×

«Қауіпсіздік үшін айтпаймыз». Өртенген әкімдіктердің қызметкерлері қалай жұмыс істеп жатыр

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бірқатар өңірдің әкімдіктері өртке оранып, қираған болатын

 Ербол Тұрымбет 10.01.2022 | 16:59
коллаж: Halyq Uni

Елде төтенше жағдай енгізуге түрткі болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бірқатар өңірде әкімдік ғимараттары өртеніп, кей жерде біршама зақымданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай бұзақылықтың 11 өңірде бірдей басталғанын айтты. Оның ішінде Алматы қаласы әкімдігінің жағдайын бүкіл ел ақпарат құралдарынан көріп отырды. Толығымен отқа оранған әкімдіктің әппақ ғимараты қазір қара күйеге малынған. Бірақ жұмысы қайда және қалай жүріп жатқанын баспасөз қызметінен білу мүмкін болмады. Ал өзге әкімдік қызметкерлері енді ғана жұмыс орындарына оралып жатса, бір жерлерде атқарушы орган өкілдері басқа ғимараттарды жағалап жүр. Halyq Uni тілшісі сол әкімдіктердің қазіргі жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы біліп көрді.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Алматы облысында бұзақылардың кесірінен әкімдік өртенді. Аман қалған жерлерінде түтін қалдығы салдарынан жұмыс істеу мүмкін емес. Бүгін облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен осы лаңкестік әрекеттердің кесірінен келген зиянды бағалау үшін арнайы комиссия құрылды. Оны облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов басқарады.

Облыс әкімдігінде жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан біз жұмысымызды өзге ғимараттарда штаттық режимде атқарып келеміз. Қазір облыста жағдай тұрақты. Талдықорған қаласының ішінде де, сыртында да блок-бекеттер қойылған. Негізі, қарапайым бұқара дұрыс қабылдап жатыр. Облыста әлде де антитеррорлық шаралар жүріп жатқанын ескере келе, қауіпсіздік мақсатында әкімдік қызметкерлерінің қайда жұмыс істеп жатқанын айтудың қажеті жоқ деп санаймын, – дейді облыс әкімінің кеңесшісі Ғалыммұрат Жүкел.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

Ақтөбе облысы әкімдігінде 6 қабатты ғимараттың төменгі 3 қабатына зақым келген. Баспасөз қызметінің мәліметінше, нақтылап айтқанда, есік-терезелері сынған, қолданыс техникалары қиратылған. Осынша бүлікке қарамастан әкімдік жұмысын бір тоқтатпапты. Ғимаратқа келтірілген нақты шығын көлемі әлі есептеліп жатыр. Ол жақын күндері арнайы өткізілетін брифингте айтылмақ.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Қызылорда облысы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Жаппай тәртіпсіздіктер тоқтады. Облыста төтенше жағдай режимі сақтаулы. Коменданттық сағат енгізілген.

Қаруланған бұзақы топтар мемлекеттік маңызы бар 8 нысанға шабуыл жасаған. Оның ішінде облыс әкімдігі де бар. Осы жағдай бойынша арнайы мүліктік комиссия құрылды. Қазір 8 нысан бойынша 6 миллиард теңге көлемінде залал келтірілгені анықталды. Оның ішінде облыс әкімдігіне басып кіруге байланысты ғимарат ішін қирату, қолданыс техникаларын ұрлау, компьютерлерді сындыру, сонымен қатар қызметтік көліктерді өртеу сынды әрекеттерге дейін барған. Оқиға 5-қаңтар күні болды. 7-қаңтардан бастап облыс әкімдігі штаттық жұмыс режиміне оралды.

Облыс әкімдігінен басқа қала әкімдігі, қалалық сот, облыстық сот, «Нұр Отан» партиясы мен облыстық МАИ ғимараттарына зақым келген.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ

Шымкент қаласында алғашқы күні 5-6 мыңдай адам келді. Олармен алдын ала дайындаған спикерлеріміз сөйлесуге тырысып көрді. Бірақ олардың ешқандай нақты талабы жоқ екенін, бірақ бұзақылық ниеті бар екенін байқаған соң ол кісілерді дереу алып кетті. Одан кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскер әкімшілік ғимаратын қорғауға тырысты. Ешқандай қару қолданылған жоқ. Соның өзінде баса-көктеп әкімдікке кіріп кетті. Бірақ тез арада, 15 минуттың ішінде шығарылып, бәрі қалпына келтірілгеннің өзінде біраз терезе шағылып, 60-қа тарта полиция көлігі зақымданды.

Ертеңінде кемі 7 мың адам келіп, сағат 7-8 шамасында ерте басталып кетті. Араларында біріншіден, көшбасшылары жоқ. Одан кейін келіссөзге келетіндей талаптары болмады. Тек айтып жатқандары сол баяғы «пәленше, кет», «әкімдікті бізге бересіңдер», «әкімдікті жаулап аламыз» деген сияқты лозунгтер.

Өзім де қанша қауіпті болса да ішінде бақылап жүрдім. Көбі жастар. Арақ ішкен адамның белгілі бір мастығы болады. Бұлардікі басқаша. Менің байқағаным, басқа кісілер де айтып жүр, бұл көздер – қазақтың көзі емес. Қай қазақ өз қаласының тас-талқанын шығаруға ұмтылады? Мысалы, Түркістан сарайы, Мәдениет сарайы – біздің концерттер өтетін жерін қиратудың қандай мағынасы бар? Немесе Көрме залын мүлде жарамсыз қылып тастау қай қазақтың кітабында жазылған?! «Метроға» да шабуыл жасалған. Тек сусындар бөлімі талан-таражға түскен. Екі рет өрт шығарғысы келген. Бірақ өртке қарсы жүйенің арқасында ол амалы іске аспаған, – дейді Бекен Қоныс.

Қазір қала әкімдігіне келтірілген залал мөлшері есептелуде. 15 минуттың ішінде біраз нәрсе қираған. Есік-терезе, ноутбуктер, компьютерлерді әкеткен.

Шымкентте жалпы 10 нысан бүлінген. Әкімдіктің өзі, «Көрме» орталығы, «Түркістан» сарайы, Ж.Шанин атындағы драма театр, әл-Фараби атындағы кітапхана, «Метро», құрылыс компанияларының шоу-румдары, Қаратау ауданының прокуратурасы, «Нұр Отан» партиясының ғимараты әртүрлі деңгейде қирады.

Ең қызығы, әкімдік қасында тұрған шыршаны өртеп жібергісі келіп, шамамен 15 рет түрлі әрекет жасаған. «Молотов коктейлін» атқан, от тұтатқан. Бәрібір жанбай қойыпты.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

Таразда 6-қаңтар күні Жамбыл облысы әкімдігіне шабуыл жасалған. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шабуыл әкімдік ғимаратының бір қапталынан жасалған. Ғимараттың шамамен 1/5 бөлігіне зақым келген. Қазір шығын көлемі есептеліп жатыр. Әкімдік қызметкерлері бүгін түстен кейін жұмысқа шықты, - дейді баспасөз қызметі.

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

Облыс әкімдігіне қаңтардың 5 күні түстен кейін сағат 15.00 шамасында шабуыл жасалған. Не бүлінгенін, қаншалықты зиян келгенін арнайы комиссия есептеп жатыр. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бірінші қабатта кіреберістегі терезелер сынған. Одан кейін бірінші қабат пен астыңғы жертөледе кабинеттер қиратылды деген ақпарат бар. Одан басқа жаппай қирату болған жоқ. 

Әкімдікке кіруін кіргенімен, бірінші қабаттан жоғары көтерілмеген сияқты. Жұмадан бастап әкімдік қызметкерлері орындарына оралып, жұмыс істеп жатыр, – дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Төлек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама