Елде лицензиясыз биржаларда сауда жасап, қылмыстық іске тартылғандар артып барады
Қазақстан аумағында Binance, Bybit секілді жаһандық криптобиржалар еркін жұмыс істеп жатыр. Цифрлық активтер саудасынан пайда көргісі келген кез келген қазақстандық сол жаһандық криптобиржаларға кіріп, тіркеліп, саудасын жасай алады. Алайда Қазақстан аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер саудасына тыйым салынған. Мұндай сауда түрі тек Астана халықаралық қаржы орталығынан тиісті лицензия алған биржаларда ғана жүруі керек.
Алайда ел арасында жаһандық және жергілікті криптобиржалардың атауынан шатасып, лицензия алмаған алаңдарда сауда жасағаны үшін қылмыстық іске душар болған қазақстандықтар қатары артып келеді. Ал цифрлық активтер саудасын жасайтындардың Binance, Bybit алаңдарына шоғырланғаны жасырын емес.
Мәселен, цифрлық активтер саудасымен айналысатын Қазақстан азаматтары аталған жаһандық криптобиржаның қызметін «лицензия алған» деген түсінікпен белсенді қолданып келеді. Себебі, Bybit-тің 2023 жылғы 7 маусымда AFSA-дан ресми мақұлдау алғанын алға тартады. Сөйтіп, Bybit-тің цифрлық активтермен сауда жасау үшін платформа ретінде жұмыс істеуге және оларды сақтау қызметтерін ұсынуға мүмкіндігі бар деп санайды.
Алайда АХҚО-ның Қазақстандық блокчейн-технологиялар және жасанды интеллектілер қауымдастығы Дәурен Қарашевқа 9 тамызда берген жауабында «реттеуші құм алаңында» Bybit Limited (лицензияланған компания) өз қызметін әлі бастамағаны айтылған. Ал ел аумағында емін-еркін жұмыс істеп жатқан жаһандық платформасының лицензия алғаны туралы сөз жоқ.
Осыған байланысты Halyq Uni АХҚО-ға лицензиясыз жаһандық криптобиржалардың веб-сайтын бұғаттау, лицензия алған биржалардың ресми сайтын көрсетіп қою және P2P құралы бойынша бірнеше сауал жолдады. Біздің сауалдарымызға АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) былай жауап берді:
Конституциялық заңға сәйкес АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) АХҚО қатысушыларын тіркеуді, аккредиттеуді және лицензиялауды жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте АХҚО – қаржы саласында ерекше құқықтық режим қолданылатын, Президент айқындаған дәл белгіленген шекаралары бар Астана қаласы шегіндегі аумақты білдіреді. АХҚО-да немесе оның аумағынан қаржылық қызметтерді (цифрлық активтері бар қызметтерді қоса алғанда) ұсыну үшін АХҚО қатысушылары тіркеліп қана қоймай, тиісті лицензияға ие болуы тиіс.
Осылайша, АХҚО аумағында Орталықтың құқығына сәйкес BN KZ Technologies Limited және Bybit Limited компаниялары лицензияланған. Аталған компаниялар жаһандық платформалардың құрылымдық ұйымдары болып саналады, олардың бұғатталуы жергілікті платформалардың жұмысына сөзсіз әсер етеді. Сонымен қатар, АХҚО ие мандат пен техникалық мүмкіндіктердің шегінен шығады.
Бұдан басқа, АХҚО цифрлық активтер нарығын дамытуға ұмтыла отырып, лицензияланған жергілікті криптобиржалардың қызметін қолдау мақсатында жаһандық платформалармен сындарлы іс-қимыл жасау стратегиясын ұстанады. Қазір AFSA уәкілетті органдармен тығыз ынтымақтастықта барлық тартылған тараптың және бірінші кезекте қазақстандық пайдаланушылардың мүддесін ескере отырып, цифрлық активтердің жаһандық және жергілікті биржаларының домендерін бөлу тәртібін белсенді пысықтау үстінде.
Қадағаланатын компаниялардың веб-сайттары АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) жария тізілімінің нысаны емес.
AFSA АХҚО аумағындағы қаржылық қызметтердің реттеушісі. AFSA-ның мандаты АХҚО аумағымен шектелген. АХҚО аумағынан тыс цифрлық активтер қызметтерінің лицензияланбаған провайдерлерін анықтау AFSA-ның өкілеттігіне кірмейді.
AFSA-да «реттеуші құм алаңы» («песочница») жұмыс істейді. «Құм алаңы» компанияларға инновациялық қаржылық, соның ішінде цифрлық активтері бар қызметтерді сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. AFSA 2024 жылғы 13 наурызда осы құм алаңының аясында тиісті нарықтық хабарлама жариялау арқылы P2P саудасының реттелетін түрін сынақтан өткізуге рұқсат берді. Бұл ретте, P2P саудасының реттелетін түрін сынақтан өткізу белгілі бір реттеуші талаптарды орындауды қажет ететінін түсіну керек. Бұл талаптар фиаттық есептесулер кезінде алаяқтық және скам тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
P2P саудасының реттелетін түрін, сондай-ақ, цифрлық активтер пайдаланылатын өзге де инновациялық өнімдерді сынақтан өткізуге белгілі бір реттеуші шарттар орындалған жағдайда реттеуші құм алаңы режимі аясында жол беріледі.
Қазір AFSA-да лицензияланған цифрлық активтер биржалары реттеуші құм алаңы аясында P2P саудасының реттелетін түрін іске қосуды белсенді қарастырып жатыр. Бірақ AFSA жекелеген құралдарға рұқсат бергенін жарияламайды. P2P саудасының реттелетін түрі бойынша қызмет көрсетуге рұқсат алынғандығы туралы ақпарат сол цифрлық активтер биржаларының өз ресми байланыс арналарында хабарланады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан нарығында лицензияланған да, лицензияланбаған да криптобиржалар жұмыс істейтінін, оның ішінде лицензияланбаған биржалар қазақстандықтар үшін ақша жылыстатудың таптырмас құралы болып отырғанын жазған едік.
Ал сала сарапшысы лицензияланбаған криптобиржалардан сақ болуға шақырды. Оның сөзінше, лицензияланбаған биржаларда верификация өтіп, жеке тұлғасын анықтаудың қажеті жоқ. Криптоактивтер де, криптоәмияндар да анонимді. Ал қазақстандық биржаларда қандай да бір токеннің кімге тиесілі екені анық көрініп тұрады. Ешқандай анонимділік болмайды.