«Бір саусағы ғана қимылдаса да, баладан үміт үзбеу керек»: Астанада инклюзивті спорт фестивалі өтті
Биыл сайысқа қатысуға Түркістан, Кентау және Орал қаласы да қосылған
Астанада 13-15 маусымда «CHILDREN PARALYMPIC GAMES 2024» инклюзивті спорт фестивалі өтті. Бұл додаға еліміздің 23 қаласынан 400-ге жуық ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастар қатысты. Олар инклюзивті спорттың 11 түрінен бақ сынады. Halyq Uni тілшісі фестивальдің ашылуына барып, әр өңірден келген қатысушылармен танысты, олардың жаттығу барысы мен жарысқа қатысты ата-аналардың пікірін білді. Сондай-ақ жауапты министрліктің бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары жайында сұрады.
БОЧЧА ЖӘНЕ ЖҮЗУМЕН АЙНАЛЫСАТЫНДАР КӨП
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық ұйымның басшысы Нұргүл Ұлжекованың айтуынша, биыл бочча және жүзу бойынша сайысқа түсетіндердің саны артқан.
Балалар мен жастар спорттың 11 түрінен сайысқа түседі. Оның ішінде бейімдік жүзу, бейімдік карате, дзюдо, жеңіл атлетика, теннис, бочча, голбол секілді спорт түрі бар. 23 өңірден келген ерекше балалар бір-бірімен сайысқа түседі. Бұл жарыс балаларға, ата-аналарына мотивация, күш береді. Осы балалар жыл бойы «Саламатты болашақ» жобасының аясында өз өңірлерінде тегін үйірмеге қатысты. Жыл бойы жүргізілген дайындықтың нәтижесін көреміз. Қатысушылардың арасында бочча және жүзуден сайысқа түсетіндер көп, - дейді Нұргүл Ұлжекова
Ұйым басшысының айтуынша, 2024 жылғы сайысқа қатысуға Түркістан, Кентау және Орал қаласы қосылған.
«Бұл фестиваль биыл бесінші рет өтіп жатыр. Мерейтой. «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасының бас серіктесі – «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. 2016 жылы ашылған кезде небәрі 10 бала бар еді. Астанада бір ғана үйірме болды. Ал қазір демеушілер мен серіктестердің қолдауымен 23 қалада 1 100 ерекше балаға бейімделген спорт үйірмесін аштық. Жыл сайын инклюзивті спорт фестиваліне қатысушылардың саны артып келеді. Мысалы, 2023 жылы 300 бала қатысты, ал биыл қатысушылардың саны 400 адамға жуықтады. Фестиваль басталмастан бұрын әр өңірде іріктеу жарысы өткен. Яғни, Астанаға ең үздіктер келді», - дейді Нұргүл Ұлжекова.
Инклюзивті спорт фестивалінің мақсаты – ерекше балаларды әлеуметтендіру.
Балалардың арасында достық, ынтымақтастықты нығайтқымыз келеді. Осы жарыстан жеңімпаз болғандар әрі қарай үлкен спортқа барып жатады. Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубтарына да мүше болды. Осы фестиваль арқылы ерекше балаларға үлкен спортқа баруға алғашқы баспалдақ болып отырмыз, - дейді «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық ұйымның басшысы.
Сайысқа 6 жастан 30 жасқа дейінгі балалар мен жастар қатысады. Іректеу қойылған медициналық диагноз бен жас ерекшелігіне қарай топтарға бөлу арқылы өткен. Республикалық жарыста да диагнозы және жынысына қарай топқа бөлінген. Осылайша әр топ ішінде жеңіпмаздар анықталады.
ЕЛІМІЗДЕ 30 МЫҢ ЕРЕКШЕ БАЛА СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНАДЫ
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, Қазақстан бойынша 30 мыңнан аса ерекше бала спортен айналысады. Алайда олардың нақты саны бұдан да көп.
Министрлік әрдайым ерекше балаларға көңіл аударады. Жақында боччадан республикалық турнир өткіземіз. Қазір бочча федерациясының президенті Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев екені белгілі. Бізде спорт және туризмді қолдау қоры бар. Сол қор арқылы қаражат бөлінеді. Сондай-ақ министрлікке қарайтын ғимараттарда осындай жарыстарды өткізуге тырысамыз. Министрлікте паралимпиада комитеті жұмыс істеп тұр. Қазірге дейін 12-ден астам лицензия алынды. Осы балалардың арасынан параолимпиада ойындарының жеңімпаздары шығады деген сенімденім және оған атсалысамыз, - дейді Серік Жарасбаев.
Вице-министр ел бойынша қандай орталықтар жұмыс істеп тұрғанына да тоқталды.
«Жағдай жасалған аймақтарда спортпен шұғылдану мақсатында көптеген федерация ашылған. Әрбір өңірде ерекше балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған клубтар жұмыс істеп жатыр. Республикалық деңгейде ерекше спортқа байланысты орталық жұмыс істейді. Ол жерде де бірқатар спортшы бар. Олар – кәсіби спортшы. Халықаралық жарыстарға қатысуы үшін ұлттық құраманың дайындығы сол жерде жүргізіледі», - дейді туризм және спорт вице-министрі.
Айтуынша, біраз жыл бұрын Атырау облысында пара волейболдан құрама команда дайындық жүргізіп тұрған.
Соның нәтижесінде 2023 жылы өткен Азия ойындарында күміс медаль алды. Сол жерде Қазақстан тарихында алғаш рет лицензия алған болатын. Бұрынғы лицензиялар арасында командалық лицензия алу деген болмаған. Жуырда олар Бразилия құрама командасымен жолдастық кездесу өткізді, - дейді Серік Жарасбаев.
Алайда ауыл-аймақтағылар үшін бұл игіліктің барлығы қолжетімді болмай отыр. Мұны вице-министр де растады.
«Шағын ауылдарға жеткізу қалаларға қарағанда қиындау. Қалада инфрақұрылым қалыптасқан. Қазір спорттық мемлекеттік тапсырыс деген жоба бар. Оның іске қосылғанына 3 жыл болды. Жоба ережелеріне жиі өзгеріс енгізіп, қазір мүгедектігі бар балаларға ерекше кезек дайындап, ауылдағы балаларды спортқа баулуға тырысып жатырмыз», - дейді вице-министр.
АТЫРАУДА 25 БАЛА ҒАНА БОЧЧАМЕН АЙНАЛЫСАДЫ
Атырау облысынан келген Әлия Кубаеваның қызы Жанерке бочча бойынша жарысқа қатысады. Сондай-ақ өзі облыс көлемінде үйлестіруші қызметін атқарады.
2021 жылы қазанда Атырау қаласында бочча спортымен айналысу мүмкіндігі берілді, басында 4-5 баламен бастадық. Қазір 25 бала бар. бочча ерекше балаға деген үлкен мүмкіндік, алға ұмтылады. Баланың айналысатын дүниесі пайда болды. Өз қызымның денсаулығына байланысты облыс көлемінде үйлестіруші қызметін бастадым. Облыста федерациямыз да бар. Қызымның қол-аяғы қимылдамайтын болғандықтан, басқа спорт түріне қатыса алмайды. Осы спортты Қазақстанға алып келгелі балаларда үміт пайда болды. Паралимпиадалық ойын шетелге шығуға үлкен мүмкіндік. Қазір негізінен Астанаға келеміз. Алматыда «Жұлдыз-ай» деген фестиваль бар. Атыраудың ішінде де жарыстар болады, - дейді Әлия Кубаева.
Айтуынша, ата-аналар тарапынан сұраныс енді дамып жатыр. Бастапқыда ешкім бочча ойынына сенбеген.
Көп ата-ана балалардың аяқ-қолы қозғалмайтын болғандықтан, жүрмейтін болғандықтан ештеңеге бейімделмеген деп ойлайды. Осындай жарыстарға апарып, әлеуметтік желіге жариялағанның арқасында бала көбейіп жатыр. Облыста кезекте тұрғандар жоқ. Атырау облысы көлемінде ашқымыз келеді. Қазір су тасқынына байланысты әрі қарай шыға алмай отырмыз. Бочча ойынын Атырау облысы аумағында дамытқымыз келеді, - дейді ол.
Әлия Кубаеваның сөзінше, Атырау қаласында ерекше балалармен жұмыс істейтін бір ғана жаттықтырушы бар. Ал спорттың бұл түрімен айналысатындардың ең кішісі сегізде, үлкені 22 жаста.
БІР САУСАҒЫ ҚИМЫЛДАСА ДА, ҮМІТ ҮЗБЕУ КЕРЕК
Ерекше бала тәрбиелеп отырған Атыраудан келген Сәния Тынысбаева жарыстан жеңіс күтетінін айтты.
«Ерекше баланың анасымын. Ұлым Айсұлтанға диплегия диагнозы қойылған. Жарыстан жеңіс күтемін. Боччаға қатысқалы бері балаларымыздың көзқарасы өзгерді. Жақсы-жақсы жеткістіктерге жетіп келеміз. (...) Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ананың бәрі түсінетін шығар, ата-аналарға күш-жүгер, сабыр, төзім керек. Балаларымызға қойылған диагноз да әртүрлі. Ата-анаға жігер мен мықты болуын тілеймін. Балаларымызды жеткістікке жеткізе берейік», - дейді Сәния Тынысбаева.
Атыраулық Әлия Кубаева ата-аналарды үміт үзбеуге шақырды.
Баланың бір саусағы қимылдаса да, ол баладан ешқандай үміт отын сөндірмеу керек, үмітті үзбеу керек. Ең бастысы ата-ана өзіне сенімді болса, бала да ата-анадан күш-жігер алады, - дейді Әлия Кубаева.