«Вакцина вирустың барлық түрінен қорғамайды»: елімізде 11 жастағы қыздарға екпе салу басталды

Айгерім Таубай

175 мың оқушыға вакцина салу жоспарланған

Коллаж Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрлігі хабарлауынша, елімізде күн сайын екі әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Аурудың алдын алу үшін Қазақстанда 11 жасқа толған қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салу басталды. Halyq Uni қай ел өндірген вакцина таңдалғанын және оның адам папилломасы вирусының қанша түріне қарсы тұра алатынын сала мамандарынан сұрады.

Олардың сөзінше, АПВ-ның 200-ге тарта түрі бар, ал Қазақстан таңдаған вакцина тек 4 түріне қарсы қуатқа ие.

ВАКЦИНА 175 МЫҢ ОҚУШЫҒА САЛЫНАДЫ

Денсаулық сақтау министрлігіндегі вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасы басшысы Нұршай Әзімбаеваның айтуынша, елге жалпы 350 мың доза вакцина жеткізіледі. Ол 175 мың қызға салуға арналған.

Вакцина екі дозадан тұрады, алты айдан кейін екінші дозасын алады. Айдың аяғына дейін вакцина барлық өңірге жеткізіледі. Қазірге дейін вакциналауды тек Қарағанды облысы бастады. АВП-ның 200-ден астам типі бар, оның ішінде қатерлі ісік тудыруы мүмкін 14 түрі бар. Вакцина вирустың барлық түрінен қорғамайды, тек онкологияны тудыратын 4 түрінен қорғауға бағытталған. Онкологияның 70 пайызы АПВ-ның 16 және 18 типінен туады, - дейді Әзімбаева.

Маманның айтуынша, вакцина салғаннан кейін бұлшық ет ауырсынуы, ісуі, қызаруы және қыздардың дене қызуының көтерілуі мүмкін.

«Ауыр реакция ішінде анафилактикалық шок болуы мүмкін. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін 270 млн доза вакцина салынған, ауыр түрдегі реакция тіркелмеген», - дейді маман.

Әлемде тоғыз валентті де вакцина бар, алайда министрлік оны алу үшін ұзақ жыл қажет екенін айтады. Сол себепті қолжетімді вакцинаны таңдаған.

«Тоғыз валентті вакцина кей мемлекеттер үшін қолжетімсіз. Ұзақ уақыт кезек күту қажет болды, сондықтан төрт валентті вакцинаны алып отырмыз», - дейді Әзімбаева.

АҚШ 9 ЖАСТАН БАСТАЙДЫ

АҚШ-тың Индиана штаты үкіметінің онкология реестрінің директоры Айнұр Айыпханова екі елдегі қатерлі ісікке шалдыққандарға қатысты ақпараттың жиналуына, жүйеге қойылғанына назар аударды.

АҚШ-та онкологияға қатысты цифрландыру өте жоғары деңгейде. Онкологияға шалдыққан әрбір адам туралы ақпарат штаттың денсаулық сақтау департаментіне электронды түрде келеді. Ол ақпарат жыл сайын жиналады. Мысалы, Индиана штатында жылына 40 мыңға жуық адам онкологияға шалдығады. Бұл ақпаратты жыл сайын министрлікке тапсырып отырамыз. АҚШ-тың денсаулық сақтау министрлігіне 50 штаттан ақпаратты статистика түрінде жариялап қояды. Қай штатта көрсеткіш өсті, азайды, қандай мәселе туындады деген сұраққа жауап іздейді, - дейді Айнұр Айыпханова.

Маман Қазақстанда жұмыс көп жүргізілгенімен, жүйеге келмегеніні айтып өтті.

Айнұр Айыпханова 4 баланың анасы екенін айтады. АҚШ емханасында қызы 14-15 жасқа толғанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салдыруды ұсынған.

«Өзімнің шетелдік екенімді, өзімнің бұл вакцинаны салдырмағанымды айттым. Сонда дәрігер «адам папилломасы вирусына қарсы вакцина қызыңды қатерлі ісіктің 15 түрінен сақтап қалады» деп айтты. АҚШ-та бұл вакцина 15 жыл бұрын енгізілген. Сол кезде ата-аналар түсінбей, қорыққан. Бірақ вакцина бір жылдың ішінде тарап кеткен. Сол уақыттан бері қыздардың 90 пайызына осы вакцина салынады», - дейді Айыпханова.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та бұл вакцинаны енгізуді қолдайтынын айтты.

Вакцинацияны толық қолдаймын. Дәрігер болғаннан кейін ғылыми зерттеу нәтижелерімен танысқанмын. Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істеген кезде халықаралық сарапшылармен бұл мәселені толық талқыладық. Вакцина салуды тезірек енгізуіміз қажет, - дейді Елжан Біртанов.

Айтуынша, онкологияның алдын алудың бір жолы – диагностика. Өте қауіпті аурулардың алдын алу үшін скрининг ұйымдастыру қажет.

«Қаражат бөліп, жаңа технологиямен қамтамасыз етіп, профилактиканы жолға қою қажет. Көп жағдайда онкологияға шалдыққан науқастар медицина мекемелеріне кеш келеді, мұндайда көмектесу қиын әрі қымбат болады. Біз арнайы онколониялық диспансер құрып, науқастарды сол жерде күтіп отырамыз. Науқас қатты ауырған кезде келеді, бізде ол кезде азаматты құтқару мүмкіндік төмен болады. Қазір саладағы технологиялар емді ерте бастаса, науқастың өмірін сақтап қала алады», - дейді Біртанов.

ВАКЦИНА АУРУДАН ЕМДЕМЕЙДІ

Астана медицина университеті акушерия-гинекология кафедрасы доценті Жанерке Ажетова «Гардасил» вакцинасы 135 елде қолданылатынын айтады.

Жаңа вакцина пайда болғанда, күдікпен қараймыз. Вакцинананың кері тұстары бар ма, жоқ па деген сұрақ туындайды. 2007 жылы төртвалентті «Гардасил» вакцинасы лицензия алған. Сол жылдан бері 135 елде күнтізбелік тәртіппен қолданылып келеді. АҚШ, Еуропа елдерінде енгізілген. Вакцина кері әсер етті деген жалпылама сөз, ол медицина тұрғысынан дәлелденген тұжырым. Басқа елдер 15 жылдан аса уақыттан бері қолданып келе жатқан вакцинаны алдық, - дейді Ажетова.

Маманның айтуынша, бұл вакцинаны 18 жастан, тіпті 25 жастан асқан қыз-келіншектер де салдыра алады. Алайда алдын алу жұмыстары 20-25 жасқа дейін жүргізіледі.

«Кей әйел адам папилломасы вирусын жұқтырғаннан кейін немесе жатыр мойны обырын жұқтырғаннан кейін вакцина салуға бола ма деп сұрайды. Бұл вакцина адамды емдемейді. Тек қана аурудың алдын алады. Яғни, бұл вакцинаны салдырса жағдайы жақсарып немесе нашарлап кетпейді», - дейді ол.

Адам папилломасы вирусының 14 типі онкологиялық ауруға алып келеді. Алайда қазірге дейін бұл типтің бәріне бірдей қарсы тұратын вакцина шығарылмаған. Дей тұрғанмен тоғызвалентті «Гардасил» вакцинасы бар, алайда ол вакцина елімізге жеткізілмеген. Ал төртвалентті вакцина АПВ-ның 6,11,16 және 18-ші типіне қарсы әзірленген.

АҚЫЛЫ ТҮРДЕ САЛДЫРУ ҮШІН ҚОЛЖЕТІМСІЗ

Денсаулық сақтау министрлігі маманы Нұршай Әзімбаева 14 жастан жоғары асқан қыз-келіншектер бұл вакцинаны тегін түрде салдыра алмайтынын айтады. Тіпті қазір ақылы түрде бұл вакцинаны салдыру мүмкін емес, себебі емханаларға жеткізілмеген.

Вакцинаны ақылы түрде салдыру үшін емханалар Қазақстанда тіркелген вакцинаны ғана алып келе алады. Оның бірнеше түрі бар: еківалентті Қытай вакцинасы, еківалентті Бельгия вакцинасы, төртвалентті «Гардасил» вакцинасы және тоғызвалентті «Гардасил» вакцинасы бар. Мұның бәрі мемлекеттік тіркеуден өткен. Осының кез келген түрін медицина мекемелері елге әкеліп ақылы түрде ұсына алады, - дейді Нұршай Әзімбаева.

Айта кетейік, бұл вакцинаны 11-13 жастағы қыздарға тек ата-анасының рұқсат негізінде ғана салуға болады. Сондай-ақ вакцина салмастан бұрын қыздардың бұл инфекцияны жұқтырған-жұқтырмағаны тексерілмейді.