×

«Меңгеріп үлгермедім, қарсыласымның не істеп жатқанына қараймын». Шетелдік балуандар қазақ күресі жайлы

Қытай атынан күресіп жатқан қандастарымыз да бар

 Ербол Тұрымбет 09.09.2024 | 18:16
Фото: Halyq Uni

Көшпенділер ойындарында қазақ күресінен сынға түсіп жатқан шетелдік балуандар ұлттық күресіміз жайында және өздерінің дәстүрлі күресімен ұқсастығы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қытай атынан қатысып жатқан қандастарымыз Ерасыл мен Талап атажұртына алғаш қадам басып отыр. Ерасыл Шәкенұлының жасы 22-де.

Бірінші футболда болғам, одан үйдегілер күресті жақсы көреді, содан күреске ауыстым. Қазақстанға бірінші рет келуім. Қытайда қытай күресі деген бар, 2017 жылдан бастап сонымен айналысқам. Қазақ күресіне негізі ұқсаңқырайды, бірақ шапаны қысқалау әрі қатты. Бірінші майдан ұтып, екінші майданда өзбек балуанымен кездесіп, тең түстім. Белдесуде қолым шығып кетіп, өкінішке қарай ұтылып қалдым, – дейді ол.

Ерасыл қазақ күресімен алғаш белдесіп жатқанын, дегенмен, қытай күресінен аса көп ерекшелігі жоқ екенін айтады. Тек әлі толық үйренісе алмаған. Сондықтан ендігі жолы жақсы дайындықпен келетініне сендірді.

Тағы бір қандасымыз Талап Сенімұлы Шыңжан Ұйғыр автономия облысының Шәушек қаласы, Тола ауданынан келген, Қазақстанға алғаш аяқ басып тұр.

Ол да қытай күресімен айналысады.

Қытай күресі осымен ұқсап қалады, қытай күресімен машық қылатынбыз, содан кейін кеп осы жақтағы ағаларымыздың жаттықтыруы бойынша өзіміз бір құрама команда болып келдік. Ерекшелігі, нөмір беруі, ұпай саны және шапандары ұқсамайды, сәл қысқарақ болады. Қазақ күресіне ауысу сәл қиындау болды. Ақырын-ақырын күресіп көреміз, шатасқан сәтім де болды, ұтылып қалуға аз қалдым, – дейді Талап балуан.

Норвегиядан келген Ева Хелена Йоханнессен дзюдо спортының өкілі. Бірақ басқа да спорт түрімен айналысып көруді мақсат еткен. Сол ынтамен өзі үшін жаңа нәрсені бастап көруге бел буған. Сөйтіп, қазақ күресін таңдап, Норвегияда үйрене бастаған.

Оның айтуынша, Норвегияда да дәстүрлі күрес түрі бар, бірақ онша дамымаған, айналысып та көрмеген.

Қазақша бұйрықтарды түсіну қиын, не айтып жатқанын білмеймін. Ережелерін де толық меңгеріп үлгермедім. Дегенмен, қарсыласым не істеп жатқанына қараймын, – дейді Ева.

Кореялық Джихиюн О өз елінде дәстүрлі күреспен айналысатынын айтты.

Кореяда Ссирым деген дәстүрлі күресі бар, сол күреспен айналысам. Қазақстанға бірінші рет келіп, қазақ күресімен алғаш жарысқа қатысып отырмын. Екі ұлттың күресі екі түрлі, бізде белден ұстасып бір-бірін құлатады. Ал қазақ күресінде еркін әрі түрлі әдіс қолдануға болады. Бірақ машықтанып қалдым, – дейді ол.

Италиялық Сандро Лорито да дзюдо балуаны. Айтуынша, Италия дәстүрлі күрес федерациясының президенті Витторио Джорджио дәстүрлі күрес түрлерін әкеліп жатқанда соған ілесіп, қазақ күресін таңдаған. Тек дзюдодан қазақ күресіне ауысқанда жаңа ережелер, жаңа техникаларды үйрену қиын болған.

Оның сөзінше, Италияда «Систрумпа» деген Сардиниа аралында туған дәстүрлі күрес түрі бар. Бірақ ол тек сол жерде танымал, бүкіл Италияға тарамаған.

Қазақша «баста», «тоқта» деген сынды бұйрықтарды үйрену қиын болмады. Одан гөрі, техникалары қиындау соққан. 2022 жылы Түркиядағы ойындарға қатысқам. Бірақ онда «алыш» бойынша күрескем. Ал қазақ күресінен бірінші рет қатысып отырмын, – дейді Сандро.

Грузия спортшысы Ника Бачиашвили де дзюдомен 10 жылдан бері айналысып жүр. Оған қазақ күресінің көптеген әдісі дзюдомен ұқсас көрінеді. Қазақ күресімен биыл ғана айналысып бастаған оны бапкері бір жарысқа шақырып, сонда қатысып, осы спорт ұнап қалған.

Бізде де қазақ күресімен өте ұқсас дәстүрлі грузин күресі бар. Ережесінде айырмашылығы аз ғана. Сондықтан қазақ күресіне ауысып кету аса қиын болмады. Грузин күресінің күртесінде жеңі жоқ. Онда да партерде күреспейді және көбіне күртесінен ұстап лақтырады. Қазақша бұйрықтарды да бапкеріміз үйретті, қиындық болмады, – дейді Нико Батиашвили.

Оның сөзінше, Көшпенділер ойындарында Грузиядан келген 16 балуан күресіп жатыр. Ал елінде айналысқысы келетіндер көп.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама