Halyq Uni логотип
×

«Қырғыздың киіз үйі тұр»: Көшпенділер ойындарында неге отандық өнім қойылмаған?

Арнайы технологиямен киіз үй шығаратын кәсіпкер нарыққа еркін шыға алмай отыр

 Ербол Тұрымбет 05.09.2024 | 09:44

Халықта қызығушылық бар, бірақ нарықтың дамуына жағдай жасалмаған. Бұл – отандық киіз үй өндіруші Алтынай Тәңірбергенованың пікірі. Ол өзінің киіз үй өндірісін арнайы технологиямен, бір стандартпен шығаруды жолға қойған елдегі жалғыз кәсіпкер екенін айтады. Алайда ол мемлекеттік органдардың ұлттық өнімнің нарыққа шығуына, елдегі осы өнім түріне деген сұраныс пен ұсыныстың ортасында дәнекер бола алмай отырғанына налиды.

Айтуынша, Астанада өндіріспен тұрақты айналысатын кәсіпорын бола тұра Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырушыларынан еш тапсырыс түспеген. Halyq Uni тілшісі кәсіби киіз үй өндірісінің қалай жүріп жатқанын және оның нарыққа дендеп енуіне не кедергі болып отырғанын кәсіпкерден білді.

Алтынай Тәңірбергенованың сөзінше, елордадағы дүниежүзілік ойындар алаңында қырғыз өндірісінен шыққан киіз үйлер мен темір киіз үйлер тұр.

Ресми ақпарат бойынша Көшпенділер ойындарында еліміздің 20 өңірі үш киіз үйден әкелмек, сөйтіп, барлығы 60 киіз үй тігілуге тиіс. Олар қаланың 4 ауданында ұйымдастырылатын этноауылдарда орналаспақ. Бірақ ол жерлерде құрылатын киіз үйлердің қай жақтың өндірісі екені белгісіз. Оның үстіне, сапасы мен біркелкі стандарты бар-жоғы да айтылмаған. Ал отандық өнім саналатын елордалық өндірісте кереге-уығы мен шаңырағы, босағасы – бәрінің сүйегі бір техникада жасалатындықтан стандарты да бірдей.

Тәңірбергенованың сөзінше, қазір елімізде киіз үйді ешкім өндіріспен шығармайды. Қолдан жасайтындар ғана кездеседі. Бірақ қолдан жасалатындықтан, бір айда бір киіз үй ғана шығара алады. Ал бұл өндіріс ерекше, 6 қондырғы шаңырақты, керегені, уықты бөлек шығара алады.

Қазір елімізде кең қолданылатын Қырғызстаннан әкелінетін нұсқасында киіз үй қаңқасы ағаштан кесіп қолмен жонып жасалады. Ал отандық өндірісте ақ қайыңды мынадай жалпақ жұқа тақтай ретінде кесіп алып, уық-кереге сүйегін 14 қабат шпоннан жасайды. Оның бәрі арнайы техникада дайындалады.

Кереге мен уық, шаңырақтың бәрі осы техникаларда біркелкі өлшеммен шығады. Техника демекші, мұның бәрі қолдан жасалған, елімізде басқа еш жерде кездеспейтін киіз үй жасауға арналған арнайы қондырғы. Қайың шпондары киіз үй көлеміне қарай 10-нан аса қабатталып, белгілі бір температурада жапсырылады. Одан соң ол сынбайды әрі бір стандарт болғандықтан, кез келген бөлшегі оңай ауыстырылады.

Кәсіпкердің айтуынша, өткен «Наурыз» мерекесінде қалада бойынша, тіпті әкімшілік ғимаратының алдында да қырғыздың киіз үйлері тұрған.

Біз оларды жақсы танимыз. Өндіріс барысында олармен араласамыз. Мамырда Қызылту ауылына барып келдік. Сол жерде қырғыз бауырларымыздың өндірісін көрдік. Бір отбасы бір айда бір киіз үй шығарады. Өте күрделі, қиын жұмыс. Егер бізге алдын ала «осынша данасы керек» деп тапсырыс берсе, өз логотипімізді шығарып, Астанаға сәйкес әрлеп, заманауи үлгіде жасап берер едік, – дейді Алтынай Тәңірбергенова.

Оның айтуынша, қазір қол астында 5 адамға жұмыс беріп отыр. Дегенмен өндірісті ұлғайтуға, жұмысшыларын 100 адамға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Бір ғана Астанадағы 100 мектептен тапсырыс түссе, оның өзі мол табыс. Себебі техникаларының бір күнде бір киіз үй шығара алатын мүмкіндігі бар, сондықтан кез келген көлемдегі тапсырысты қабылдай алатынын айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама