Halyq Uni логотип
×

Техникалық ақау ма, әлде брокерлік айла ма? Салымшылар Jusan брокерін сотқа бермек

Акция алам деп ақшасынан айрылғандар Jusan Invest-ті кінәлайды

 Ербол Тұрымбет 22.10.2024 | 10:45
Техникалық ақау ма, әлде брокерлік айла ма? Салымшылар Jusan брокерін сотқа бермек
Коллаж: Halyq Uni/ЖИ көмегімен жасалды

Jusan Invest-тің бір топ инвесторы брокердің үстінен сотқа арыз беруге оқталды. Менеджерлер үгітімен құрылымдық нота сатып алғандар құнды қағаздарының қалай арзандап жатқанын білмей қалған. Себебі, акция бағасын уақыты көрсетіп отыруға тиіс мобильді қосымша жұмыс істемегенін айтады. Ал брокер болса, құрылымдық нотаның не екенін түсінбеген өздерінен көрсін деген сыңай танытып отыр. Halyq Uni екі тараптың уәжімен танысып көрді.

«Инвесторларға ресми тіркелмеген құрылымдық ноталар сатылған»

Jusan банктің депозит салымшылары 2021 жылдан бастап Jusan Invest брокерімен құрылымдық ноталар түрінде түрлі қаржы құралдарын сатып алуға шарт жасасады. Оны банк өкілдері ұсынған.

Айтуларына қарағанда, салымшылар құрылымдық ноталарды қате түсініп, салған қаражатын үстемеақысымен міндетті түрде қайтаруға болатын қаржы құралы деп түсінген. Сөйтіп, сатып алғаннан кейін актив құнын мобильді қосымшадан көріп отырған.

Алайда, 2023 жылдың мамырында қосымша істемей қалып, айналасы 5 күннен кейін қайта көрсетіле бастайды. Ал қосымшаның жұмысы қалпына келтірілгеннен кейін, клиенттер портфеліндегі құрылымдық ноталардың құны айтарлықтай арзандап, өзгеріп шыға келеді. Кейбір нота 70%, кейбірінде тіпті 90%-ға дейін лезде түсіп кеткен. Демек, екі жыл бойы Jusan Invest-тің қосымшасы ноталардың шынайы бағасын қате көрсетіп келген.  

Уақыт жоғалтып, бізді ештеңе істей алмайтындай жағдайда қалдырды. Оларды уақытында сатып жібере алмадық, өйткені, брокер уақтылы хабардар етпеді. Нәтижесінде бізге айтарлықтай қаржылық залал келтірілді, – дейді салымшылар.

Олардың мәлімдемесіне қарағанда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл екінші тоқсанында тексеріс жүргізгеннен кейін брокер тарапынан қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берілгені анықталған.

Мәселен, мобильді қосымша нақты уақыт режимінде құрылымдық ноталардың нақты құнын көрсетпеген. Брокерде клиенттерді құрылымдық ноталардың жұмысымен таныстыру рәсімі жоқ. Клиенттерге құрылымдық ноталардың қалай жұмыс істейтіні және оның не екендігі туралы толыққанды мәлімет берілмеген. Нәтижесінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы 82 хаттама толтырылған.

Ең қызығы, салымшылардың сөзінше, бұл ноталарды Jusan Invest-тің сатуға құқы болмаған. Себебі, олар Қазақстанда тіркелмеген болып шыққан. Бұл заңсыздықтың бәрі Бас прокуратураға жолданған.

Әйтсе де Агенттік осынша заңсыздықты көре тұра, Jusan Invest-ті құр мемлекетке айыппұл төлеуге міндеттеген. Бірақ ақшасынан айрылғандардың шығынын өтеп беру туралы ештеңе айтылмайды.

Жапа шеккендер арасында бизнесмендер мен ғылым докторы бар

Осындай жағдайға тап болғандардың бірі Қуат Домбайдың айтуынша, брокерге «не болып кеткенін» сұрап хабарласқан.

Олар нотаның құны ішіндегі барлық акцияның орташа бағасымен емес, ең қатты арзандаған акцияның бағасымен саналатынын айтты. Алдында айтқан 30% көлеміне кепілдік береміз дегені де жоқ болып шықты. Сөйтсек, нота бағасы сатып алғаннан кейінгі екі жыл бойы ағымдағы уақытпен емес, сатып алған бастапқы бағасымен көрсетіліп тұрған. Қарасам, тек бір акцияның бағасы тым арзандаған, қалған үшеуі өскен, – дейді ол.

Оның сөзінше, былтыр күзде осы жайды әлеуметтік желіге жазғаннан кейін басқа тұтынушылар да қосылған, арасында бизнесмендер, экономика ғылымдарының докторы бар.

Шындығында мұндай құрылымдық ноталарды бөлшек инвесторларға сатуға болмайды екен. Себебі, қарапайым салымшылар маманданған инвестор емес, ал құрылымдық нота – күрделі қаржы құрал. Ал банк тарапы «өздерің кінәлісіңдер, біз тек сендердің айтқандарыңды орындап отырдық» дегенге келтіреді, – дейді Қуат Домбай.

Jusan Invest: брокерлік қызмет қана көрсеттік

Осы жағдайға байланысты Jusan Invest жауап берді. Компания мәлімдеуінше, құрылымдық ноталар – тәуекелі жоғары құрал. Айталық, банк депозиттерінің жылдық табысы 1% болса, бұлардың табысы 20%-ға дейін барады. Сондай-ақ, құрылымдық ноталарды ірі халықаралық банктер шығарғанына назар аудару керек. Ал Jusan Invest клиенттердің осы қаржы құралдарын сатып алуы бойынша тек брокерлік қызмет көрсеткен.

Дегенмен, мәселенің мәйегі болып тұрған мобильдік қосымшаның неге жұмыс істемей қалғаны туралы брокер ләм-мим тіл қатпайды.

Әйтсе де Jusan Invest инвесторларының ісі бүгінде Бас прокуратураның қарауында жатыр.

Айта кетейік, құрылымдық нота – бұл құнды қағаз, оның құны оған кіретін базалық активтер деп аталатын акциялардың динамикасына байланысты (әдетте 3-тен 5 акцияға дейін). Өнімнің шарттары бойынша, егер акциялардың кем дегенде біреуінің бағасы 35-50%-ға төмендесе, онда нота осы акциядан кейін қайта бағалана бастайды. 2021 жылдан бастап халықаралық қор нарығы дамыған елдердегі инфляцияның өсуіне, геосаяси қақтығыстардың шиеленісуіне, энергетикалық дағдарысқа байланысты турбуленттілік кезеңін бастан өткерген. Қазір жағдай белгілі бір дәрежеде жақсарған. Сәйкесінше, бұл акцияларға және сол арқылы құрылымдық ноталарға оң әсер еткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама