Halyq Uni логотип
×

«Алғашқы сәбиін 30-35 жас аралығында дүниеге әкелгені жөн»: репродуктолог ЭКО және бедеулік туралы

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 7 мыңға жуық бала дүниеге келді

 Айгерім Таубай 30.05.2024 | 13:00

2021 жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 7 мыңға жуық бала дүниеге келді. Мұндай деректі денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Екі жылда бағдарлама аясында 21 мыңнан астам әйелге экстракорпоралды ұрықтандыру жасалған, ішінде 8 мың әйел жүкті ретінде есепке алынған. Репродуктологтар бағдарлама басталғалы бедеулік бойынша дәрігерге жүгінетіндер қатары көбейгенін айтады, тіпті салыстырмалы түрде екі есе артқан. Halyq Uni тілшісі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында сәбилі болған астаналық отбасымен танысты. Сондай-ақ елдегі бедеулік көрсеткіші бойынша дәрігердің пікірін білді.

«СОҢЫНА ДЕЙІН СЕНБЕДІК»

Виктор және Полина Ивановтардың екі қызы бар. Үлкені 21 жаста, кішісі жасқа толды.

Екі қызыма қарасам, екеуі екі түрлі сияқты. Соған қарамастан бір-біріне ұмтылып тұрады. Олар бір-бірінсіз ешкім емес, мен де оларсыз ешкім емеспін. Бір кездері тағы бір сәбиді дүниеге әкелу туралы ойламдық, уақыт өткен соң үйді де, көлікті де алдық. Қарасақ, үйдің іші бос. Үлкен қызымыздың өз ортасы, қызығушылығы бар, бізден алыстай бастады. (...) Енемнің де қолдауы үлкен рөл атқарды, «жассыңдар» деді. Алғашында емханаға да сол кісімен бірге бардым. 2022 жылдың соңында табиғи жолмен балалы бола алмайтынымызды білген соң тағы бір рет ЭКҰ жасап көруге бекіндік, - дейді Полина Иванова.

Ерлі-зайыпты дәрігерлердің көмегіне 2022 жылдың соңында жүгінген. Бағдарлама бойынша кезекке тұрған.

«Біздің алдымызда кезекте біраз адам бар екенін білдік. Алдымен баласы жоқ отбасыларға береді. Ал біздің үлкен қызымыз бар. 2023 жылдың ақпанында құжат өткіздік, бір айдан кейін кезектің қалай жылжығанын хабарласып сұрау керек екенін айтты. Наурызда өздері хабарласып, шілдеде емхана таңдай беруге болады деді. Таңғалдық. Себебі жылдың соңына дейін квотаға кезегіміз келеді деп ойлаған едік. Алдын ала бір жыл уақыт кетуі мүмкін екенін ескертті», - дейді әйел.

Қазақстанда жыл сайын 20,5 мың әйел бедеулік мәселесі бойынша дәрігерге жүгінеді. Бұл қатарда кезекті рет көмекке жүгінгендер де бар. Бұл туралы репродуктолог Гүлнар Өтепова айтты.

Бедеулік үнемі бірден шешіліп кетпейді, ол бедеулікке әкелген себепке де байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әйелдердегі бедеуліктің 20 себебі, ер адамдарда 22 себебі бар екенін айтады. Жыл сайын көмекке орташа есеппен 20 мыңнан астам жүгінеді. Ал кейінгі 10 жылды алып қарасақ, дәрігерге жүгінгендердің саны артты. Бұған экстракорпоралды ұрықтандыру қолжетімді бола бастағаны да әсер етіп отыр. «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғаннан бері ЭКҰ-ны тегін жасата алатын пациенттердің саны артты. Халықтың ақпараттанғаны жүгінетін адамдардың көбеюіне әсер етті. Біз бедеулік деңгейі туралы тек азаматтардың жүгінгені байланысты ғана айта аламыз. «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғалы жүгінетіндердің саны салыстырмалы түрде екі есе артты, - дейді дәрігер Өтепова.

ЭКО ЖАСАТУҒА ЖАС ЖАҒЫНАН ШЕКТЕУ ЖОҚ

Бағдарламаға қатысқан кезде Полина 35 жаста, Виктор 37 жаста болған.

10 жыл бұрын 30-35 жастағылар кеш босанып жатқан деп саналатын. Қазір олай ойламайды. 40-44 жаста да босанып жатқандар бар. Соңына дейін квота беретініне сенбедім. Себебі үнемі жастарға беретін. «Ойымыз жүзеге аспаса, ештеңе етпейді, өмір мұнымен тоқтап қалмайды» дедік. Ақша жинап, ақылы түрде жасатамыз деп ойладық. 2013 жылы ақылы түрде жасатып көрдік, сәтті болмады, - дейді әйел.

Репродуктолог Гүлнар Өтепова елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру жасатуға жас жағынан шектеу жоқ екенін айтады.

Медициналық жағынан келсек, әйелдің жасы ұлғайған сайын асқыну қаупі де жоғары болады. 18 жасқа толмаған болса, жетілмегеніне байланысты да қауіп бар. Алғашқы сәбиін 30-35 жас аралығында дүниеге әкелген оңтайлы саналады. Себебі 35 жастан асқаннан кейін генетикалық ауытқулар мен қиындықтар жастарға қарағанда көбірек кездеседі. Сол себепті соза беруге болмайды, - дейді дәрігер.

Полина Иванова бірінші рет экстракорпоралды ұрықтандыру жасатқаннан кейін өмір сүргісі келмей кеткенін де жасырмады. Ол сол жағдайдан кейін жұмысқа ден қойған. Ал бұл жолы «өмір мұнымен тоқтамайды» деген ұстанымда болған. Дәрігерлер небәрі 30% ғана үміт бар деген.

«Ер адамдар да көп дүниені басынан өткереді. Көптеген анализ тапсыру қажет. Әйелге қолдау білдіру керек. Мойынсұнбау қиын, бірақ алға жүре беру керек. Бағдарламаға қатысу кезінде де біраз тексеруден өту қажет, бірақ бәрі шын, бағдарлама жұмыс істеп тұр», - дейді Виктор Иванов.

БЕДЕУЛІКТІҢ ТОП-3 СЕБЕБІ

Репродуктолог Гүлнар Өтепова бедеулікке алып келетін үш себепті атады. Маманның айтуынша, бірнеше жыл бұрын бірінші орында жыныстық қатынас арқылы берілетін инфекция тұрса, қазір эндокриндік аурулар салдарынан дәрігерге жүгінетіндер көбейген.

Тамақтану, өмір сүру салтына байланысты туындайтын эндокриндік аурулар салдарынан туындайтын бедеулік көбейген. Артық салмақ, семіздік, көп қозғалмау бар. Метоболизм бұзылып, ағзада жүруі керек биохимиялық процесс бұзылады, бұл бедеуліктің тууына себеп болуы мүмкін. Жүктілікті жоспарлап жүргендер оған дайындалуы керек. Тиісті анализді тапсырып, витамин тапшылығын жойып, қажет болса рационынан өзгерткені жөн. Семіздік әйелдерде де, ер адамдарда да бедеуліктің бір себебі болуы мүмкін. 80% жағдай біздің өмір сүру салтымыз бен тамақтануымызға байланысты, - дейді Гүлнар Өтепова.

Ал екінші орында жыныстық жолмен берілетін инфекциялар тұр. Инфекция да бедеулікке алып келуі мүмкін.

Хламидия деген қоздырушы бар. Ол әйелдерде де, ер адамдар да бедеулікке себеп болуы мүмкін. Адам осы инфекцияны бір кездері жұқтырып, содан кейін өз бетінше ем қабылдаған болса, хламидия жатыр түтігінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Дәл сондай жағдай ер адамдарда да кездеседі, - дейді репродуктолог.

Ал үшінші орынға бірнеше себеп жайғасқан. Бұл қатарда миома, эндометриоз, жатыр қуысының патологиясы, туа біткен ауытқулар бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама