Halyq Uni логотип
×

Миттал кетті, Лаврентьев келді: Апат болған Костенко шахтасында бір жылда не өзгерді?

27 қазанда Қарағандыдағы «Костенко» шахтасында болған апатқа жыл толады

 Ербол Тұрымбет 21.10.2024 | 17:09
Миттал кетті, Лаврентьев келді: Апат болған Костенко шахтасында  бір жылда не өзгерді?
Коллаж: Halyq Uni

Бүгінде «Костенко» шахтасында жұмыс толығымен қалпына келтірілген. Жаңа инвестор инвестициялық бағдарлама жасап, онда қауіпсіздік жүйесіне қомақты қаражат қарастырған. Алайда шешімін таппаған түйткіл әлі көп. Ескі құрылғыларды бір жылда ауыстырып біту мүмкін емес. Персонал жетіспейтін жерлер жетерлік. Ұңғыма тереңдеген сайын, қауіпсіздік жүйесіне ғылыми жұмыстар қолданылып, олар уақытылы енгізілуі керек. Halyq Uni «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасынан бір жылда не өзгергені жайлы сұрап білді.

«Қауіпсіздік жүйесіне ғылыми жұмыстар қолданылуы керек»

Кәсіподақ төрағасы Евгений Буслаевтың айтуынша, көмір шахталарындағы қауіпсіздік жүйесіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Біріншіден «Костенко» шахтасында жұмыс толығымен қалпына келтірілген. Қазір шахта жұмысы қайта жанданған. Тау-кен қалдықтарын шығару жолының дайындығы да жүріп жатыр.

Кеншілер шахталарда Кеңес одағы замамынан қалған бұрғылау қондырғыларымен жұмыс істеп жүргені туралы әлденеше рет айтылған еді.

Әрине, қауіпсіздік жүйесі жағынан шешімі табылмаған түйткілдер әлі де қалып отыр. Бір жағынан қолданылып жатқан бүкіл техника мен құрылғыны бір жылда ауыстырып біту мүмкін емес. Кеншілер бұрынғы техникаларымен істеп жатыр. Бұрғылау жұмыстары бойынша кезінде германиялық қондырғылар сатып алынды. Олар да қазір қолданыста. Бұл тұрғыдан аз да болса ілгерілеушілік бар, – дейді ол.

Оның үстіне, көмір пласттарын газдан уақытылы арылту үшін жердің беткі қабатынан газ шығару ұңғымаларын қазу мәселелері шешіліп жатқанын, бұл да қауіпсіздік жүйесіндегі оң шешімдердің бірі екенін айтты.

Кеншілер орта есеппен 400-500 метр тереңдікте жұмыс істейтіні белгілі. Кейбір жерлерде тереңдігі 700 метрге дейін барады. Ал олардың қолданылып жүрген техникалары мен жұмыстағы қауіпсіздік жүйесі осы тереңдікке лайық па? Тау-кен жұмыстарының тереңдеп жатқанына байланысты кәсіподақ басшысы бұл мәселенің де үнемі көтеріліп жүргенін жеткізді. Тіпті, оған қауіпсіздік саласындағы қандай да бір ғылыми жұмыстар қолданылуы керек екенін, мұның бәрі уақытымен жасалып отыруы қажет екенін айтады.  

Қазір компания инвестициялық бағдарлама жасаған. Соның ішінде қауіпсіздік жүйесіне қомақты қаражат қарастырылған. Қазір ол бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Тағы да айта кетейін, шешімін таппаған сұрақ көп. Оң шешімдердің бірі ретінде қазір кәсіпорындардың қызметкер алып жатқандарын айтар едім. Алайда бәрібір жеткіліксіз. Персонал жетіспейтін аумақтар әлі де бар, – дейді Евгений Буслаев.

Мердігер ұйымдар мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Бұған дейін шахталарда мердігер ұйымдардың да жұмыс істегені белгілі. Ал жаңа инвестор биыл ондай мердігер ұйымдардың қызметінен бас тартқан.

Көмір департаментіне жаңа басшылықтың келуіне байланысты жерасты жағдайында бұрынғыдай мердігер ұйымдар жұмыс істемейді. Ол жұмыстың бәрі тікелей шахталардың өзіне берілген, яғни, барлығымен шахта жұмысшылары айналысады. Жаңадан персонал алу шарасы да сол үшін жүргізіліп жатыр, – дейді кәсіподақ басшысы.

Қарағанды облысы әкімдігі 9 қыркүйекте биыл компания қызметкерлерінің орташа жалақысы 14,8%-ға өскенін мәлімдеген еді. Евгений Буслаевтың айтуынша, ұжымдық келісімшарт талаптарына сай қаңтардан бастап тариф мөлшері мен окладқа осынша индексация жасалған. Ал жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 10-12%-ға көтерілген. Бұл еліміздегі былтырғы инфляция көлеміне сай келеді.

«Зейнет жасын төмендетпей тоқтамаймыз»

Кеншілердің зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуіне байланысты олардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендету көптен сөз болып жүр. Кеншілер кәсіподағы бұл мәселеде де біраз ілгерілеушілік барын айтты.

Мәселен, Қазақстанда қаңтардан бастап кенші зейнеткерлікке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлем енгізілген. Бұл дегеніңіз, жұмысшының 55 жастан бастап зиянды өндірістен кетуіне әрі осындай әлеуметтік төлем алып отыруына мүмкіндігі бар, яғни, жұмысшы жұмыс тәртібіне бағынып жалғастыра береді немесе зиянды жұмысынан шығып, әлеуметтік төлем алып отырады.

Әлбетте, бұл оң үрдіс. Дегенмен, біз кәсіподақ ретінде мұнымен шектеліп қалмаймыз, әрі қарай да жасына байланысты зейнеткерлікке шығу мүмкіндігіне жетпейінше тоқтамаймыз, – деді Евгений Буслаев.

Айта кетейік, 27 қазанда «Костенко» шахтасында апат болып, нәтижесінде 46 адам қаза тапты. Апатқа байланысты елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Жарылыс кезінде жан тапсырған кеншілердің мәйітін іздеу жұмысы бірнеше күн бойы жүргізілді.

17 қаңтарда Бас прокуратура шахтаның 9 лауазымды қызметкері күдікті ретінде танылып, қамауға алынғанын мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Арселор-Миттал Теміртау» компаниясының Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан ел тарихындағы ең нашар мекеме болғанын айтты.

Ал 2023 жылы 8 желтоқсанда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жаңа қожайыны анықталды. Оған қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев қаржы құятын болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама