×

Мемлекет жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көбірек ақша төлейтін болды

Бұл өзгеріс бюджет пен сатып алынатын тұрғын үй көлеміне әсер етеді

 Айгерім Таубай 27.09.2024 | 11:40
Фото: Halyq Uni

Мемлекет тұрғын үй салатын құрылыс компанияларына көбірек ақша төлейді, содан кейін пәтерлер азаматтарға сатып алу құқығымен жалға беріледі. Қазақстандықтар үшін бұл өзгерістер айтарлықтай әсер етпейді, алайда бюджетке және сатып алынатын тұрғын үй көлемінде өзгеріс болады. Бұл туралы Қазақстан құрылысшылар одағы мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті басқармасының бас сарапшысы Марат Жарбұловтың сөзінше, тамыздың соңында сатып алынатын тұрғын үй құрылысын қаржыландыру ережелеріне өзгеріс енгізілген.

Осылайша бір шаршы метрдің құны Астана қаласында 320 теңгеден 380-390 теңгеге, ал өңірлерде 350-360 теңгеге артқан. 

Баға барлық жобада қымбаттаған жоқ, тек кешенді құрылыс пен Қазақстан тұрғын үй компаниясы жүзеге асыратын сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге қатысты болып отыр. Басқа жобалар бойынша баға саясатында өзгеріс жоқ, - деді Марат Жарбұлов.

Қазақстан құрылысшылар одағы президиумы төрағасының орынбасары Валерий Лакисовтың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясындағы тұрғын үйді салатын құрылыс компаниялары біраз уақыттан бері бағаны көтеруді сұраған.

Жергілікті атқарушы органдарда әрі қарай жалға берілетін әрленген үйлерге сұраныс бар. Қазақстан тұрғын үй компаниясының ақпаратына сәйкес, шамамен 125 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй жетпейді. Бұл қажет механизм, себебі ол тұрмысы төмен халықты тұрғын үймен қамтуға мүмкіндік береді. Дей тұрғанмен құрылыс компаниялары қажет сомадан төмен бағаға салып жатқаны мәселе тудырып отыр. Оның құны нарықтан әлдеқайда төменге бағаланған. Оның ішінде тұрғын үйдің әрленген күйде берілуі қажет екені де бар, - дейді Валерий Лакисов.

Айтуынша, Астана бойынша құрылыс салушылардан шаршы метрі шамамен 320 мың теңгеден сатып алынады. Алайда бұл баға құрылыс компаниясының дамуына мүмкіндік бермейді. 

Кейінгі 18-20 айда бағаның қымбаттауына байланысты құрылысшылар одағы тұрғын үй салушылардан жалға беру үшін сатып алынатын пәтерлердің құнын шаршы метрі үшін 380 мың теңгеге көтеруді ұсынды. Бұл баға әкімдіктерге нарықтан төмен бағаға жалға беру үшін пәтер сатып алуға мүмкіндік береді, ал құрылыс компаниясына әрі қарай шығынсыз дамуға мүмкіндік береді. Ал өңірлерде бұл баға 360 мың теңгеден кем болмауға тиіс, - дейді құрылысшылар одағы президиумы төрағасының орынбасары.

«Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, бұл жағдайда бюджет шығын көбейеді, құрылыс компаниясының жағдайы жақсарады.

«Шартты түрде алып қарасақ, бұған дейін 2 млрд теңгеге 100 пәтер сатып алса, енді осы бағаға 80 пәтер алады. Ал жалға алушыға бұл өзгеріс әсер етпейді», - дейді Ибрагимова.

Сондай-ақ Валерий Лакисов ислам ипотекасын енгізуге қатысты да пікір білдірді.

Ислам ипотекасын енгізу ең алдымен діни сеніміне қатысты санаттағы азаматтадың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Себебі шариғат нормалары бойынша ипотека алу басқа күнәлармен қатар тұрады. Соған байланысты діни сеніміне байланысты кей адам ипотека рәсімдей алмайды. Мұндай ипотеканы іске қоссақ, шамамен 1,5 миллион адам өз сенімі аясында баспана сатып ала алады, - дейді Валерий Лакисов.

Ол ішкі нарықтан экономикаға инвестициялардың өсуіне қатысты да айтты. Демек, адамдардың қолындағы баспананың 30 не 40 пайыз бастапқы жарнасы Қазақстан экономикасына бағытталады. Бұл шамамен 1 трлн теңге.

«Ескере кететін тағы бір жайт – сыртқы инвестиция тарту. Демек, егер бізде осы ұстанымдарға сәйкес келетін «құралдар» болса, онда Катар және араб қорларын тарта аламыз. Қазақстан экономикасына қаражат тікелей түседі. Басты мақсат  – тікелей шетелдік инвестиция тарту», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама