Жолдың қанша жыл қызмет ететінін битум сапасына қарай анықтау мүмкін емес

Айгерім Таубай

Сала мамандары елдегі 8 жоғары оқу орнында даярланады, алайда кадр тапшы

Фото: Жол активтері сапасының ұлттық орталығы

Елімізде жол салуға арналған материалдың басым бөлігі Қазақстанда өндіріледі. Мұндай ақпаратты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Сондай-ақ орталық су тасқынынан кейін жолдардың сапасына жүргізілетін бақылау, саладағы маман тапшылығы мен білім сапасы туралы мәлімет берді.

ЕЛГЕ ӘРТҮРЛІ ҚОСПА ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Орталық хабарлауынша, жол-құрылыс материалдарының сапасы бірнеше бірнеше кезеңнен тұратын тексерістен өтеді. Бұл қатарда өндірген зертхана, мердігер ұйым, техникалық қадағалау және сапа орталығы да бақылайды.

Елде жол салу үшін негізінен отандық жол-құрылыс материалдары қолданылады. Қиыршық тас, құм сапасы қатаң бақылаудан өтеді. Сондай-ақ еліміз қажетті 1,3 миллион тонна битумның көп бөлігін, шамамен 1 миллион тонна өндіреді. Битумның қалған бөлігі, сондай-ақ полимер сияқты әртүрлі қоспалар импортталады, - делінген ресми жауапта.

Орталық Қазақстанда да, басқа елдерде де жолдың қызмет ету мерзімін тек битум сапасына қарай анықтауға мүмкіндік беретін әдіс жоқ екенін айтады. Жолдың сапасы бірнеше факторға тікелей байланысты. Оның ішінде жобалау, құрылыс сапасы, технологияны сақтау және пайдалану шарттары бар.

САЛАДА МАМАН ТАПШЫ

Қазір жол саласы үшін мамандар елдегі 8 жоғары оқу орнында даярланады. Олар:

  • Алматыдағы Гончаров атындағы қазақ автомобиль-жол институты;
  • Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті;
  • Алматыдағы Сәтбаев университеті;
  • Алматыдағы Қазақ қатынас жолдары университеті;
  • Қарағанды техникалық университеті;
  • Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті;
  • Павлодардағы Торайғыров университеті;
  • Алматыдағы логистика және көлік академиясы.

Соған қарамастан салада кадр тапшылығы бар.

Қазір әр нысанда құрылыс инженерлері, сметалық инженерлер, зертханашы, төсеу операторлары, механизаторлар, арнайы техника машинистері жетпейді. Қазір жергілікті атқарушы органдардың көлік инфрақұрылымын дамыту және күтіп ұстау мәселелері жөніндегі бөлімдері мен басқармаларында 1 500-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың тек 10% ғана жол инженері мамандығы бойынша білім алған, - деп хабарлады Жол активтері сапасының ұлттық орталығы.

Орталық мамандық беделі жоқ екенін, ал кадр тапшылығына білім сапасының да әсер етіп отырғанын айтады.

Көптеген жыл бойы жоғары оқу орындарында көлік құрылысы бойынша жеке білім беру бағдарламасы болмады. Яғни, автожол мамандығы қала құрылысы, өнеркәсіптік құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, газ-мұнай құбырларын, темір жолдарды, көпірлерді, тоннельдерді, сондай-ақ автожолдар мен әуеайлақтарды салумен бір бағытта болды. Бұл автожол мамандығына қажетті біліктілік деңгейінің төмендеуіне әкелді, - деп мәлімдеді орталық.

Мысалы, 2023 жылы «автомобиль жолдары мен әуеайлақтар құрылысы», «көпірлер мен тоннельдер құрылысы» білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарын небәрі 278 адам тәмамдады. Оның ішінде 270 адам бакалавр бойынша, 8 адам магистратура бойынша диплом алды.

Ал «автомобиль жолдары мен әуеайлақтар құрылысы» білім беру бағдарламасы бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған барлық курс бойынша нәбәрі 670 студент білім алды: бакалавр – 646 адам, магистратура – 24 адам.

Ал «көпірлер мен туннельдер құрылысы» білім беру бағдарламасы бойынша 84 адам оқыды: бакалавр – 80 адам, магистратура – 4 адам.

Ал 2010-2022 жылдар аралығында елімізде автокөлік мамандығы бойынша магистратураны небәрі 253 адам тәмамдады. Ал докторантураға бір де бір мемлекеттік грант бөлінбеген.

Биыл алғаш рет «көлік құрылысы» білім беру бағдарламасы тобы бөлінді, оған мынадай мамандықтар кірді: автомобиль жолдары мен әуеайлақтар, теміржолдар, көпірлер мен көлік тоннельдері, газ-мұнай құбырлары құрылысы. Бұл топ үшін бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 1 000-ға жуық орынға мемлекеттік грант бөлек бөлінеді, - деп хабарлады орталық.

Ал 2024-2025 жылдардағы мемлекеттік грант тізімінде «көлік құрылысы» мамандығына 45 грант бөлінген. Талапкер үшін ең жоғары балл – 85/140. Ал ең төмені – 50 балл. Түлектердің көп бөлігі Алматыдағы логистика және көлік академиясын таңдаған. Тағы бір бөлігі Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде білім алады.

БҮЛІНГЕН ЖОЛДАРДЫ БАҚЫЛАУ ҚАРҚЫНЫ

Бұған дейін Үкімет Атырау облысында жоспарланған 12,1 шақырымның 4,9 шақырымы жөнделгенін хабарлады.

Ақтөбеде зардап шеккен 6 ауданда жолдар, инженерлік инфрақұрылым қалпына келтіріліп жатқаны айтылды.

Ал жолдың сапасына жауапты орталық көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті мен жергілікті әкімдіктердің тапсырысы бойынша визуалды қарау жүргізілді.

Апат болған нысандарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында ведомстволық сараптамаға верификация жүргізіліп жатыр. Кей өңірде сараптаманың оң қорытындысын алған нысандарда қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталып та кетті. Жұмыстар орындалу барысында Сапа орталығы мамандары өңірлерге кезекті тексеріс ұйымдастырып, материал сапасын анықтап береді, - делінген ақпаратта.

ЖЫЛ САЙЫН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОЛДАР ТҮГЕЛ ТЕКСЕРІЛЕДІ

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жыл сайын республикалық жолдарға түгел тексереді, ал жергілікті жолдар – 80-85%-ға қамтылады.

2024 жылдың алты айында жергілікті жолдар желісі 84% қамтылған. Демек, 2,6 мыңнан астам жөндеу нысанының 2,2 мыңы сапа сараптамасынан өтті.

Жыл басынан бері құрылыс, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жүріп жатқан республикалық маңызы бар жолдарға толықтай (163 нысан), ал жергілікті жолдар бойынша 8 мың шақырымға (3028 нысан) сапа сараптамасы жүргізілді, - деп хабарлады орталық.

Жыл соңына дейін барлық жобаға 13 мың инспекциялық тексеру жүргізіліп, 40 мыңнан астам жол-құрылыс материалын зертханалық сынақтан өткізу жоспарланған.

Ал жол сапасын тексеру 5 сатыдан тұрады. Ол ақауды ерте анықтау және жою үшін жүргізіледі.

Сынақ нәтижесінің талапқа сәйкестігін бақылауды мердігердің сапа қызметі жүзеге асырады. Ал тапсырыс берушінің объектідегі өкілінің функцияларын орындайтын және құрылыс нормалары мен ережелерінің сақталуын қадағалайтын техникалық қадағалау қызметі бар.

Авторлық қадағалау қызметі жобалық шешімдердің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.

Сапа орталығы жұмыстар мен материалдардың сапасын тәуелсіз іріктеп бақылауды, сондай-ақ құрылыс конструкцияларын аспаптық тексеруді жүргізеді.

Тапсырыс берушінің сапа қызметі жобаның іске асырылу барысына жалпы қадағалауды, құрылыстың барлық қатысушысының қызметін үйлестіруді, сондай-ақ қабылдау актілеріне сәйкес орындалған жұмыстарды қабылдауды жүзеге асырады.

Сапаны 5 сатылы бақылау қағидатын сақтау автожол жобаларының сапасын, олардың барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін, сондай-ақ оларды пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді, - деп мәлімдеді орталық.