейін өмір сүре алады. Бұл ауру адамға үй жануарлары мен мал өнімдері (ет, сүт, мал терісі мен жүні) арқылы жұғады. Ал адамнан адамға жұқпайды. Инфекция көп жағдайда зақымдалған тері арқылы, сирек жағдайда тыныс алу жолдары мен асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаттары арқылы жүреді. Барлығы тері, ішек, өкпе және септикалық түрінде болуы мүмкін. Сібір жарасының тері формасы қолайлы болжамға ие, ішек және өкпе формалары көбінесе өліммен аяқталады.
«ҚАЗАҚСТАНДА 2,5 МЫҢҒА ЖУЫҚ МАЛ ҚОРЫМЫ БАР. БӘРІ ТАЛАПҚА САЙ МА?»
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) бойынша реестр жүргізеді. Жалпы, республика аумағында 2 460 мал қорымы бар, оның 858-і типтік, 1602-і қарапайым санатында.
Бүгінгі таңда ауру жануарлар анықталған жағдайда ветеринариялық санитариялық талаптарға сәйкес ауру жануар өртеу арқылы жойылады. Күл қалдығы Беккари шұңқырында залалсыздандырылады, - деді комитетте.
Ветеринария туралы заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдары мал қорымдарын салу, реконструкциялау оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен жыл сайын қаржы бөлінеді. Мәселен, мал қорымдарын күтіп ұстауға 2023 жылға 942,5 млн. теңге бөлінсе, ал 2024 жылға 771,0 млн. теңге қаражат қарастырылған. Ал комитет күйдіргінің алдын алу үшін профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жүргізіледі. Бірақ оның сапасына қатысты сұрақ туындап жатады. Себебі, былтыр осы инфекцияға қарсы 37,4 млн бас малды вакцинациялау жоспарланған еді, алайда 10 айда 30,3 млн бас қана егілді. Биыл Қазақстанда күйдіргіге қарсы жануарлардың барлық түрлеріне 35,2 млн. профилактикалық екпе және 2 мыңға жуық бактериологиялық зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.
Күйдіргіге қарсы вакцинация үй жануарларымен қатар адамдар арасында да жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы жануарларымен жұмыс істейтін декреттелген топ бар, профилактикалық вакцинациялау солардың арасында жүргізіледі. Алайда оны жүргізілуін жергілікті атқарушы органдар қадағалайды.
«АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ – ВАКЦИНА»
Фермер Жәнібек Кенжебаевтың қожалығында 8 мыңнан астам мал бар. Оның меншігіндегі «Береке» шаруа қожалығы Қостанай облысы Амангелді ауданынан 170 шақырым жерде орналасқан. Айтуынша, күйдіргі індетінің алдын алу үшін жыл сайын қожалықтағы әрбір малға екпе егеді.
Күйдіргінің алдын алу үшін екпені уақытылы жасау керек. Вакцинация мезгілі бар. Аудандық ветеринарлық станса тиісті вакцинаны бөліп береді. Қазақстанда күйдіргі вакцинасы тегін беріледі. Аудандағы әрбір ауыл, фермадағы барлық малды егіп шығуға 2-3 ветеринардың күші жетпейді, қолы да тимейді. Сондықтан жауапкершіліктің барлығы шаруалардың өзінде, олар қалай жауапкершілікпен қараса, нәтижесі солай болады. Малды егуге ерінетін, тіпті аурудың қаншалықты қауіпті екенін түсінбейтіндер бар. Көп жерлерде аурудың бұрыннан қалған белгілі-белгісіз ошақтары болады. Соған қарамайды, сенбей жүре береді. Нәтижесінде проблема пайда болады, - деді ол.
Ол өз аумағыгда сібір жаралы қорымдардың жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан, бөтен мал араласпайды, дейді.
Бұл індеттің алдын алудың жалғыз жолы – вакцина. Одан басқа әдісі жоқ, тек қана вакцина. Мемлекет сібір жарасына қажетті вакцинаны сатып алып отыр. Алайда елдегі мал санының нақты статистикасы жоқ. Бұл вакцинаны сатып алуды жоспарлауда қателіктерге әкелуі мүмкін, - деп қосты фермер.
Сондай-ақ ауылшаруашылығы саласында карантиндік аймақтар болуы керек деп есептейді. Бір жерде ауру тараған болса, сол жерді карантинге жауып, жұртшылыққа ол туралы айту керек. Яғни ақпараттандыру жұмысы жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар ол індеттін алдын алу жұмысын кешенді түрде қарастыру керек екенін айтты.
Жалпы Қазақстанда ауыл шаруашылығы білімін көтеру қажет. Біздің салада маман жетіспейді, тәжірибелі мамандар жоқтың қасы. Советтік кезеңнен келе жатқан мамандар қартайып, зейнетке шығып жатыр. Жылдар бойы университетте оқып шыққан мамандар басқа салаларға кетіп жатыр. Ірі қожалықтар індеттің қауіпі мен келтіретін залалын түсінеміз. Бір мал ауырса, мыңдаған басқа жұғатынын білеміз. Сондықтан алдын алуға қатты мән береміз, вакцинацияны уақытында жүргізіп отырамыз. Ал ауылдағы жеке шаруа қожалықтарының арасында (ЛПХ) вакцина алмайтын, тіпті оның не үшін қажет екенін білмейтіндер бар. Бұл ақпараттандыру жұмысының әлсіздігінен болып отыр. Жалпы бұл кешенді проблема: ақпараттандыру жұмысы әлсіз, маман тапшы, ветеринарлық бақылау органының имиджі төмен, сондай-ақ ет бағасы арзан, экспорт жоқ және т.б. Оны шешу үшін алдымен білім саласын көтеруден бастау керек. Маман жеткілікті болғанда, фермерлердің білімі де көтеріледі, - деп қосты фермер.
Бұған қоса, ол әрбір мал ұстайтын азамат күйдіргінің алдын ала алатынын айтады. Ол үшін жергілікті ветеринарлық стансадан қажетті көлемде вакцинаны алып, мал дәрігері беретін кеңес (рекомендацияны) ұстану қажет.
Біз ауданнан алыс орналасқандықтан, іс жүзінде аудандық ветеринарлық стансамен қарым-қатынас жоқ. Қожалықта мал дәрігері жоқ, сондықтан барлық ветеринарлық іс-шаралармен өзіміз айналысамыз. Вакцина салу үшін көп білім керек емес. Әр ауданда ветстанса «біздің ауданда мынадай аурулар тарау қаупі бар» дегендей ескерту беріп отырады. Сол тізімге қарап өзінің екпені таңдай аласыз. Кейбір вакцинаны ветстанса тегін береді, кейбірін ветеринарлық дәріханадан сатып аламыз. Жыл сайын солай алып, егіп отырамыз. Вакцинаны тек ірі қожалықтар ғана емес, кез келген мал ұстайтын адам алып, өзі сала алады, - деді Жәнібек Кенжебаев.
«МАЛ ДӘРІГЕРІНЕ ЖҮКТЕМЕ КӨП»
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің құрамына 17 облыста және республикалық маңызы бар 3 қалада аумақтық инспекция, сондай-ақ 203 аудандық ветеринариялық станция, ауылдық округтерде 2 334 ветеринариялық пункт кіреді. «Ветеринария және биотехнология» ғылыми зерттеу орталығының директоры, ветеренария ғылымының докторы Ғайса Әбсәтіровтің пікірінше, елімізде ветеринариялық биопрепараттар шығаратын зауыт жоқ.
Сондай-ақ егіліп жатқан екпенің сапасын қадағалайтын тәуелсіз ұйым жоқ. Кеңес заманында Ветеринариялық препараттарды бақылау жөніндегі Бүкілодақтық мемлекеттік ғылыми-бақылау институты болды. Бұл ұйым вакцина сапасын тексеріп, қорытындысын беріп отыратын. Қазір ондай сапаны зерттеп, сараптап, қорытынды беретін ұйым жоқ. Мемлекет мұны қолға алуға тиіс. Қазіргі ұйымдар министрлікке бағынышты болғандықтан, объективті баға береді деу қиын. 2021 жылы 1 қыркүйекте жолдауда тапсырма берілді. 3 жыл өтті, бірақ нақты реформа жүрмей жатыр. Ветеринария мәселесін ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп қарастыру керек, -деді ол.
Сонымен қатар, ғалым Қазақстанда ветеринария мамандары тапшы екенін атап өтті. Нәтижесінде әр мал дәрігеріне түсетін жүктеме артып отыр.
Кеңестік кезеңде әрбір ветеринарға жүктеме нормасы деген түсінік болды. Бір маманға 800 бас ірі қара, ұсақ мал мен жылқы саны арнайы кооэфицентпен есептелетін. Қазір бір ауылдық округте 3 мың ірі қара, 5-6 мың ұсақ мал бар. Бір маман үшін көп жүктеме. Бұған қоса, ветеринарлардың материалдық-техникалық жағдайы жақсы деп айта алмаймыз. Тозған көлік, шектеулі жанар-жағармай беріледі. Күйдіргіден бөлек, басқа да мал аурулары бар. Мысалы, малдарды «туберкулезден сау» деп анықтама жазып беретін жағдай кездеседі. Сол сияқты мал соятын жерлер жекеменшікте болғандықтан, ашықтық бар деуге келмейді, - деп толықтырды ол сөзін.
Бүгінде елде арнайы мал сою орындары бар. Оны салу үшін бюджет қаржысы мен инвестиция салынып жатыр. Бірақ малдың бәрі арнайы орындарда сойылып жатыр деуге келмейді. 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жинаған мәлімет республикадағы малдың 5 пайызы ғана арнайы орындарда, қалғаны ауыл тұрғындарының аула/қорасында сойылатынын көрсеткен. Ал мал сою мен тасымалдау кезіндегі санитарлық нормалардың сақталмауы індет жұқтыруға әкелетін бірден-бір фактор.
Малды союдың алдында оны мал дәрігері қарап, дене қызуын өлшеп, тексеруге тиіс. Бұл талапты ауылдағы әр шаруа сақтап отыр ма? Керісінше, малы ауырса, оны сойып, етін сатып жіберуге тырысады. Қазір әрбір аудан орталығында лаборатория бар, бірақ дұрыс жұмыс істемейді. Елімізде лаборатория салуға 75 млрд теңге жұмсады. Алайда онда тек қан талдауын ғана жасайды. Негізінде онда малды ұстап, қажет болғанда барлық тексеру жүргізетіндей етіп салу керек. Екі жылдан бері парламент депутаттары Маңғыстауда облыстық зертхана жоқ екенін айтып мәселе көтеріп келеді. Қазір Қазақстанда малдың нақты статистикасы жоқ. Қағаздағы мал мен қорадағы малдың саны сәйкеспейді. Бірегейлендіру ақсап тұр. Ауылдағы мал дәрігеріне қиын. Күндіз малмен алысады, кешке келіп оны порталға енгізуі керек. Интернет барлық жерде жылдам істей бермейді, - деді Ғайса Әбсәтіров.
«АУРУ ЖҰҚТЫРҒАНДАР ӨЗ БЕТІНШЕ ЕМДЕЛІП ЖҮРЕ БЕРЕДІ»
М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Зәуреш Жұмаділова адам инфекцияны ауру малды сою, терісін сыпырып, етті бұзу, ауру ет пен сүтті ішіп-жегенде жұқтыруы мүмкін. Сондай-ақ ауру малдың жүнін түтіп, өндегенде жұқтыруы ықтимал. Бүгінде елде 2,5 мыңға жуық стационарлық қолайсыз пункт бар.
Мал қорымдары мен стационарлық қолайсыз пункт екеуі бір нәрсе емес. Себебі мал қорымдарына тек күйдіргіден өлген малды ғана емес, аусыл немесе басқа да аурулардан өлген малды көме береді. Егер мал қорымдары ережеге сәйкес жасалып, бетондалған болса, оған көмген мал шіріген күннің өзінде топыраққа сіңіп кетпейді. Стационарлық қолайсыз пункт анықталған кезде оның айналасына санитарлық қорғау аймағы жасалады. Оны Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жасайды. Бұл норма көп жылдан бері бар. Сібір жарасы инфекциясы ұзақ жылдар бойы сақталатындықтан, бұл стационарлық қолайсыз пункті есептен алынбайды, - деді ол.
Эпидемиологтың сөзінше, күйдіргі адамнан адамға жұқпайды. Яғни, адам инфекцияны қоршаған ортаға жұқтырмайды.
Сондықтан ауру адам анықталған кезде оның айналасынан ауру малды іздей бастаймыз. Бәлкім, ол малдың етін бұзып, жүнін түткен немесе стихиялық базардан ет сатып алуы мүмкін. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет оны анықтаумен айналысады. Біз инфекция ошағын іздейміз. Себебі адам жұқтырған болса, демек, сол аймақта ауру мал жерлерген немесе басқа да эпидошағы бар. Тәжірибе көп жағдайда ветеринарлар емес, ауру малын соятын немесе күмәнді етті сатып алатын тұрғындар жұқтыратынын көрсетіп отыр. Жалпы, Қазақстанда ауру жұқтыру көрсеткіші көп емес, бірақ бар. Өкінішке қарай, індет жұқтырған адам дәрігерге бірден келмей, өз бетінше емделіп жүре береді. Елде тіркелген жағдайлардың 95-99 пайызы тері сібір жарасы, одан толық жазылып шығады. Сібір жарасы тіркелмеген жылдар болғанын да атап өту керек, - деді Зәуреш Жұмаділова.
Бұған дейін айтқанымыздай, күйдіргіден мал да, онымен жұмыс істейтін адам да вакцина алуы керек. Алайда Қазақстанда бұл вакцина өндірілмейді, бүгінде ресейлік вакцина пайдаланылып келеді.
Күйдіргі иммунизациясына Денсаулық сақтау министрлігі жауапты. Малмен жұмыс істейтін адамдардың вакцинациясы туралы санитарлық және ветеринарлық талаптарда жазылған. Оның орындалуын жергілікті атқарушы органдар қадағалайды. Алайда елімізде вакцина өндірілмейді. Әрине, өзіміздің вакцина болғаны дұрыс. Бірақ Қазақстан нарығы кішкентай. Вакцина жасау, оны сатып алғаннан да қымбатқа түседі. Біз халықтың бәрін еге алмаймыз. Бұл міндетті вакцина емес. Тек малмен жиі жұмыс істейтін санаулы контингентке қажет. Бір мың адамға бола зауыт салып, вакцина шығару экономикалық тұрғыда тиімсіз. Шығаратын болса, оны өткізетін нарықтарды іздеу қажет, - деп қосты эпидемиолог.
ІНДЕТТІҢ АЛДЫН ҚАЛАЙ АЛАМЫЗ?
Ветеренария ғылымының докторы Ғайса Әбсәтіров күйдіргінің алдын алудың бірнеше жолын ұсынды. Ол Қазақстанда сібір жаралы жерлеу кадастры барын айтады. Алайда, ол ескірген. Аурудың алдын алу үшін біріншіден, аталған картаны жаңарту қажет.
Ол карта халық үшін қолжетімді болуы керек. Бұл − індеттің алдын алудың бір жолы. Ақпарат ашық болса, сонда халық сол аймақта мал жаймайды, сондай-ақ ол жерде жайылған малдың ет-сүтін алмайды. Жалпы, кез келген мал ауруын, оның ішінде күйдіргінің алдын алу үшін міндетті түрде ауруды қадағалау, жұмысты сауатты жоспарлау қажет. Екіншіден, гипериммундық вакцинамен қамту, - деді ол.
Ал эпидемиолог Зәуреш Жұмаділова халыққа стихиялық базардан күмәнді ет алмау керек екенін ескертті.
Ең алдымен стихиялық базардан күмәнді ет алуға болмайды. Кез келген адам базар немесе дүкен, супермаркеттен ет алуға барғанда, онда ветеринарлық белгі барына көз жеткізуі керек. «Ветеринариялық куәлігі бар ма, анықтаманы көрсетіңізші» деп сұрай алады. Тұтынушы мұны сұрауға қорықпау керек, ал сатушы бұл сұраққа жауап беруге міндетті, - деді ол.
Сондай-ақ үйдегі малдан ауру белгісі байқалған жағдайда дереу мал дәрігеріне хабар беру қажет екенін еске салды.
Кейде ауру малды сойып, ет-сүтін көрші қолаң, туыстарына беріп таратып жататын жағдайлар кездеседі. Індет жұқтырған мал міндетті түрде жойылуы керек. Сонымен қатар, шикі немесе шала піскен етті жемеген абзал. Етті қайнатып, дұрыстап дайындау керек. Сібір жарасы бұрынғы замандарда болған. Тек қазақтар етті үш төрт сағат қайнатып жеген. Шикі немесе дұрыс піспеген етті ешқашан жемеген. Эндеметикалық аймақта тұратын адам немесе топырақ, малмен жұмыс істейтін адамдар дәрігермен сөйлесіп, вакцина алуы қажет. Бұған қоса, індеттен вакцинаны уақытылы алып тұру керек, - деді эпидемиолог.
Аталған індеттің алдын алу үшін бұдан бөлек халықты ақпараттандыру жұмысын жүргізу қажет. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін айта кеткен жөн. Сондай-ақ халық арасында, әсіресе эндемиялық, қауіпті аймақтарда үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Айта кетейік, М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы қазақстандықтарға күйдіргі туралы жадынама әзірлеген. Онда адамның инфекцияны жұқтыру жолдары, аурудың белгілері, қауіпсіздік және қорғаныс шаралары туралы ақпарат бар.
* Бұл материал Solutions Journalism in Medicine (SJMED) жобасы аясында шешім журналистикасы жанрында дайындалды. Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің, АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) ресми көзқарасын білдірмейді.