×

Жеке дерек деген не және оны қалай қорғауға болады?

Деректер желіге тарап кетсе, Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жазбаша түрде немесе e-Otinish арқылы хабарласқан жөн

 Айгерім Таубай 03.10.2024 | 17:02
Фото: Halyq Uni

Азаматтың жеке деректері желіде тарап кетсе, жарнама агенттігі не алаяқтардан келетін қоңырау жиілейді. Сондай-ақ электронды поштаға спам хабарлама, түрлі сілтеме келетін болады. Ал мұның алдын алу үшін не істеу керек? Жеке дерек тарап кеткеннен кейін не істеуге болады? Бұл сұрақтарға SOC PS Cloud Services сарапшысы Темірлан Аймурзин жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жеке дерек деген не?

Маманның айтуынша, жеке деректердің тарауы жыл өткен сайын өзекті болып барады. Мұндай ақпараттың тарап кетуіне жеке не қоғамдық ұйым ғана емес, адами фактор да әсер етуі мүмкін. Егер жеке деректер тарап кетсе, жарнама берушілер мен алаяқтар жиі хабарласуы әбден мүмкін.

Жеке деректер – кез келген белгілі бір адамды тікелей немесе жанама түрде танытатын ақпарат. Сонымен адамның жеке дерегіне не кіреді:

  • аты, тегі, әкесінің аты;
  • туған күні мен туған жері;
  • ұлты, жынысы;
  • куәландыратын ақпарат (ЖСН, жеке куәлік нөмірі)
  • заңды мекенжайы, тұрғылықты жері;
  • телефон нөмірі;
  • отбасы және әлеуметтік жағдайы;
  • жылжымалы және жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы;
  • білімі, мамандығы, жұмыс орны;
  • кәсібі және биометриялық дербес деректері;
  • қаржы деректері.

Осы жерде көрсетілген ақпарат алаяқта үшін аса маңызды. Олар қаржылық, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі, куәландыратын құжаттарға қызығушылық танытады. Сондықтан әлеуметтік желілерде өзіңіз туралы ақпаратты жариялаған кезде мұқият болыңыз, құпия деректерді жарияламаңыз. Мысал келтіре кетсем, жастар кез келген жетістікке жеткенде «көрімдік» алғысы келіп, телефон нөмірін немесе банк шотын жариялайды. Алаяқтар мұны да пайдасына асыра алады, - дейді Темірлан Аймурзин.

Жеке дерек тарап кетсе...

Сарапшының айтуынша, жеке дерек тарап кетсе, жарнама агенттігі не алаяқтардан келетін қоңырау жиілейді. Сондай-ақ электронды поштаға спам хабарлама, түрлі сілтеме келетін болады.

Алаяқтардың басты мақсаты – азаматтың қаражатын иемдену. Түрлі әңгіме айтып, адамды адастыруға тырысады. Олар «табысқа» жету үшін әлеуметтік инженерияны сауатты пайдаланады. Егер жеке құжатыңыз тарап кетсе, алаяқтар атыңыздан несие рәсімдеуі де мүмкін. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанып, сіздің атыңыздан әртүрлі шағын несие ала алады. Шағын несие беретін ұйымдарға кімге несие беріп жатқаны маңызды емес, өйткені кейін қарызды сізге төлетеді. Мұндай жағдайларда сотта жәбірленуші тарап жиі ұтылады, салдарынан алаяқ алған қарызды басқа адам төлеуге мәжбүр, - дейді маман.

Жеке деректі қалай қорғауға болады?

Темірлан Аймурзин жеке деректердің тарап кетуіне алдымен азаматтардың өздері кінәлі екенін айтады.

Адамдар фишинг сайтқа кіріп немесе зиянды бағдарламаны жүктеп, өз дербес деректерін зиянкестерге жібереді. Мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдардан халықтың дербес деректері тарап кетуі сирек кездеседі, - дейді ол.

Егер жеке деректер тарап кетсе, бірқатар талапты орындаған жөн:

  • Egov арқылы банк пен микроқаржы ұйымдарынан несие алудан өз еркіңізбен бас тартуға өтініш беріңіз;
  • алаяқтардың сізге хабарласатынына дайын болыңыз. Отбасыңыз бен достарыңызды алаяқтар хабарласуы мүмкін екенін ескертіп қойыңыз;
  • электронды поштаңыз бен әлеуметтік желіге келген сілтемелерге мұқият болыңыз;
  • төлқұжат тарап кетсе, құжатты ауыстыру керек;
  • егер ұйымда адамдардың жеке деректері жаппай тарап кетсе, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» 2013 жылғы 21 мамырдағы № 94-V заң бойынша зардап шеккен ұйым сізге ол туралы ескертуі керек және өтемақы беруі қажет;
  • жеке деректер желіге тараған жағдайда Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жазбаша түрде немесе e-Otinish арқылы хабарласқан жөн;
  • зиянды бағдарламалардың бар-жоғын антивирус арқылы тексерген жөн.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама