ЖЭО-2-ден тарайтын қалдық он есе азаяды
Алматыдағы ЖЭО-ларды газға ауыстыру жұмыстары жайлы мәлімет берілді
«Самұрық-Энерго» АҚ Алматыдағы жылу электр орталықтарын газға ауыстыру мәселесі бойынша мәлімет берді. Компания мәліметінше, ЖЭО-2 газға ауысқан соң одан шығатын зиянды заттарды жылына 37,3 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік туады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының хабарлауынша, газ жылу станциясынан ЖЭО-2-ге дейін жалпы ұзындығы 5,9 шақырым болатын жоғарықысымды газ жеткізуші құбырдың құрылысы 2024 жылғы наурызда аяқталып, пайдалануға берілген.
Ал «Самұрық-Энерго» АҚ мәліметінше, қазір Алматы ЖЭО-2-нің қуаты 510 МВт, «Алматы ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып жаңғырту» жобасы іске асырылғаннан кейін оның қуаты 557 МВт-қа дейін өседі. Алматы ЖЭО-3-тің қазіргі қуаты 173 МВт, ол да «Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңарту» жобасы іске асырылғаннан кейін өз қуатын 543,6 МВт-қа дейін арттырады.
Компания мәлімдеуінше, тұтастай алғанда, Қазақстанда осы жобаларды іске асыру Париж келісімін (Paris Agreement), Қоршаған орта және даму жөніндегі Алматы Декларациясын, Шекаралық аудандардағы қоршаған ортаға әсер ету туралы келісімді және БҰҰ-ның климат туралы негіздемелік конвенциясын (UNFCCC) қоса алғанда, бірқатар маңызды халықаралық келісімдердің сақталуына және орындалуына ықпал етеді.
Сондай-ақ, ЖЭО-2-ні табиғи газды жағуға көшіру есебінен станцияның Алматы қаласының экологиялық жағдайына теріс экологиялық әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру арқылы ЖЭО-2-ден шығатын зиянды заттарды жылына 37,3 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік туады, деп жазылған ресми жауапта.
Әзірге Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының хабарлауынша, автоматтандырылған газ таратушы станциядан ЖЭО-3-ке дейін Д720 мм болатын жоғарықысымды газ жеткізуші құбырдың құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар жоспарға сай биыл желтоқсанда аяқталуы керек.
«Самұрық-Энерго» АҚ мәліметінше, жоба бойынша екі жобаға да EPC-келісімшарттар жасалған. Негізгі жабдықты жеткізуге келісім орнаған. Қазір инженерлік-іздестіру және дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде.
Осы айтылғандардан шығатын қорытынды, «Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» және «Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңғырту» жобалары бойынша жаңа станцияларды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланып отыр. Пайдалануға берілгеннен кейін екі станцияның жалпы электр қуаты 1140 МВт-ты құрайды.