Halyq Uni логотип
×

Атыраудағы зейнеткердің өлімі: діни жамағаттар, криминалдану және ксенофобия

Сарапшы адамның діни сеніміне емес, жасаған қылмысына қарап баға беру керек деп есептейді

 Ая Өміртай 24.06.2024 | 15:08

Жуырда Атырау қаласында көлігін сырып кеткен зейнеткерді көлік жүргізушісі ұрып өлтірді. Қаладағы базарлардың бірінде «Газель» көлігін мінген Амандық Сағынғалиев есімді зейнеткер Мұхтар Ахмедов деген азаматтың «Мерседес» көлігінің есігін сырып кеткен. Әлеуметтік желіде тараған видео мен ақпаратқа сенсек, «Мерседес» иесі әлі жасы 40-қа толмаған азамат, ал «Газель» иесі (марқұм) жасы 70-ке таяп қалған егде кісі.

Видеодан көргеніміздей, «Газель» жүргізушісі қанша соққы тисе де жауап қатпайды. Алайда, ол өзінен көп жас кіші азаматтың соңғы ауыр соққысынан кейін есін жия алмай, артынан қайтыс болған.

Полицияның мәлімдеуінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

Көп ұзамай желіде қылмыс жасаған азаматтың суреті жарияланды. Көпшілік оның радикал ағым өкілі екенін айтып, «лаңкестік әрекетке» теңестіріп, айыптап жатты.

«ЖАСАҒАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ӘРЕКЕТІНЕ БАҒА БЕРУ ҚАЖЕТ»

Halyq Uni тілшісі сөйлескен сарапшылар «қоғамның бір бөлігінің радикалдануына не түрткі болды?» деген сұраққа жауап берді. Сонымен қатар радикалданудан терроризмге дейінгі жолды Қазақстан қоғамы қазір қалай қабылдайтыны жайлы атап өтті. Зерттеуші Серік Бейсембаев адамның сыртқы келбетіне қарап белгілі бір ағым өкілі деп бағалауды өркениетті қоғамға тән емес деп есептейді. Сарапшы Атыраудағы кісі өлтірген жергілікті тұрғынның діни сеніміне емес, оның жасаған қылмыстық әрекетіне назар аудару керегін айтады.

«Иә, өте қайғылы жағдай. Және қоғамдағы пікірді байқап қарасақ, ол адамдардың сақалына қарап, бірден тырнақша ішінде «радикалды топ өкілдері» деп қорытынды шығарып қойды. Өз басым бұл адамдарға қылмыскер ретінде қарауды ұсынамын. Олардың жазасы жасаған әрекетіне қарай бағаланып, соған сәйкес жазалануға тиіс. Тек қана сырт келбетіне қарап оларды қандай да бір топ өкіліне жатқызу – мәдениетті-өркениетті қоғамға тән нәрсе емес. Себебі бұл – топтық ойлау деп аталады. Адамның сыртқы бейнесі мен келбетіне қарап белгілі бір дін өкілі деп сырттан тон піше салу қоғамда жіктелудің артуына алып келеді. Адамдардың арасында басқа да әлеуметтік жанжалдардың тууына әсер етеді. Оның жарқын мысалы, өткенде Бішкектегі төбелестен кейін түрі басқа пәкістандық, арабиялық ұлт өкілдеріне көшеде тиісе бастады. Қаншама адам елден кетіп қалды, яғни бұл жағдай елдің имиджіне зардабын тигізгені сөзсіз. Дәл сол секілді бұл адамдарды қылмыскер ретінде емес белгілі бір топ өкілі деп қарайтын болсақ, осындай салдары болуы мүмкін», - дейді PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаев.

«ДІН ӨКІЛДЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ КСЕНОФОБИЯ ҚАЛЫПТАСТЫ»

Қазақстан қоғамының діни қауым өкілдерінен не себепті қауіптенетінін айтқан Серік Бейсембаев бірнеше мәселені атап көрсетті. Зерттеушінің айтуынша, соңғы 10-15 жылда дін өкілдеріне деген қоғамда үлкен стигма қалыптасқан.

«Кез келген қоғамда «біз» және «олар» деп бөліну бар. Біз өзіміздің шекарамызды анықтаймыз, адам ретінде, қоғам ретінде. Және де бұл жік, шекара соңғы 10-15 жылдың ішінде дінге қатысты қатты көрініс тауып отыр. Дәстүрлі дін және дәстүрлі емес емес дін, деструктивті дін деп айтады. Сол діннің өкілдеріне қоғамда үлкен стигма қалыптасқан. Яғни, ол стигманың қалыптасуына бір жағынан мемлекет ықпал етті. Пропагандасы арқылы экстремизммен күресеміз деп қолдан жау жасап алды. Дін өкілдері топ та емес, әртүрлі діни сенім өкілдері болуы мүмкін. Алайда билік сақалы бар, балағы қысқа сипаттағы адамдардың барлығын деструктивті деп танып, образ жасап алып, сонымен күресіп жатыр. Оған ықпал еткен қоғамдағы белсенді азаматтар мен инфлюенсерлер. Сондықтан осындай саясаттың ықпалынан бізде дін өкілдеріне қатысты үлкен ксенофобия пайда болды. Бұл ксенофобияның салдары кез келген түрі басқа адамның ұнамайтын қылығын байқасақ, бірден радикалды топ өкіліне жатқызып, оларға тыйым салу, соттау сынды үгіт-насихатқа адамдар өте тез беріледі. Өйткені адам ретіндегі табиғатымызда өзгелерден қорқу деген нәрсе бар. Өзгелер туралы айтқанда оның сырт келбетіне қарап қана анықтау қаншалықты дұрыс? Басында айтқанымыздай, өркениетті қоғам болатын болсақ адамдарды істеген әрекетіне қарай бағалауымыз қажет. Біздің қоғам – өте қатты өзгеріп жатқан қоғам. Идеологиялық тұрғыдан, құндылық тұрғысынан. Мәселен, 10-15 жыл бұрын Алматы мен Астана көшелеріндегі адамдардың киім киісі, сақал қоюы мүлде бөлек болатын. Ол өзгешеліктің барлығын ысырып тастап, қауіптене беретін болсақ, өкінішке қарай артта қалып қоямыз. Әртүрлілікті қабылдай білу, оның ішінде діни әртүрлілік бар, гендерлік әртүрлілік бар, идеологиялық әртүрлілік бар, соның барлығына ортақ инклюзивті кеңістік қалыптастыру өте маңызды. Бұл жерде мемлекеттің рөлі өте зор», - деп түйіндейді зерттеуші.

«ЕРМҰРАТ БАПИДІҢ АУДИТОРИЯҒА ҰНАЙТЫН ПІКІРІ»

Әлеуметтанушының пікірінше, биліктің экстремизммен күресі көбіне формалды сипатта жүреді. Сонымен қатар ол Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің «қоғамдық орында діни киім киюге тыйым салынуы мүмкін» деген мәлімдемесіне сын көзбен қарайтынын жеткізді.

«Осыған қатысты Ермұрат Бапи сияқты депутаттар тағы да діни киім кигендерге тыйым салу жөніндегі бастама көтеріп жатыр екен. Бұл да өте қауіпті үрдіс. Себебі бұл ешқандай мәселені шешпейді, керісінше біздің қоғамда жаңа мәселелердің туындауына алып келетін нәрсе. Көрші Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттері осы жолды жүріп өтті. Бірақ ешқандай пайдалы нәтижеге жеткен жоқ. Керісінше, ол қоғамдарда адамдардың бір-біріне деген сенімі азайды, діни тұрғыдан адамдарды дискриминациялау көбейді, сонымен қатар терроризм қаупі тіптен арта түсті. Осыны түсіну керек және өзім зерттеуші ретінде үнемі фактіге, статистикаға сүйенуді ұсынамын. Ол адамдардың түрі басқа екен деп эмоцияға беріліп, қарсы бір үгіт-насихатқа ілесіп кетудің арты жақсылыққа апармайды. Бұл кісілердің мотивтері туралы айту қиын. Мүмкін өзінің аудиториясына ұнайтын нәрселер айтып жатқан шығар. Егер де аргументтерін қарасақ «бұл біздің дәстүрімізге қарсы» дейді. Ал дәстүр – үнемі өзгеріс үстінде. Дәстүрді қалыптастыратын – біз. 20 жыл бұрын болмаған дәстүрлер қазір біздің өмірімізге еніп кеткен. Мысалы, кофе ішу отыз жыл бұрын таңсық дүние еді. Қазір қалыпты дәстүр. Сол секілді қоғамдағы дәстүр түсінігі ауыспалы, шекарасы икемді нәрсе екенін түсінуіміз керек. Екінші жағынан, әрине, зерттеулерге сүйену өте маңызды», - дейді сарапшы.

Сарапшы дін мәселелерін реттейтін заң «радикалды ислам идеологиясын реттейміз» деген желеумен адамдардың діни бостандығын көбірек шектейтінін алға тартады. Бұл орайда ол Түрікменстан мысалын еске алды.

«Бұның арты тағы да даудың артуына алып келетіні анық. Себебі біздің қоғамда діннің рөлі артып жатыр. Себебі дінге, діни киімге қатысты шектеу қою көп адамға ұнамайды. Бұл – мемлекеттік аппараттың күшейуіне және қоғамда репрессиялардың артуына әкеледі. Сондықтан алдағы 10-15 жылдық перспективадан қарайтын болсақ, мұндай заң мемлекетті артқа тартатын болады. Себебі біз тым көп ықпалды, билікті мемлекеттік ақпаратқа беріп қоямыз да, кейін түрімізге қарап билік шектей бастаған кезде «неге маған тиіп жатыр» деп өзіміз таң қаламыз. Оның бастауы осы жерден. Билік сақал қойған, қара киінген адамнан бастайды, онымен ғана тоқтап қалмайды. Келесі этапта мүмкін шашын бояйтын адамдар біреуге ұнамай қалып, оған да тыйым салуы мүмкін. Түрікменстандағы сияқты. Сондықтан бостандық ұғымы өте маңызды», - дейді Серік Бейсембаев Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

АТЫРАУДАҒЫ ОҚИҒАНЫҢ АСТАРЫ: ДІНИ ЖАМАҒАТТАР МЕН КРИМИНАЛДЫҚ ТОПТАРДЫҢ БІРІГУ ТЕНДЕНЦИЯСЫ

Әлеуметтанушы Талғат Жақиянов «радикал топтардың» әлеуметтік портретінің рөлі жайында айтып берді. Сарапшының айтуынша, кейінгі радикалдардың әлеуметтік бейнесі бұрынғы радикалдардан мүлде өзгеше. Оның пікірінше, Атырау, Қарағанды қалалаларында болған жағдайдың қатерлі астары бар.

«Әрине, заңды барлығы бұзады. Әркім бұзуы мүмкін. Дегенмен қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған мәселенің негізі бар. Біріншіден, өздерін «таза мұсылманбыз» деп жүрген топтардың қылмыстық әрекеттерге, ауыр қылмыстарға баруы шын мәнінде қоғамды ойландыруы керек. Ислам мен қылмыс, бұзақылық ұғымдары өзара үйлеспейтін құбылыстар. Шынайы мұсылманның мінезі көркем, сабырлы, мейірімді болуы керек. Бірақ өздерін таза мұсылман атап жүрген, тіпті «тақуалық деңгейде ұстап жүрміз» деп есептейтін категория өкілдерінің әрекеттерін қарайтын болсақ, айуандықпен жасалып жатқан қылмыстарды көруге болады. Сәйкесінше бұл жерде мына мәселеге назар аударуымыз қажет. Бүгінде діни жамағаттар мен криминалдық топтардың бірігу тенденциялары байқалады. Бұл көрініс Батыс өңірлерінде жиі байқалды. Соның ішінде радикалдық деңгейі жоғары саналатын такфиршілер, салафишіл топтардың жамағаттарының арасында бірінші көрініс берген болатын. Яғни, діни жамағаттардың ішіне бірте-бірте көше бұзақылары мен қылмстық топтар ене бастады. Әрине, ол топтың өкілдері жай адамдар емес. Өз кезегінде көше ішінде лидерлік позицияны ұстанғандар, харизмасы бар тұлғалар. Енді келіп бұл жамағаттардың ішіне кірген кезде олар өздерін лидерлік позицияларын алға шығара бастады. Ендігі аралықта өздерінің бұған дейін жасап келген қылмыстық, бұзақылық әрекеттерін дін тұрғысынан ақтайтын легитимдейтін тәжірибелер қалыптастыра бастады. Яғни, дінге басқаша интерпретация бере отырып, әртүрлі нормаларды, хадистерді бұрмалап түсіндіру арқылы бұрынғы іс-әрекеттерін ары қарай жалғастырып, оны дін тұрғысынан ақталатын құбылыс ретінде көрсету тенденциясы», - дейді әлеуметтанушы Талғат Жақиянов.

БҰРМАЛАНҒАН ДІНИ ИНТЕРПРЕТАЦИЯЛАР

Әлеуметтанушының айтуынша, түрлі діни жамағаттар арасында «кәпірлерді» өлтіруге, олардың мал-мүлкін тартып алуға, зорлық көрсетуге болады деген бұрмаланған интерпретациялар тарай бастаған. Тіпті кей сөздерді арабшадан қазақшаға қасақана бұрмалай аудару тәжірибесі жиі кезедеседі.

«Мәселен, Құран сүрелерін бұрмалай бастады. Дәстүрлі теологтардың түсіндіруінше, «Мәида» сүресіндегі «хамр» сөзі – адам миын улайтын кез келген зат. Міне осы «хамр» сөзін салафишіл ағым өкілдері «шарап» деп қана аударады. Олар осы арқылы есірткіні ақтап алуға тырысады. Яғни, алкогольді сусынға ғана тыйым салынған, есірткіге тыйым салынбаған деп көрсетеді. Сол сияқты кәпірлерді өлтіруге болады, олардың мал-мүлкін тартып алуға, зорлық көрсетуге болады деген бұрмаланған интерпретациялардың негізінде де осы топтардың ішінде қылмыстың түрлері көбейіп келеді.

Соңғы оқиғаларға қарайтын болсақ, адамды хайуандықпен, салқынқандылықпен өлтіріп тастау, баласын құрбандыққа шалу деген дүниелерді алып қарайтын болсақ, бұл дін тұрғысынан ақтайтын, легитимдейтін тәжірибенің қалыптасқандығын көруге болады. Яғни, дін мен криминалдың ұштасуы – өте қауіпті тенденция. Бізде бұл тұрғыдан бірқатар шаралар атқарылуы қажет деп есептеймін», - деп түсіндірді сарапшы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

РАДИКАЛДАНУ СЕБЕПТЕРІ

Түркі елдері құрастырға «терроршының» әлеуметтік портретінде үгітке тез еріп, радикалдануға бейім келетіндердің көбі жастар екені байқалған. Әлеуметтік күйзелісте жүргендерге түрлі діни ағым өкілдері көмектесіп, әл-ауқатын көтеруге мақсатты түрде жұмыс істейтін көрінеді.

«Себеп өте көп. Біріншіден, мемлекет тарапынан ұсынылған рухани-идеологиялық платформалардың әлсіздігі. Жалпы, діни идеологиялардың таралуының басты себебі, мемлекет тарапынан ұсынылып отырған идеологиялық құндылықтардың бір ізге келмеуінде.

Рухани кеңістікте идеологиялық вакум болады дейді. Негізі идеологиялық вакум ешқашан болмайды. Бос орынның барлығын қандай да бір топтар, сыртқы күштер, ішкі күштер өзіндік иеологиясымен толтырады. Рухани-иедологиялық платформаны біз қалыптастыруымыз керек.

Екіншіден, дәстүрлі мұсылмандықтың, айталық, ғылыми, теориялық, тарихи, мәдени негізден күшейтуіміз, кеңінен насихаттауымыз қажет. Бұл дегеніміз діндегі сан алуандықты жою деген сөз емес. Кез келген қоғамды алып қарайтын болсақ, Исламның қоғамға бейімделген өзіндік үлгісі бар. Біз оны дәстүрлі мұсылмандық, мұсылмандық ұстанымның дәстүрлі тәжірибесі деп айтамыз. Қазақ жеріне табиғатына, климатына, ландшафтына, қазақтың мәдениетіне икемделген формасы, оның ажырамас бөлігіне айналған. Сондықтан бұрыннан ата-бабамыз ұстанып келе жатқан дәстүрлі мұсылмандықты дамыту қажет. Идеология арқылы күресуге тиіспіз, қоғам, мелекет тарапынан ұсынылатын балама әрқашан да болуы керек.

Үшіншіден, әлеуметтік факторлар реттелуі керек. Институттардың жұмысы, әсіресе әлеуметтендіру институтарының жұмысы күшейтілуге тиіс. Атап айтқанда, балабақша, мектеп, колледж, университет ұйымдарындағы білім сапасы, тәрбие деңгейі жоғары болатын болса, теріс ағымдарға, түрлі жамағаттарға жастар кетпейтін еді. Түрлі діни ағымдарға кетудің басты себебі – жұмыссыздық мәселесі. Теріс ағым өкілдері өздеріне сенушілерге жұмыс орындарын ашып береді, қандай да бір кәсібін ашуға көмектеседі, әл-ауқатын көтеруге толық жағдай жасайды. Сондықтан мемлекет бұл тұрғыдан ойлану қажет», - дейді Талғат Жақиянов.

«ДІНМЕН КҮРЕСКЕ ҰЛАСЫП КЕТПЕУІ ТИІС»

2011 жылғы мамырда Дін істері агенттігін құру мен дін туралы заң қабылдау сияқты мемлекет қарастырған шараларды талдаған сарапшы мәселеге жетіклікті назар аударылмай отырғанын айтады. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен бес жылға 270 млрд теңге бөлінген. Halyq Uni тілшісі сөйлескен сарапшылар Қазақстандағы экстремизммен күресу тәсілдері дінмен күреске айналмау керектігін айтады.

«Радикализммен күрес жалпы дінмен күреске ұласып кетпеуі керек. Біз радикалдармен күресеміз деп исламмен күресіп кетпеуіміз керек. Өкінішке қарай, біздің қоғамда осындай сыңаржақ ұстанымдар, көзқарастар байқалады. Яғни, бізде бинарлық көзқарас басым. Бір нәрсеге ақ пен қара, жақсы мен жаман деп екі ұшты ғана баға беру. Қандай да бір радикал топтың өкілі қылмыс жасайтын болса, бүкіл мұсылмандарды қылмыскер деп есептейтін топтар да бар. Ол – дұрыс емес. Ал әдеткі мешіттің жамағаттары күнделікті тәжірбиесін атқарып жатқан дәстүрлі мұсылмандар. Сондықтан ол жерде шектеулер болмауы керек», - дейді әлеуметтанушы Талғат Жақиянов.

Зерттеуші Серік Бейсембаевтің пайымдауынша, терроризм мен экстремизмге себеп болатын басты фактор –  адамның діни бостандығынан шектеу.

«Сондықтан да оның барлығын билік құрылымдарымен реттеп, бір рамкаға тығып қойып бақылаймын деу – үлкен иллюзия. Әлем тарихы көрсеткендей, адамдардың діни бостандығы өздері үшін өте маңызды. Сіз адамды қандай да бір діни бостандығынан шектейтін болсаңыз, олар өз дінінен бас тартпайды, керісінше ашу-ызасын шығаратын болады. Терроризм мен экстремизмнің бір көзі осы жерде жатыр. Ал өркениетті мемлекет ретінде ол адамдардың діни бостандығын мойындап, оған кепілдік беру арқылы және адамдардың бостандығын қылмыс жасаған әрекеті үшін шектер болсақ, мәселенің шешімі табылар еді деген ойдамын», - дейді Серік Бейсембаев.

Қазір конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығына қарасты дінтану зерттеулері, діни ахуалды талдау мониторингі департаменті діни ахуалдың жай-күйі мен даму серпінін талдауды жүзеге асырады. Бұлардан бөлек Ғылым және жоғары білім министрлігі жанында да бірқатар институттар бар.

Дегенмен, зерттеулер әлсіз. Зерттеу жұмыстарын, талдау-мониторинг жұмыстарын күшейту қажет. Ең алдымен қоғамның қайда дамып бара жатқанын, оның ауруы қандай екенін, диагнозынын анықтайтын жұмыстар – зерттеу мен талдау жұмыстары. Соның нәтижесінде қандай да бір оңтайлы саяси шешімдер қабылдануы қажет. Өз деңгейінде зерттеліп жатыр деп айтпас едім. Мемлекет тарапынан жеткілікті назар аударылмай отыр, - дейді әлеуметтанушы Талғат Жақиянов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама