Halyq Uni логотип
×

Астаналық қолөнершілер Көшпенділер ойындарынан тыс қалды

Шеберлер «Ұлттық қолөнер орталығын» ашуды сұрап отыр

 Ербол Тұрымбет 06.09.2024 | 12:00
Астаналық қолөнершілер Көшпенділер ойындарынан тыс қалды
Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Елордалық қолөнер шеберлері Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан құр қалғанына қапалы. Олардың айтуынша, әлемдік шара аясында өз өнімдерін ұсынып, көрме, жәрмеңкеге қатысатын зор мүмкіндіктен қағылып отыр. Себебі ешкім ешқандай шақыру жібермеген, іріктеу өткізбеген. Оның үстіне, қала аумағында көрме өткізуге ынта білдірген қолөнершілерге жатын орындарын ақылы етіп қойған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

ЕЛОРДАЛЫҚ ШЕБЕРЛЕР НЕГЕ ШЕТТЕТІЛІП ОТЫР?

Көшпенділер ойындары аясындағы көрмеге қатыса алмай отырған қолөнершінің бірі – киізбасушы шебер, дизайнер Камила Сүлейменова.

Қалай қатысуға болатынын сұрап, сайтына жаздым. Маған мәдениет бөлімі басшысының нөмірін берді. Бірақ ол нөмір жауап бермейді. Өңірлердегі қолөнершілермен хабарластым, оларды қатысуға шақырған. Олар өз қаражатына қатысуға келе жатыр. Әуелде жол-пұлы түгел төленеді деген сөз болған. Ақырында осылай болып отыр, - дейді ол.

Дей тұрғанмен, Көшпенділер ойындары аясында көрмеге қатысу мүмкіндігі табылған. Алайда ойындар өтетін этноауылда емес, Бәйтерек монументі жанында немесе қаланың басқа да жерлерінде ақылы түрде өткізе алады. Ынта білдіргендерге көрме өткізуге орын алу үшін 5 күнге 180 мың теңге, 10 күнге 280 мың теңге баға қойған.

Бұл жағдайда шеберлер үстел-шатырды да өздері әкелуі керек. Соған байланысты олардың беті қайтып қалған. Сайып келгенде, Астанадағы көптеген қолөнерші осындай кедергінің кесірінен Көшпенділер ойындарына қатысудан құр қалып отыр.

«Қандай да бір іріктеу жүргізуі қажет еді. Мәселен, шеберлер арасында анкета жүргізіп, көрмеге қойылатын өнімді қарауы керек. Бастапқыда бәріміз қатысатын болдық, «дайындалыңдар» деген хабар жетті. Бірақ уақыт жақындағанда ешкім нақты хабар бермеді. Қатысушылар тізіміне кіру үшін бір де бір конкурстық комиссиядан өтуге мүмкіндік болмады. Бір ғана жауап – орын жоқ. Этноауылда тек өңірден келетін қолөнершілер ғана болады. Сонда өңірлік қолөнершілердің еңбегі астаналық шеберлерден ерекше болғаны ма? Олар қандай іріктеуден өтті? Елордалық шеберлер неге шеттетіліп отыр?», - дейді Камила Сүлейменова.

«ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҒАН СОҢ, ЖАҢБЫРДЫҢ АСТЫНДА ДА ТҰРДЫҚ»

Жүннен ұлттық бұйымдар жасайтын елордалық Гүлнар Мүтәліпқызы – шеберлер әулетінің үшінші ұрпағы. Ол да осы күні нарыққа шығуда үлкен кедергіге ұшырап отырғанын айтады. Осы мәселемен министрлікке де, әкімдікке де барғанымен, ешкім қолдау көрсетпеген.

Қазір олар «Хас шебер» республикалық қолөнершілер қауымдастығына топтасқан, құрамында мыңға тарта қолөнерші бар. Тек жасаған дүниесін апарып сататын орын таппай отыр. Әсіресе, көпбалалы, отбасында денсаулығында ерекшелігі бар адам бар азаматтар үшін де ондай мүмкіндік жоқ.

Наурызда шатыр құрып тұрдық. Ішінің бәрін өзіміз істедік. Тіпті кейде үстелдеріне дейін өзіміз алып келеміз. Әкімдік «орын алыңдар, тұрыңдар» деп айтады, бірақ үстел, орындықтарын өзіміз алып келеміз. Кейде ашық жерде, жаңбырдың астында да тұрамыз, – дейді Гүлнар Мүтәліпқызы.

ҚАЗАҚЫ КИІМ ОТАНДЫҚ ӨНІМ ЕМЕС, СЕБЕБІ...

Астаналық этнодизайнер Балнұр Ахметқазиева – өнімін нарықта еркін саудалай алмай жүрген жас шеберлердің бірі. Ол пиджак, заманауи шапандарға қазақы оюларды жаңарған стильде үйлесімді етіп салумен айналысады.

«Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасына кіре алмай жатырмыз. Өйткені бағдарлама талабы бойынша 100% отандық өнім болуы керек. Ал бізде мата өндірілмейді. Сонда 100% өнімді қалай шығарамыз? Оқушыларым да осы мәселемен бетпе-бет келеді. Ою өзіміздікі, бірақ мата біздікі емес. Сол үшін бағдарламаға кіргізбейді. Ол бағдарламада кәсіпкер грант ұта алады, сосын отандық өнім деген сертификат береді. Одан бөлек, жәрмеңкелерге қатысуға мүмкіндік беретін сертификат үлестіреді, - дейді Балнұр.

Ол матаның бағасы, аппараттың қызмет ақысы, бояуы, арнайы қағазының ақысын есептей келе, оған қоса орын жалдау ақысын қосқанда тек шығынға ғана батайын деп тұрғанын айтады. Сол үшін онлайн саудамен ғана айналысады.

Дегенмен Балнұр Ахметқазиева Наурызда немесе басқа да мереке-мейрамдарда өз күшімен 150-200 мың теңгеге орын алып, өнімдерін ұсынып келеді. Шығынға батса да, халыққа өзін көрсету мүмкіндігі деп санайды.

Көшпенділер ойындарына Балнұр да қатыспақ болған. Бірақ этноауылда тұруға 5 күнге 150 мың теңге төлеуі қажет. Оның үстіне ол кезде такси құны екі есе өседі. Сондықтан дүниежүзілік шарадан амалсыз құр қалып отыр.

МӘСЕЛЕНІҢ ШЕМІМІ – АСТАНА «ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ» АШУ

Шеберлердің айтуынша, Қазақстанда қолөнершілерді пайдалануды ғана біледі. Соңында олар мереке-мейрамдарда құр көңіл көтеретін контент қана болып қалады. Іс-шара аяқталғаннан кейін бірден ұмытылады. Көшпенділер ойындары да қолөнершілердің бір жарқырап қалатын жалғыз мүмкіндігі болған. Бұдан қалған соң енді амалсыз келесі Наурызды күтеді.

Біздің өнімді қарапайым базарға апарып қоюға болмайды. Ол бір халықтың қаншама заманнан бергі келе жатқан тарихы, дәстүр-салты. Сондықтан Астанада арнайы орталық ашылуы керек. Сол жерде шеберлер өз өнімдерін паш етіп, шеберлік сағаттарын да өткізіп, оған қоса тұтынушылар да әуреге түспей керек әшекей-бұйымдв бір жерден табар еді, – дейді Гүлнар Мүтәліпқызы.

Қолөнершілер осы мәселе бойынша бірігіп, «Ұлттық қолөнер орталығы» тұжырымдамасын әзірлеп, министрлікке ұсынған. Алайда ол жауапсыз қалған.

Олардың айтуынша, қазіргі мәселенің бірі – олардың кәсіпкерлік білім алуы. Өйткені көбі суретші, шығармашылық адамы. Ешкім маркетинг саласын меңгермеген. Егер қолөнер орталығы ашылып, сол жерде ортақ бір маркетолог болса, мәселе әлдеқайда жеңілдер еді деген ойда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама