Жаңа басқару форматына көшуге тұрғындар да, Үкімет те дайын емес
Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясы уәкілетті органдардан ПИК органдарының басқаруын ОСИ-ге (мүлік иелерінің бірлестіктері) көшіруді 2023 жылдың 1 мамырына ауыстыруды, жылыту мауысымы аяқталғаннан соң енгізуді сұрап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазақстанда 1 шілдеден бастап тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағы ПИК-тер жойылып, оның орнын мүлік иелерінің бірлестіктері ( әрі қарай - ОСИ) және қарапайым серіктестіктер алмастырады. Федерация мәліметінше, елдегі тұрғын үйлердің жартысына жуығы жаңа заң талабы бойынша жұмыс істеуге әлі дайын емес.
«Көпқабатты тұрғын үйлердің иелері жаңартылған тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес, бір басқару органынан екіншісіне ауысуға әлі дайын емес. Тұрғындардың басқарудағы қарапайым серіктестік немесе ОСИ формасын таңдауға қатысты сұрақтары көп. Сондай-ақ кеңес одағы кезіннен бастап, 2000 жылға дейін салынған үйлер бойынша мәселелер бар. 1-2 подъездік, тіпті 20 пәтерлік үйлер бар. ОСИ құру кезінде бұл маңызды болып отыр, себебі пәтер саны аз болған сайын, үйді күтіп-баптауға кететін шығынның тарифі жоғары болады», - деді Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов.
Айта кетейік, жаңа заңға сәйкес, ОСИ құру үшін тұрғындарының 3/1 дауыс беруі керек.
«Сондай-ақ 1 шілдеден бастап ПИК-тер үйді ОСИ-дің басқаруына беруі керек. Егер оған дейін тапсырып үлгермесе, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты бақылаушы органдардың тарапынан, ол бізде Тұрғын үй инспекциясы уақытша басқарушы ұсынылады. Мемлекетте ондай ресурс жоқ, ПИК-тен жаңа басқару органына көшкенше үйді басқара алады деп ойламаймыз», - деп толықтырды ол.
«ПИК-тер БИЛІКТІ БЕРГІСІ КЕЛМЕЙДІ»
Федерация басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстандағы тұрғын үйлердің жартысы әлі жаңа басқару формасына көшпеген. Ол 1 шілдеге дейін үлгереді дегенге күмәнмен қарайды.
«Біздің есебімізше, республика бойынша тұрғын үйлер басқару формасын өзгерткен, ал жартысы әлі үлгермеді. Сондай-ақ бұған дейін тұрғын үйлерді басқарып келген ПИК немесе басқа компаниялардың тарапынан кедергі бар. Олар құжаттарды бермей, ОСИ құруға кедергі келтіріп жатады. Жаңа басқару органына үйді толық тексеріп, инженерлік желілері, техникалық этаждары мен жертөлелерін аралып көруге мүмкіндік бермейді. Өздері үйреніп қалған, қазір жаңа құрылымға бергісі келмейді. Құрылыс компаниялары да солай етеді. Үйді пайдалануға бергенде өз компанияларын қояды. Сөйтіп, тұрғындарға өздерінің қатысуымен жаңа басқару органын құруға кедергі келтіріп отыр», - деді ол.
Сарапшы жаңа басқару формасына көшуге кедергі келтіріп жатқан ПИК-терді жауапқа тарту тетігі бекітілсе, мәселе басқаша болар еді деген пікірде.
«Проблема заңда емес, тек шешу жолдарында ғана. Егер ПИК немесе басқарушы компания жаңа басқаруға рұқсат бермесе, жергілікті атқарушы орган қаулы немесе ереже шығарып, онда үйді тапсырмағаны үшін жауапкершілікке тартылатыны жазылуы керек. Заң бойынша МИТ құрылса, бес күн ішінде беріліп, 15 күн ішінде банкте шот ашып, акт бойынша үйді қабылдап алады. Бұл жасалып жатқан жоқ, сондықтан бұл жұмысқа кедергі келтірген ПИК-терді жауапқа тарту керек», - дейді спикер.
Айта кетейік, Қазақстандағы ПИК жүйесін жойып, орнына тұрғындарды жаңа басқару формасына көшіруді көздейтін заң 2020 жылы қабылданды. Екі жыл ішінде елдегі көппәтерлі үйлер жаңа басқару формасына көшіп, шот ашуы керек еді. Яғни тұрғындар кондоминиумды белсенді басқару, шығындарды бақылау, туындаған мәселелерді тезірек шешу ісіне араласып, сондай-ақ кондоминиум аумағын жалға беруден түскен ақшаны бірлесіп пайдаланатын болады.
«Бұл жерде тағы бір мәселе - көпқабатты үйлерді басқаруды үйрететін платформа немесе институт құру. Өйткені үйді басқару процесі өте қиын. Тұрғындарға өздері басқару үшін үлкен жауапкершілік артып отыр. Әрине, сырттан кәсіби басқару компаниясын шақыруға болады. Оны үйдің тұрғындары өздері шешеді. Алайда басқарушылардың кәсіби біліктілігін аттырып отырмаса болмайды», - деді Мүсірепов.
Сарапшы тұрғын үйлердің жаңа басқаруға дайын болмауын Үкіметтің ақпараттық жұмысты әлсіз жүргізгенімен және тұрғындардың немқұрайлығымен байланыстырады.
«Заңның күшіне енуіне бір айға жетпейтін уақыт қалды. Бұл зейнетақы қорындағы ақшаны алудың соңғы кезіндегі дүрбелең сияқты. Бәрі басын ұстап, қайда барарын білмей жүр. Бір сөзбен айтқанда қазір қоғам оған дайын емес. Біздің бұл бастамамызды тұрғындар мен кәсіби орта қолдайды деп ойлаймын. Себебі басқару үшін арнайы оқу курсын ұйымдастырып, басқарушыларды дайындау керек. Жаз біткен соң көпқабатты тұрғын үйлерде жылыту маусымы басталады. Оларға қиын болады, себебі инженериаттың не екенін білмейді. Жылыту маусымына дайындалу: есептеу құралдарын тексеру керек. Жылыту маусымы аяқталғанша дайындалып, толық көшіріледі», - деп қорытындылады Ермек Мүсірепов.
«ҮКІМЕТ РЕФОРМАНЫ ДҰРЫС ЖҮРГІЗБЕДІ»
Қоғам белсендісі Ғалым Мұқашев тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Оның пікірінше, ОСИ-ға көшу процедурасын жеңілдету үшін Тұрғын үй қатынастары туралы заңдағы тұрғын үйді басқару туралы бабына өзгеріс енгізу керек.
«1 шілдеге дейін барлығы көшіп үлгермейді. Ал тұрғын үй инспекциясы басқару формаларын өзгерту процедурасын тексеруі керек. Өйткені ол процедура формалды түрде өтеді. Үкімет әу бастап бұл реформаны дұрыс бастамады. Кемінде 3 тұрғыннан құрылған үйдің кеңесі сервистік компаниялармен келісімдердің тиянақты орындалғанын қадағалауы керек. Шын мәнінде олар да жұмыс істеп жатқан жоқ. Таңдау жасап, процедураны орындады. Бірақ сервистік компаниялардың арасында жұмысты сапасыз орындап жатқандар бар, демек реформа құрдымға кетті деген сөз», - дейді ол.
Мұқашев басқару формасына көшіруді тездетпесе, тұрғындар бірқатар қиындыққ тап болуы мүмкін екенін айтады.
«Басқару формасына көшуді тездету керек, әйтпесе үйдің жағдайы нашарлап, жылыту маусымына дайындық жүргізілмей, түптеп келгенде тұрғындар қиындыққа тап болуы мүмкін. Сол сияқты подъезд жарықсыз, пәтерлер газсыз қалуы мүмкін. Өйткені энергиямен қамтамасыз ететін компаниялар келісімді тек басқару органымен жасайды», - деп қосты ол.
Ғалым Мұқашев басқарудың жаңа формасын енгізуді келесі жылға қалтыру керек деп есептейді. Оған дейін Үкімет қолданыстағы заңды негізге алып, халықты өз үйін басқаруға белсенділігін арттыру үшін ынталандыру қажет.
«Біз қазір Тұрғын үй қатынастары туралы заңның барлық тетіктерін пайдаланбай отырмыз. Аталған заңға сәйкес бюджеттен тұрғын үйдің жөндеуге ақша бөлуге болады. Қазір осы заңды негізге алу керек. Мәселен, бюджет есебінен тұрғын үйге жөндеу жасап беріп, оларды ОСИ-ге өтуге ынталандыру қажет. Сондай-ақ бюджет есебінен бірыңғай сәулет келбетін қалыптастыру шеңберінде көпқабатты үйлердің шатырларында ағымдағы жөндеу жүргізуге болады. Осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Біріншіден, келбеті бірыңғай болады, екіншіден, тұрғындарға қаржылық жағынан көмектемесіз. Түптеп келгенде бұл ОСИ-ді құруға септігін тигізеді. Халық дайын емес деп кінәламас бұрын, алдымен мемлекет өзі ынталандыруы керек. Келесі жылдың 1 шілдесіне дейін шегеру керек», - деді Мұқашев.
Halyq Uni тілшісі Қазақстандағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық секторына жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдерінен осы мәселеге қатысты пікір беруін сұрады. Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 1 шілдеден бастап ОСИ және қарапайым серіктестіктерді енгізу мәселесі қазір Үкімет кеңсесінде қаралып жатыр. Әзірге бұл мәселеде қабылданған түпкілікті шешім жоқ.