Халық көп шоғырланған өңірлерде жыл сайын қанша тұрғын үй салынып жатыр?
Елордада былтыр 123 тұрғын үй бой көтерген
Астанада биыл жарты жылда көпқабатты 84 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы қаланың сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Бұл тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 1 676,4 мың шаршы метр. Ал 2023 жылы қалада 123 тұрғын үй бой көтерген, оның аумағы 3 809,8 мың шаршы метрді құраған. Одан бір жыл бұрын 112 көпқабатты үй салынған. 2022 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй аумағы – 2 369,3 мың шаршы метр.
Қалада үй кезегінде тұрғын жастарға жалға берілетін пәтерлерге келсек, 2023 жылы тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жалға беру үшін әкімдік 3 019 пәтер сатып алған. Олар Есіл, Алматы және Сарыарқа ауданында орналасқан. Ал биыл одан азырақ пәтер сатып алынған. Халықтың тұрмысы төмен азаматтары үшін 1 500 пәтер алынса, жұмыс істейтін жастар үшін 1050 пәтер алған. Олар Алматы және Сарыарқа ауданында орналасқан.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Елімізде халық көп шоғырланған өңірдің бірі – Түркістан облысы. Өңірде биыл жарты жылда 370,8 мың шаршы метр тұрғын үй халыққа беріліп, былтырмен салыстырғанда көрсеткіш 120,2% өскен. Ал 2023 жылы жалпы 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 2022 жылғы көрсеткіш – 864,1 мың шаршы метр. Облыс әкімдігі биыл жалпы алғанда 1167,2 мың шаршы метр тұрғын үйді салынады деп жоспарлаған.
2023 жылы сатып алу құқығынсыз халыққа жалға беру үшін 42,9 мың шаршы метр 716 пәтер сатып алынды. 2024 жылы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 2 590 пәтер, 170,5 мың шаршы метр 221 тұрғын үй сатып алу жоспарланған», - деп жауап берді облыс әкімдігі.
Ал қазірге дейін өңірде 23 тұрғын үй сатып алынған. Оның жалпы ауданы –13,3 мың шаршы метр. Мұнда 199 пәтер бар.
Ал бұл пәтерлердің қайда орналасқанына келсек, жергілікті атқарушы органдар еш ауданның назардан тыс қалмағанын айтып өткен. Мәселен, биыл 2 590 пәтер алынады. Бұл тізімге Бәйдібек ауданы – 8 пәтер, Жетісай – 53, Келес – 106, Қазығұрт – 40, Мақтаарал – 87, Ордабасы – 136, Отырар – 50, Сайрам – 60, Сарыағаш – 90, Сауран – 64, Созақ – 48, Төлеби – 120, Түлкібас – 104, Шардара – 120, Арыс – 60, Кентау қаласы – 60, Түркістан қаласы – 1374 пәтер сатып алынады.
ОБЛЫС ӘКІМДІКТЕРІ ҚАНША ПӘТЕР САТЫП АЛДЫ?
Маңғыстау облысында биыл жарты жылда 251 332 шаршы метр тұрғын үй салынған. Ал былтыр 12 ай ішінде 796 567 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Ал өңір басшылығы 2023 жылы салып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй үшін әкімдік 123 пәтер сатып алды. 2024 жылы 826 пәтер сатып алу жоспарланған.
Алматы облысында жарты жылда 588,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Былтыр жалпы 820,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ облыс әкімдігі азаматтарға жалға беру үшін облыстағы барлық ауданнан жалпы 281 пәтер сатып алған. Ал биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе өсіп, 989 үйге жеткен. Алайда облыс әкімдігі қазірге дейін оның қаншасы сатып алынғанын, қанша үй жыл соңына дейін алынатынын нақтыламады.