×

Алматының ауасын ластайтын түтіннің 60%-ы автокөліктерден шығады

Қалада 19 стационарлық және 3 мобильді экопост жұмыс істеп жатыр

 Ербол Тұрымбет 30.09.2024 | 14:45
Фото: Halyq Uni

Алматы қаласында ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін 2021-2024 жылдар аралығында жыл сайын 47,6 мың тонна, 2025 жылға қарай жылына 7,8 мың тонна деңгейіне жеткізу жөнінде мақсатты көрсеткіші қойылған. Соңғы зерттеу бойынша қаладағы ауаға тарайтын түтін 189 мың тоннаны құраған. Halyq Uni Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасынан қала ауасының сапасын жақсарту мақсатында қандай шаралар атқарылып жатқанын білді.

Алматыда ауаға тарайтын ластаушы заттардың көлемі қандай? Оның ішінде көліктердің, ЖЭО және басқаларының үлесі қанша?

Басқарма 2022 жылғы желтоқсан мен 2024 жылғы наурыз аралығында Алматы қаласының ауа бассейнінің ластануын, сонымен қатар, Алматы агломерациясы іргелес аудандарының әсерін ескере отырып, қорытынды есептер жасады. Алматы агломерациясы іргелес аудандарының әсерін ескеру атмосфералық ауаның фондық ластануын дұрыс бағалауға, сондай-ақ, Алматы қаласының жерге жақын ауа бассейніндегі ластаушы заттардың таралуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Шекті рұқсат етілген қалдықтардың қорытынды есептеріне сәйкес, Алматы қаласының атмосферасына шығарылған жалпы ластаушы заттардың көлемі 189 мың тоннаны құрады, оның ішінде: 112,7 мың тоннасы (60%) – автокөліктерден; 52,1 мың тоннасы (27,5%) – өнеркәсіп кәсіпорындарынан; 21,2 мың тоннасы (11%) – жеке тұрғын үйлер мен моншалардан; 1,4 мың тоннасы (0,74%) – шағын және орта бизнес нысандарынан; 1,4 мың тоннасы (0,76%) – құрылыс нысандарынан. ШРҚ қорытынды есептерін әзірлеу барысында 509 қоғамдық тамақтану орны мен 12 316 монша кешенінің әсері де ескерілді. Қазір сол ластаушы қалдықтарды азайту мақсатында бірқатар кешенді шара атқарылып жатыр.

ЖЭО-лар газға ауысқан жағдайда қаланың ауасына әсері қандай болады? Ауа құрамы қалай өзгеруі мүмкін?

Алматыдағы 2-ЖЭС-ті газға ауыстыру бойынша жұмыстар басталды, жобаның аяқталу мерзімі – 2026 жылдың соңы. Қазіргі өндіріс алаңында жаңа газ станциясы салынады. Соның арқасында зиянды заттардың көлемі 2022 жылғы 37,3 мың тоннадан 2026 жылы 2,7 мың тоннаға дейін төмендейді, яғни 34 мың тоннаға азаяды.

Алматының экологиялық жағдайына Алматы облысының Іле ауданында орналасқан 3-ЖЭС-тен шығатын қалдықтар да әсер етеді. Алматыдағы 3-ЖЭС-ті жаңғырту жобасы қоршаған ортаға әсерін азайтумен қатар жүзеге асырыла бастады. Соған байланысты «Самұрық-Энерго» АҚ Алматыдағы 3-ЖЭС-ті газға ауыстыру бойынша жұмыс бастады: техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, EPC (жобалау, сатып алу, құрылыс) мердігерін таңдау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілді. Жоспарланған жаңғыртудан кейін 3-ЖЭС-тен шығатын қалдықтар 2022 жылғы 10,6 мың тоннадан 2026 жылы 1,5 мың тоннаға дейін азаймақ. Аталған іс-шаралар нәтижесінде, 2025 жылға қарай ластаушы заттар көлемі 113 мың тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 89 мың тоннаға дейін азаяды деген болжам бар (2022 жылмен салыстырғанда 30%-ға төмендеу).

Қаланың ауа сапасын жақсарту бойынша қандай индикаторлар қойылған? Ол межелер қалай орындалып жатыр?

Алматы қаласы бойынша 2021-2024 жылдар аралығында жыл сайын 47,6 мың тонна, 2025 жылға қарай – 7,8 мың тонна/жыл мақсатты көрсеткіші қойылған. Бұл көрсеткіштің төмендеуі 2-ЖЭС жаңғырту жоспарларымен байланысты. Алматы қаласы экология департаментінің ақпараты бойынша, I санаттағы нысандар үшін атмосфераға шығарылған қалдықтардың рұқсат етілген лимиті 2023 жылы 45,289 мың тонна құрады. Мемлекеттік статистика деректерінде Алматы қаласы бойынша I санаттағы нысандардан 2023 жылы атмосфераға шығарылған нақты валдық қалдықтар 44 мың тонна болды.

Еліміздегі мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес Алматы қаласы әкімдігі 2021-2025 жылдарға арналған Алматы қаласының даму жоспарын жүзеге асырып келеді. Жоспарды жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспары жүзеге асырылу үстінде.

Автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтарды реттеу мақсатында 2023 жылы автомобильдер қалдықтарын өлшеу қағидалары бекітілді. Алматы қаласының периметрі бойынша 19 стационарлық экологиялық пост және 3 мобильді экопост жұмыс істейді. 2024 жылдың 8 айында 19 экопостта 131 593 өлшем жүргізілді, оның ішінде бензин қозғалтқышы бар көліктерден – 130 207 автокөлік, дизель қозғалтқышы бар көліктерден – 1 332 автокөлік тексерілді. 19 300 автокөлікте техникалық регламентпен белгіленген зиянды қалдықтардың уытты және түтін деңгейінің асып кеткені анықталды, оның ішінде көміртек оксиді бойынша 18 997 және түтін бойынша 303 жағдай тіркелген. Бұл тексерілген көліктердің 15%-ын құрайды.

Автокөліктердің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту мақсатында Алматы қаласында дизель отынымен жүретін қалалық қоғамдық көлікті пайдалануға кезең-кезеңімен тыйым салынып келеді. 2025 жылдың соңына дейін қоғамдық көлікті толықтай экологиялық таза көлік түріне ауыстыру жоспарланған. 2024 жылдың соңына дейін Алматы қаласы әкімдігі газбен жүретін жаңа 600 автобус, 100 троллейбус, 100 электробус, сондай-ақ, жеке тасымалдаушылар есебінен газбен жүретін 400 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

Бүгінде Алматы қаласында 7 АГНҚС (Автомобильді газ толтыру компрессорлық станциясы) жұмыс істейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 сәуірде Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы заңға енгізілген түзетулерге қол қойды, соған сәйкес Алматы қаласы әкімдігі атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын қабылдай алады. Қазір экологтардан, көлік мамандарынан, ғалымдардан және ел ішінен құрылған мүдделі экологиялық жұмыс тобы Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қағидалар автокөліктерді пайдалану, зиянды қалдықтары аз аймақтарды ұйымдастыру және арнайы экологиялық талаптарды бұзу жағдайларын анықтау мәселелерін реттеуді қарастырады. Аталған қағидаларда техникалық тексеру станцияларында зиянды қалдықтарды өлшеуді реттеу және автокөліктердің уыт пен түтін нормаларын сақтау мониторингі туралы деректерді Алматы қаласының Экологиялық құзыреттер орталығының дерекқорына интеграциялау мәселелері қарастырылады, бұл деректер экопосттардағы зиянды қалдықтар мониторингі нәтижелерімен бірге жіберіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама