Halyq Uni логотип
×

Бір пәтерге 800 адамды тіркеген: енді тұрғын үй иесіне салынатын айыппұл 2 есе өсуі мүмкін

Заң қабылданса, меншік иесіне 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынады

 Дәурен Ерболат 11.09.2024 | 16:45
Бір пәтерге 800 адамды тіркеген: енді тұрғын үй иесіне салынатын айыппұл 2 есе өсуі мүмкін
Фото: Halyq Uni

Мәжілістің экономикалық реформалар, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі комитетінде «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілерін астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Құжаттың маңызды тұстарына ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков тоқталды.

«Заң жобасы 2023 жылғы 11 шілдедегі Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берілген президенттің хаттамалық тапсырмасы мен Президент әкімшілігі басшысының 2023 жылғы 17 шілдедегі астананы дамыту тәсілдерін республикалық маңызы бар барлық қалаға тарату жөніндегі қарарын орындау үшін әзірленген. Құжат аясында 1 кодекске және 6 заңға түзетулер енгізілген. Заң жобасы жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және тағы басқа салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған», - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, сыртқы жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы ретсіз орналастыру қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болып отыр. Қазір бұл әрекеттер заңбұзушылыққа жатпайды және заңнамада оған қарсы ешқандай әкімшілік шара көзделмеген.

Министрлік қалалардың сыртқы келбеті бойынша мәселелерін шешу үшін аталған заң жобасына төмендегі өзгерістерді ұсынып отыр:

  • «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының құзыретін дизайн-кодты бекіту жөніндегі нормамен, ал әкімдіктердің құзыретін стационарлық емес объектілерді орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту жөніндегі нормамен кеңейту;
  • «Астана мәртебесі туралы» заңына елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау;
  • «Жарнама туралы» заңына ғимараттардың/тұрғын үйдің меншік иесіне бұзушылықтармен орнатылған жарнама объектісіне демонтаж жөніндегі талаптарды қолдану;
  • Ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу;
  • Тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы жарнаманы орналастыруға тыйым салу.

Аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне құқық бұзушылықтар құрамына енгізу мәселесі пысықталып жатыр, - деді вице-министр.

Сондай-ақ Жер кодексіне сәйкес жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушылар, оларға тиісілі болмайтын жер учаскесіне құқықты қайта рәсімдеу міндеті көзделеді.

«Алайда қазір қайта рәсімдеу процедурасы реттелмеген. Қолданыстағы тетік бойынша жер учаскелерінің жосықсыз бұрынғы иелері оларды үлестес компанияны қолдана отырып, аукционда сатып алу арқылы жерді өздеріне сақтап қалу мүмкіндігіне ие. Мұндай компанияның нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары баға ұсынуға мүмкіндігі бар. Өйткені аукциондардан келген ақша бұрынғы иесіне қайтып түседі. Бұл ретте игерілмен жер учаскесі аукционнан өткізілмеген жағдайда, ол Жер кодексіне сәйкес арнайы жер қорына есептелуге тиіс. Қор тек ауыл шарушылығы мақсатындағы жерлерден және ауыл шаруашылығында пайдалану мақсатында құрылады. Іс жүзінде қорға қала аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес барлық игерілмеген жер кіреді. Бұл жерлерді бұдан әрі пайдалану мүмкіндігі жоқ», - деді Бауыржан Омарбеков.

Аталған мәселелерді шешу үшін заң жобасына келесі нормаларды енгізу көзделеді:

  • Орталық уәкілетті органның меншіктегі заңсыз жер учаскелерін қайта ресімдеу тәртібін айқындау жөніндегі құзыретін енгізу;
  • Бұрынғы меншік иесіне оны сатып алу құнын ғана өтей отырып, қайтарылған жерлерді өткізуден түскен айырма табысты бюджетке есептеу;
  • Бұрын алынған және елді мекенді дамытуда пайдалану үшін арнайы жер қорындағы жерлерді қолдану;
  • Алып қойылған жерлердің нысаналы мақсатын саралау және оларды қала құрылысы қызметіне тарту мүмкіндігін кеңейту.

Министрдің орынбасары қазір халық ірі қалаларда өмір сүруге талпынып жатқанын жеткізді.

Бұл үрдіс пәтерлерде тұрғындардың санын шектеусіз тіркеу проблемасына алып келеді. Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе тұрғын үй иелерінің өздері көші-қон заңнамасын бұзуға жол береді, үйінде тұрмайтын азаматтарды белгілі бір төлем үшін тіркейді. Мысалы, Астана қаласының пәтерлерінің бірінде 800-ден астам адам тіркелген, - деді Бауыржан Омарбеков.

Мұны шешу үшін төмендегі нормалар енгізіледі:

  • «Астана мәртебесі туралы» заңына тұрғылықты жері және елорда аумағында уақытша болатын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту жөніндегі мәслихаттын құзыретін кеңейту;
  • «Халықтың көші-қоны туралы» заңына Астана аумағында белгіленген нормативтерден артық тіркеуге тыйым салу бойынша өзгерістер енгізу ұсынылады. Бұл ретте, тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесі жұбайын және жақын туыстарын тіркеген кезде қолданылмайды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу шеңберінде тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне айыппұлды 2 есе ұлғайту ұсынылады. (...) «Қателеспесем, қазір жеке тұлғалар үшін 10 АЕК (36 920 теңге, 1 АЕК – 3 962 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Депутаттар қолдаса, енді осыны 2 есе ұлғайту көздеп отырмыз. Егер заңбұзушылықты полиция анықтаса, заң қабылданса, 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынады», - дейді Бауыржан Омарбеков., - деді вице-министр.

Бауыржан Омарбековтің айтуынша, қалалық инфрақұрылым және қоғамдық көлік объектілерінің бір бөлігі мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімделмеген. Сонымен қатар тұрғын үй секторында, яғни аулаларда көліктердің жылдамдық режимін сақтамау проблемасы бар.

Оларды шешу үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына:

  • Республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттың құзыретіне қалада қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын бекіту бөлігінде;
  • Әкімдік құзыретіне тұрғын үй секторында қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді орнату қағидаларын бекіту ұсынылады.

«Қазір көппәтерлі тұрғын үй салуға рұқсат алғанға дейін үлескерлердің ақшасын тарту үшін жарнаманы жүзеге асыруға тосқауыл болмағанын пайдаланып, құрылыс салушылар жарнамалауды жүргізеді. Осы мәселені шешу үшін «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң шеңберінде құрылыс салушыларға тиісті рұқсат алғаннан кейін көппәтерлі тұрғын үй құрылысын жарнамалауға мүмкіндік беру ұсынылады», - деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу шеңберінде құрылыс салушының үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдарды ұлғайту көзделген.

Бұдан басқа, қолданыстағы заңнамада бір тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталғаннан осы пәтерді екінші тарапқа беруге міндетті, яғни екі ғана тарап бар. Алайда іс жүзінде құрылыс салушылар объектінің құрылысын бір компаниямен жүзеге асырады және азаматтарға басқа компаниямен сатады. Осылайша, үшінші тарапты қосу арқылы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңмен реттелетін талаптардан қашу ықтималы бар. Сондықтан, заң жобасында осы олқылықты болдырмайтын норма көзделген. Енді үлескерлердің ақшасын тартып, сатумен айналысатын компанияларға да заң талаптары қолданылады, - деді Бауыржан Омарбеков.

Вице-министр Астана қаласының жасыл белдеуі ерекше күтімді талап ететінін жеткізді. Сондықтан қазір жасыл белдеу жерлерінің қысқаруына немесе бүлінуіне жол бермеу қажет. Осыған байланысты «Астана мәртебесі туралы» заң шеңберінде:

  • Қаланың санитарлық-қорғау жасыл аймағын басқару қағидаларын бекіту  және оны күтіп-ұстайтын заңды тұлғаны айқындау;
  • Жасыл аймақтың шекараларын өзгертуді жергілікті атқарушы органның ұсынуы бойынша Үкіметтің жүзеге асыруы;
  • Жасыл аймақта ландшафттардың табиғи көрінісіне теріс әсер ететін қызметке тыйым салу ұсынылады.

Заң жобасын Экономикалық реформалар, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі комитеті қарауға алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама