«Өзін керексіз сезінгенде хабарласады»: баланы қауіпті онлайн ойындардан қалай қорғауға болады?
Мамандар кез келген жағдайда баламен ашық әңгімелесуге кеңес берді
Елімізде балалардың суицидке баруына бірнеше фактор әсер етеді. Бұл қатарда жалғыздық, ата-ана, туыстар, құрдастарымен қарым-қатынасы және буллинг, қорқытып-үркіту әрекеті де бар. Мұндай ақпаратты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жариялады. Айтуынша, суицидке баратын жасөспірімдердің орташа жасы – 15-17 жас. Өкініше орай 11-13 жастағылар арасында мұндай жағдай жиі кездеседі. Елде кейінгі бірнеше аптада балалар арасындағы суицидке қатысты бірнеше жағдай тіркелді. Соған байланысты Halyq Uni мамандардан мұнын себебін сұрап көрді.
ӨЗІН ҚАЖЕТСІЗ СЕЗІНГЕН БАЛАЛАР ХАБАРЛАСАДЫ
Дағдарыс орталықтары одағы базасында құрылған «150» сенім нөмірінің үйлестірушісі әрі одақтың PR-менеджері Әлия Жанғожинаның айтуынша, сенім телефоны қаржы жетпеуіне байланысты дйүсенбі-жұма аралығында таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Бұған дейінгі жылдары ол тәулік бойы психологиялық көмек көрсеткен.
Сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істеген тұста ай сайын 8 мыңға тарта қоңырау түсетін. Оның ішінде әртүрлі топтағы адамдар түрлі себептер бойынша хабарласатын. Отбасыдағы жандал, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де көп. Ал жасөспірімдердің жағдайына келсек, суицидке бару туралы ой құрдастарымен арасындағы қиын қарым-қатынас, мектептегі буллинг және жасөспірімді үйіндегі жақындарының түсінбеуінен пайда болады. Бала өзін керексіз санайды, өзін түсінбейді деп ойлайды. Кейде туыстарының қатыгездігі, зорлық-зомбылық та себеп болады, - дейді Әлия Жанғожина.
Маманның айтуынша, жасөспірімдер көп жағдайда кешкі уақытта хабарласады.
«Жасөспірім өзін дұрыс түсінбей қалады немесе мүлде тыңдамайды деген ойдан қорқады. Бұл оның ересек адамдарға деген сеніміне тікелей байланысты. Бірінші орында жасөспірімдерге емес, ересектерге, ата-аналарына көңіл аудару қажет. Ата-ана «баланың киімі бүтін, тамағы тоқ, мектепке барады» деп емес, баламен жылы, сенімге негізделген қарым-қатынас құруы керек. Баланың өмірінде не болып жатқанын, немен айналысып, неден қорқатынын білгені жөн. Баламен міндетті түрде сөйлесу қажет. Балаға барлық мәселе шешілетінін, ешқандай жағдай оның өмірінен қымбат емес екенін түсіндірген жөн», - дейді маман.
«150» сенім нөміріне хабарласқан балалар мен жасөспірімдер әдетте өзінің атын атамайды.
Бала зорлық әрекеті туралы хабарласа, психологтар оның ашылып, мән-жайды айтуы үшін жұмыс істейді. Бұл жағдайда балаға көмектесе алатынымызға сендіреміз. Әрі қарай ювеналды полицияға хабарласып, істі құқық қорғау органдарына дейін жеткіземіз. Мұндай жағдай тәжірибемізде бар, - дейді Әлия Жанғожина.
БАЛАНЫ ҚАУІПТІ КОНТЕНТТЕН ҚОРҒАУ ЖОЛДАРЫ
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының киберқауіпсіздік саласындағы сарапшысы Евгений Питолиннен бала үшін қауіпті ойындар мен бағдарламалар туралы сұрадық. Сарапшының айтуынша, мұндай ойынның түрі көп. Алайда олардың тізімі жарияланып, баланың телефонынан оларды өшіріп тастау ғана қажет деп ойламау керек. Себебі бір ойын не бағдарламаны өшірсеңіз, орнына басқасы пайда болады.
Балалар әлеуметтік желіде кибербуллинг пен орынсыз мазмұндағы контентпен бетпе-бет келетіні белгілі. Көп адам қолданатын онлайн ойындарда бейтаныс адамдармен байланысқа түседі. Зорлық-зомбылық элементтері бар ойындар психикаға теріс әсер етуі мүмкін, ал танысуға арналған қосымшалар балалар үшін қауіпті. Ата-аналар баланы мұндай ойындар мен бағдарламаларды қолдануын бақылау үшін нақты ереже орнатуы қажет. Баланың ойындарға деген саналы көзқарасын қалыптастыру үшін қай ойынды немесе бағдарламаны қолдануға болатынын, қай бағдарламаны қолдану қауіпті екенін бірге талқылау керек. Мұндай талаптар балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін тануға көмектеседі, - дейді маман.
Ата-аналар iOS пен Android құрылғыларында бақылау функциясын пайдалана алады. Сондай-ақ қандай да бір бағдарламаны қолдауға рұқсат беруге арналған қосымшаны орнатуға болады. Мұның бәрі баланың қандай бағдарламаны қолданатынын және одан шектеуге мүмкіндік береді.
«Бақылаудың тағы бір жолы – орнатылған бағдарлама мен оны қолдану жиілігін тексеру. Балалармен жүйелі түрде интернетте қандай контент тұтынатынын талқылау арқылы ата-аналар олардың қызығушылығы мен бетпе-бет келуі мүмкін қауіпті түсінеді. Сондай-ақ балаларды қауіпті жағдайларды тануға үйретіп, олар тұтынатын контентті талқылау да маңызды. Әлеуметтік желідегі «жабық» аккаунт та маңызды рөл атқарады», - дейді Евгений Питолин.
Сарапшы да баланың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін онымен ашық сөйлесу қажет деген пікірде.
Айта кетейік, 23-27 қыркүйекте Қазақстандағы барлық мектепте ата-аналар жиналысы өтеді.