×

«Үкіметтің мүмкіндігі жетпейді»: Тоқаевтың былтырғы Жолдауындағы тапсырмалары орындалды ма?

Әлемдік ұйымдар мен отандық сарапшылар Үкіметтің мүмкіндігі жетпейтінін айтты

 Ербол Тұрымбет 29.08.2024 | 10:40
Коллаж: Halyq Uni. Фото: facebook/Жанат Нургалиев, Мурат Темирханов

Президенттің былтырғы Жолдауында үкіметке берген тапсырмаларының біразы әлі орындалмаған. Халықаралық ұйымдар мен отандық сарапшылар тіпті кейбірін орындауға үкіметтің шамасы жетпейтінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Президент былтырғы Жолдауында атқарушы билікке бірқатар тапсырма берген еді. Оның ішінде экономиканың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу тапсырылды. Одан бөлек, экономиканың нақты секторын кредиттеуді жыл сайын 20%-ға арттыру жүктелді. Біз мемлекет басшысы қойған осы межелерге жетуге Үкімет қаншалық қауқарлы екенін сарапшылардан сұрап көрдік.

Халықаралық ұйымдардың болжамы мардымсыз

Айта кетейік, Азия даму банкі Қазақстан экономикасының өсімін 2024 жылы 3,8%, 2025 жылы 5,3% деңгейінде болжаған. Ал Дүниежүзілік банк 2023 жылы Қазақстан экономикасы экспорт пен бюджеттік ынталандырудың арқасында 5,1%-ға өскенін, ал 2024 жылға арналған болжамда экономикалық өсім 3,4%-ға дейін баяулайтынын жазды. Дегенмен мұнай өндірудің жоспарлы түрде ұлғаюына байланысты 2025 жылы экономика өсімі 4,7%-ға жетіп, қазіргі деңгейіне оралатынына сендіреді.

Halyq Finance сарапшылары да президенттің экономика өсімі бойынша тапсырмасының орындаларына сенімсіз. Аналитикалық ұйым мәліметінше, биыл бірінші жартыжылдықта экономика өсімі баяулап, 3,3%-ға ғана артқан. Былтыр осы аралықта 5,3% өсім болған еді.

Одан бөлек, бірқатар себепті екшелей келе Қазақстан экономикасының 2024 жылғы өсімін 3,9% деңгейінде ғана болжайды.

«Қолдан жасалған статистика болмаса...»

Экономист, Integrity ASTANA коммерциялық емес ұйымының басшысы Жанат Нұрғалиевтің пайымынша, биыл президент тапсырмасын орындауға Үкіметтің мүмкіндігі жоқ.

Дүниежүзілік банктің болжамымен келісем. Дегенмен, менің ойымша, жылдың қорытындысында экономикалық өсім шамамен 4,5% болады. Қолдан жасалған статистика болмаса, 6-7% межені орындау мүмкін емес. Негізгі мақсат экономикалық өсім емес, халықтың табысы болу керек. Егер экономика өсіп, халықтың табысы сол күйі қалса, оның еш пайдасы жоқ, – дейді Жанат Нұрғалиев.

Сондай-ақ, оның сөзінше, экономиканың нақты секторын кредиттеуді жыл сайынғы 20%-ға арттыру тапсырмасы да орындалған жоқ. Себебі, қазір банктер негізінен жеке тұлғаларға несие берумен әуестеніп кетті. Өйткені, тәуекелі аз, мөлшерлемесі жоғары. Ал бизнеске несие беру көлемі ұлғаймай отыр.

Сонымен қатар, қаңтардан бастап ең төменгі жалақының 85 мың теңгеге өсуі бюджеттік мекеме қызметкерлеріне әсер еткенін, алайда біздегі инфляциямен есептегенде ол халықтың қажеттілігін өтейтіндей деңгейде табысын арттыра алмағанын айтады.

Менің ойымша, төменгі жалақы мөлшері қайта қаралуы керек немесе 100 мың теңгеден кем болмауға тиіс. Алайда мұндай межені мемлекет қаперге алғысы келмейді, өйткені, бюджет шығынын көбейту керек болады. Ал бізде имидждік шараларға шығындалуда еш шектелмейтін мемлекет әлеуметтік шығындарға келгенде ақша таппай қала береді, – дейді экономист.

Ұлттық даму жоспарындағы шикілік

Ал экономист Мұрат Темірхановтың сараптамасына қарағанда, соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасының елеулі өсімі негізінен қазба байлықтар (ең алдымен мұнай мен металдар) өндірісінің артуы мен олардың бағасының қымбаттауы есебінен болды. Қазіргі ұлттық даму жоспарындағы экономикамыздың 2026 жылдан бастап 6%-дан астам өсімге қалай қол жеткізетінін түсіну қиын.

Қарапайым адам «Өңдеу өнеркәсібі экспортының АҚШ долларындағы көрсеткіші» ұлттық индикаторын экономиканың сапалы өсімінің көрсеткіші ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда бұл статистиканың ішінде бастапқы өңделген металдар сияқты шикізат бар. Өңдеу өнеркәсібі экспортының басым бөлігін солар құрап отыр. Мұнай экспорттаушылардың пайымынша, экономиканың сапалы өсімінің басты көрсеткіші – шикізаттық емес орташа және жоғары технологиялық экспорт көлемі саналады. Бірақ бұл көрсеткіш нақты жоспарлар мен ҰДЖ-ға кірмеген, – дейді ол.

Ақпанда жарияланған Ұлттық даму жоспары жобасында бесжылдық жоспардың басты мақсаты – жылына 6-7% деңгейінде экономикалық өсім мақсаты қойылған еді. Сөйтіп, 2029 жылға дейін ЖІӨ екі есе арту керек болған.

ҰДЖ жобасы жарияланғаннан кейін бірден көптеген тәуелсіз сарапшы (оның ішінде беделді халықаралық ұйымдар) бұл жоспарларды сынға алды, өйткені экономиканың қазіргі құрылымында мұнай немесе басқа шикізаттың өндірісі мен экспортын күрт өсірмей мұндай межеге жету мүмкін емес, – дейді экономист.

Сарапшының сөзінше, енді тамызда бекітілген негізгі мәтін ішінде ЖІӨ-нің жылдам өсуі мен екі еселенуі бойынша мақсат алынып тасталған. Әйтсе де 2029 жылға дейінгі ұлттық көрсеткіштерде осы қиын жоспарлар әлі де бар.

Экономиканың жыл сайынғы өсімі 6-7% болса да бәрібір 5 жылда ЖІӨ-ні доллармен екі есеге көбейту мүмкін емес. Себебі, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 5 жыл бойы тұрақты бола алмайды, – дейді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама