Автожолдарда қосымша су өткелдері енді салынып жатыр
Еліміздің бірнеше өңірінде болған көктемгі су тасқыны үй, саяжай, аулалар, ғимараттарды бүлдірумен қатар, жергілікті және республикалық маңызы бар автожолдарға да зақым келтірді. Halyq Uni сол су басқан өңірлердегі көлік жолдарының қаншалықты бүлінгенін және олар қалай жөнделіп жатқанын өңір басшылықтарынан сұрап көрді.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Әкімдік хабарлауынша, 2024 жылы облыс аумағында 31 автокөлік жолының 65 аумағында су басу дерегі, 30 автожолдың 75 аумағында су шаю дерегі тіркелген. Облыс аумағында жарамсыз қалған автокөлік жолдары жоқ, қазір барлық автожолда көлік қатынасы орнына келтірілген.
Облыстың жол инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін төтенше жағдайдың салдарын жоюға арналған облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша тізбесі жасақталған.
Тізбеге сәйкес 41 жоба жасақталды, оларды жүзеге асыруға 2,6 млрд теңге қаражат қажет. Осы қаражатты бөлуге БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан аталмыш жобаларға Үкімет резервінен қаржыландыру мәселесін шешуге ықпал етуіне премьер-министр Олжас Бектеновке хат жолданған. Сонымен қатар, Көлік және Қаржы министрліктеріне де қаражат бөлуге өтініштер жіберілген, – деп жазылған әкімдік жауабында.
Әкімдік мәліметінше, бұл жолдарда жөндеу жұмыстары басталмаған, Үкімет резервінен қаражат күтіліп отыр. Тиісті қаражат бөлінгеннен кейін жөнделе бастайды.
Су тасқыны салдарынан облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда көктемде 21 елдімекен уақытша жол қатынасынсыз қалған. Қазір ол жолдардың барлық аумағы қалыпқа келтірілген. Осыған орай, алдағы уақытта су тасқынынын болдырмау мақсатында жаңадан су өткізгіш құбырлар салуға немесе су өткізу құбырын ұлғайтуға және жолдың жүріс бөліктерін нығайтуға қаражат бөлінген жағдайда бұл жұмыстар жүзеге асырылмақ.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы облысқа қарасты халықаралық маңызы бар М-32 «РФ шекарасы (Самара) – Шымкент» автожолының 1132 шақырымында орналасқан Ырғыз өзені көпіріне кіреберісінің оң жақ бөлігін су шайғанын хабарлады. Одан бөлек, республикалық маңызы бар А-26 «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автожолының 72 шақырымында орналасқан шағын көпірдің және 92 шақырымдағы Жем өзені арқылы өтетін көпірдің тірегінің отырғанын анықтаған. Қазір аталған көпірлер уақытша қалыпқа келтіріліп, үздіксіз қозғалыс қамтамасыз етілген.
Айта кетерлігі, 92 шақырымдағы Жем өзені арқылы өтетін көпірге «ҚазЖолҒЗИ» АҚ тарапынан өкілдер шақырылып, күрделі жөндеуден өткізу мақсатында, комиссия көпірге техникалық тексеру жүргізіп, қорытындысы бойынша жобалау ұйымдары тарпынан жобалау іздестіру жұмыстары басталған.
Жобалық-сметалық құжаттамалар даярланып, мердігер ұйым анықталғаннан кейін көпірге күрделі жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар, көпір толық күрделі жөндеуден өткенге дейін уақытша айналма жолдар қараластырылады.
Аталған автожолдың 72 және 86 шақырымдарында орналасқан шағын көпірлерге орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Оған мемлекеттік сатып алу бойынша мердігер ұйым анықталды. Өтпелі нысан болу есебінен жұмыстар 2024-2025 жылдары жүргізіледі, – деп жазылған ресми жауапта.
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының хабарлауынша, облыстың республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында су тасқыны кезеңінде 20 жерде судың жолды асып өтуі анықталған және жол қозғалысына 5 рет шектеу енгізілген. Алайда су тасқыны салдарынан асфальт жамылғысы бүлінбеген.
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған мәліметке қарағанда, су тасқыны басталғалы облыстың автокөлік жолдарында 144 жерде су басу жағдайы тіркелген. Оның ішінде республикалық жолдарда 40 жерде, облыста 40 жерде және аудандандарда 64 жерде болған. Соның салдарынан жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болатын 30-дан астам автожол аумағы бүлінген.
Есіл өзені суының шайып кетуі мен жайылуы салдарынан 42 аумақта (29 жергілікті желі, 13 республикалық жол) жүріс бөлігі, жол жиектері және су өткізу құрылыстары ішінара бұзылған. Бірақ олар бүгінгі күнге дейін қалпына келтірілген.
Жалпы алғанда биылғы су тасқыны салдарына байланысты жергілікті маңызы бар автожолдардың зардап шеккен 42 аумағының 32-сі толық қалпына келтірілді. Қалған 10 жерін қалпына келтіруге төтенше жағдайлар резервінен 5,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Қалпына келтіру жобаларында қираған аумақтарды толық қалпына келтіру, сондай-ақ, қосымша су өткізгіш құбырлар орнату қарастырылған, – деп жазылған әкімдік жауабында.
Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша автокөлік жолдарының 54 аумағында (14 облыстық, 26 аудандық маңызы бар, 14 Петропавл қаласында) су өткізу құрылыстарын орнату қажеттілігі анықталған.
Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарында орналасқан өткелдер мен көпірлер су тасқыны кезеңінде қирамаған. Бүгінде барлық жоба бойынша мердігерлік ұйымдар анықталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілу үстінде.
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облысы филиалының хабарлауынша, қардың күрт жылынуына және еруіне байланысты биыл 25 наурыздан бастап «Павлодар – Успенка – РФ шекарасы», «Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Б.Ақжар – Курчатов», «Атамекен – Ертіс – Русская Поляна» республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында 8 жерде еріген су жолдан асып өткен.
Еріген қар суы кетуі үшін «ҚАЖ сервис» ЖШС филиалы инертті материалдан жасанды тосқауылдар орнатқан. Ол бір жағынан жол төсемін бұзылудан сақтауға және болдырмауға бағытталған.
Бұдан басқа, «Атамекен – Ертіс – Русская Поляна» республикалық маңызы бар автокөлік жолының 2 аумағында, Ертіс ауданы Ұзынсу ауылының маңында көлік өтуі үшін диаметрі 1 метрлік 4 бірдей металл су өткізу құбыры орнатылған.
Сонымен қатар, су тасқыны кезеңінде жолды асып өткен «Атамекен – Ертіс – Русская Поляна» автокөлік жолының бойында 7 су өткізу құбырын орташа жөндеу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2024 жылы көктемде болған су тасқынында 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. Көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат ретінде бағаланды.
Салдарынан 5 мыңдай жер үй, мыңнан астам аула, 18 мыңдай саяжай үйі және жүзге тарта түрлі мақсаттағы ғимарат су астында қалды. Құтқарушылар 120 мыңдай адамды құтқарып, эвакуациялады.