Руандада 11 адам қайтыс болды: Марбург вирусынан Қазақстанға келетін қауіп бар ма?
Министрлік әуежайларда санитария талаптарын күшейтті
Денсаулық сақтау министрлігі Марбург вирусының алдын алу туралы ескерту жариялады. Жарқанаттан жұғатын бұл вирусқа қарсы әлемде вакцина жоқ, алайда өлім-жітім деңгейі өте жоғары. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
30 қыркүйекте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африка елдерінде Марбург вирусының белең алғаны туралы ескертті. Руанда елінде 36 адам Марбург вирусын жұқтырып, ішінде 25 адам стационарлық ем қабылдап жатыр. 11 адам қайтыс болды. Марбург вирусы өте қауіпті вирустық ауру болғандықтан, өлім-жітім деңгейі өте жоғары. Ауырған адамдардың арасында өлім-жітім деңгейі 25-90%-ға жетеді. Марбург вирусы – жұқпалы ауру. Жарқанаттардан маймылдарға, басқа да жануарға, одан адамға жұғуы мүмкін. Вирус тікелей байланыс арқылы жұғады, - дейді маман.
Айтуынша, Қазақстандықтарға аса қатты қауіп төніп тұрған жоқ, алайда вирустың сырттан келтірмеу маңызды. Сол себепті денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекараларда санитариялық-карантиндік талапты күшейткен.
«Мамандар жүргізетін скрининг дене қызуы жоғары адамды анықтап, белгі береді. Мұндай жағдайда азаматты елге кіргізбей, бірден оқшауланады. Алдымен борт қызметкері ұшақта ауырып келе жатқан адамды байқаса, бірден әуежайға хабар береді. Белгіленген алгоритм бойынша сигнал береді. Арнайы дайындалған мамандар борттан түске кезде термометрия құрылғысымен жолаушыларды тексереді. Аса қауіпті инфекция жұқтырғанына күдік болса, жедел жәрдем көлігімен инфекциялық ауруханаға жеткізіліп, зерттеу жүргізіледі», - дейді Алпысбаев.
Айтуынша, қазір әлемде Марбург вирусына қарсы вакцина жоқ.
Марбург вирусына қарсы вакцина, арнайы ем-дом да жоқ. Дене қызуы көтерілсе, бұлшық еті ауырса, қолда бар дәрі-дәрмекпен емдеуге болады, - дейді Жасұлан Алпысбаев.
Комитет өкіленен сыртқы істер министрлігімен бірлесе қандай жұмыс атқарылып жатқанын нақтыладық. Алпысбаевтың айтуынша, СІМ қосалқы жауапты орган ретінде белгіленген.
«Шетелдегі қазақстандықтар бұл вирустан хабардар. Марбург вирусының ошағы – Африка елдері. Ол жақта біздің азаматтар кәсібін жүргізіп отырса, оларға консулдық арқылы ескертіледі. Қай жерге баруға болмайтынын, қорғаныс түрлері түсіндіріледі. Елімізде Марбург вирусы тіркелмесе де, шетелге шығатын азаматтар бар екені анық. Ол азаматтар бұл вирус тараған елдерде баратын кезде өте сақ болғаны жөн. Ауырған, өзін жайсыз сезінген адамдармен байланысқа түспей, жабайы аңдарға жақындамау керек», - дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Марбург вирусы бұған дейін Қазақстанда анықталған емес. Сондай-ақ вирусқа байланысты елде карантин жарияланбайды.