Су тасқыны батыс өңірлеріндегі баспана нарығына қалай әсер етті?
Ресми статистикада шілдеде үй бағасы Ақтөбеде ең қарқынды өскен
Ресми статистикаға қарасақ, елімізде шілдеде жаңа тұрғын үй бағасы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда орта есеппен 2,4%-ға өскен. Ең қарқынды жылдық өсім Ақтөбеде тіркелген. Онда бір жылда баға бірден 7,5% қосып алған. Одан соң Талдықорған (+7.2 %) мен Қызылорда (+7.1 %) тұр. Halyq Uni батыс облыстардағы нарық өкілдерінен шынайы жағдайды сұрап көрді.
Алайда ақтөбелік жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Темірлан Ғалымжанның айтуынша, нарықта күрт қымбатшылық сезілмейді. Бірақ жыл сайынғы инфлация әсері бар, былтырғы мен биылғы баға шамалас, 10-15% аралығында болуы мүмкін.
Сұраныс та бар жылдағыдай, бірақ оны су тасқынынан көріп отырғам жоқ. Үйдің 80-90%-ы ипотека арқылы өтеді. Су тасқыны болған жерлерден қолма-қол қаражатпен келген бірен-саран адам болды, бірақ бұл фактор жалпы нарыққа ықпал еткен жоқ, – дейді ол.
Оның сөзінше, сұраныстың да, бағаның да шарықтап өскен кезі жұрттың БЖЗҚ-дан артық жинағын шешіп бастаған шағында болған. Табиғи апат салдары қатты сезілген Атырау өңірі болса, облыс орталығында шілдеде баға артып, сұраныс та, сатылған үй де көп болған. Атырау қаласындағы жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Жанат Садықованың айтуынша, соған сай өткен айларға қарағанда үй бағасы шамамен 3-4 млн-нан қосып алған.
Дегенмен шаһардағы баспана нарығы тасқынға қарап тұрған жоқ, ол бәрібір қымбат. Негізгі себеп болмаса да Құлсарыдағы су тасқынына байланысты, өтемақы алғандар қалаға көшіп, бір жер үй, бір пәтерден алып жатқан жайттар бар, – дейді Жанат Садықова.
Оның сөзінше, жалпы Атырауда жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне талас көп. Ал қайта сатылып жатқандардың бағасы жылдан-жылға түсе береді. Себебі, жылы ескі, енді 3-4 жылда ипотекаға өтпейді. Сол үшін жұрт та сатып құтылып, жаңа үйге көшіп жатыр.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, шілдеде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 40 099 мәміле тіркелген. Бұл өткен аймен салыстырғанда 21,7% (7156 мәміле) жоғары. Маусыммен салыстырғанда мәмілелер саны ең қатты өскен өңір Астана болған. Мұнда бірден 42,2%-ға артқан. Ал жалпы мәміле саны бойынша көшбасшылар:
Алматы – 7091 мәміле, оның ішінде: пәтерлер – 6581 (маусымға қарағанда 1033 мәміле көп).
Астана – 6843 мәміле, оның ішінде: пәтерлер – 6705 (маусымға қарағанда 2010 мәміле көп).
Жалпы Қазақстан бойынша биылғы 7 айда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6%-ға ұлғайған. Ал баспана бағасы соңғы 3-4 айда тұрақты. Құбылу көрсеткіші 1%-ға да жетпейді. Маусымға қарағанда пәтерлерді қайта сату 0,4%, жаңа тұрғын үйді сату 0,1% қымбаттаған. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі маусыммен салыстырғанда 1,8% жоғарылаған.
Бірінші несие бюросының мәліметінше, шілденің басындағы дерек бойынша жұрттың ипотекалық берешек қалдығы шамамен 6 трлн теңгені құрады. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 3,5%-ға артық. Сол 6 трлн теңге қарызды басында ипотекасы бар әрбір қазақстандыққа шаққанда орташа мөлшері шамамен 10,8 млн теңге шығады. Ең көп ипотекалық қарызы бар адамның берешегі – 4 млрд теңге.