Сленгтер мен трендтер: мамандар әлеуметтік желідегі қазақ тілі жайлы

Гүлбаршын Нұрхан

Ғалым Анар Салқынбай тілдің дамуы немесе бұзылуы әлеуметтік желі арқылы көрінбейтінін айтады

Коллаж: Halyq Uni

Интернет пен әлеуметтік желі қарыштап дамып, адамдардың өзара қарым-қатынасы виртуалды форматқа көшті. Интернет пен әлеуметтік желіні белсенді қолданатындар көбейді. Бұл қазақ тілінің тазалығына қалай әсер етіп жатыр? Технология мен ғылым тіліне бейімделу арқылы қазақ тілі дамып жатыр деуге бола ма әлде бұл қазақ тілінің бұрмалануына, кальканың көбеюіне әсер ете ме? Halyq Uni тілшісі осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп, тіл мамандарының пікірін білді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбайдың айтуынша, интернет пен әлеуметтік желіде қазақша лебіз қалыптасты. Оны одан әрі дамуы қажет. Әлеуметтік желіде қазақша жазу – тілдің дамуы үшін аса маңызды.

Әлеуметтік желідегі қысқа да нұсқа жазылатын хат-хабарлардың мазмұны мен мәні әртүрлі. Онда әлеуметтік мазмұндағы мәнді сөз де, мәнсіз бос сөз де жеткілікті. Әркім өзінің зерделі-зердесіздігін, парқы мен парықсыздығын, батылдығы мен жасықтығын танытатын нағыз демократиялық, сөз бостандығын айқындайтын орта қалыптасты. Кешегі кеңестік қысымнан шыққан қазақ баласы өзінің ойын қысылмай, қымтырылмай айта алуды бастаса, неге қуанбасқа?! Осылай басталған әлеуметтік орта іштей жаңғырады, жетіледі, дамиды. Қазір ұлттық құндылығымызды бағалайтын, ана тілінің қасиетін түсініп, қадіріне жететін саналы орта қалыптасып жатыр. Көбі – жастар, - дейді Анар Салқынбай.

Ғалымның сөзінше, қолданыста жүрген тіл ғана байиды. Қолданыстағы тіл ғана тірі тіл санатында болады.

«Тіл – ойлаудың жемісі. Дұрыс ойлайтын кісі дұрыс жазады. Қазақ тілінде бұрыс сөйлейтіндер, әрине, әлеуметтік желіде де қате жібереді. Норманың бұзылуы осыдан басталмақ, бұл әлеуметтік желіні қолданушының ішкі мәдениетіне, өзін бағалауына, өзі арқылы тілін, ұлтын бағалауымен астасып жатпай ма? Ойлануымыз керек. Менің қазақша қате жазғаным тек менің қателігім емес, қазақ сөзінің қате жазылғаны», - дейді профессор.

ҒЫЛЫМ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ ДАМЫМАЙДЫ

Анар Салқынбайдың айтуынша, ғылым тілін қазақша дамытуға талпынған жөн. Осы орайда Алаш қайраткерлері жасаған пән сөздерін қолданысқа қайтару маңызды.

«Қазір Алаш қайраткерлері жасаған пән сөздерін барынша қайта қолданысқа қайтарып, ғылым тілін қазақша дамытуға талаптануымыз қажет. Ғылым тілін қазақшаламасақ, қазақ әдеби тілінің бір қанаты қайрылады, ал бұл дамыған қазақ әдеби тілінің сағын сындырары кәміл. Әлеуметтік желі арқылы технология мен ғылым тілі дамиды деп айтуға болмас. Тек әлеуметтік желі арқылы жаңа атаулар тез тарап, жылдам қолданысқа ие болады. Қазіргі белсенді қолданыстағы Айпон, Айпат, Гүугіл сынды сөздерді пайдалану олардың қазақша баламасының пайда болуына алып келмейді; кірме терім сөз боп қалары анық, мұндай атауларды аударудың практикалық қажеті шамалы, тек дыбыстық жағынан өз тілімізге икемдеп алсақ жеткілікті», - дейді Анар Салқынбай.

Қазір жастар арасында қолданылатын сленгтер көбейді. Бірақ ғалым Анар Салқынбай бұл құбылыстың уақытша екенін айтады.

Әлеуметтік желінің бүгінгі негізгі қолданушысы – жастар. Попмәдениет  – қазіргі жастар арасындағы тренд. Жастардың өз сленгі болуы да заңды. Әлеуметтік желіде жастар арасында осы сленгтер қолданысқа ие болуы да ықтимал. Бұл бұрыс қолданыс болуы мүмкін, бірақ, уақытша құбылыс, - дейді ғалым.

Сондай -ақ ғалым әлеуметтік желіде сөздері ауызекі сөйлеу әдебімен жазу әдеби тілді бұзбайтынын айтады. Тілдің дамуы немесе бұзылуы әлеуметтік желі арқылы көрінбейді. Дегенмен нормаға сай жазу да маңызды.

Әлеуметтік желіде қазақша сауатты жазу, нормаға сәйкес жазу жақсы, әрине. Алайда бүгінгі жастарды «не дейд», «не болд», «не боп атыр» деп жазды деп, тілді бүлдірді деуге болмас. Ауызекі сөйлеу әдебімен жазу – әдеби тілдің бұзылуы емес, тек оңай және тез ақпарат алмасудың жолы ғана, амалы ғана. Мәселен, жапондар күлуді wwwww деп береді, өйткені жапон тілінде «күлу» сөзі осы дыбыстан басталады. Ағылшындар күлуді «LOL» дей салады. «Қазір тез келем», «әңгімені тоқтата тұрайық» дегенді BRB – (be right back) деп жазады. Әлеуметтік желіні тым жиі пайдаланатын жастардың бұлай қысқарта жазуы әдеби тіл даму бағытының көрсеткіші, индикаторы бола алмайды. Әлеуметтік желінің тілі қазақ әдеби тілі дамуының, я кері кетуінің басты көрсеткіші емес, бұл тек ауызекі сөйлеу тілінің бір сипаты ғана. Бұл әлемдік үдеріс – цифрландырудың ықпалы, - дейді Анар Салқынбай.

ЖАҢА СӨЗДЕР ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ ПАЙДА БОЛМАЙДЫ

Тілге енетін жаңа сөздер әлеуметтік желі арқылы пайда болмайды. Жаңа сөздер ғылыми-технологиялық жаңалықтардың нәтижесінде пайда болады. Ал ол әлеуметтік желіде белсенді жұмсалып, қолданысқа енеді. Олар баспасөз арқылы да насихатталып, тілімізге еніп жатыр. Тілді түзеу үшін алдымен соларды қолға алу керек.

«Жалпы қазақ тіліне еніп жатқан жаңа сөздер, қате қолданыстар, ең алдымен, тек әлеуметтік желі арқылы еніп жатқан жоқ. Жаңа атаулар күнделікті баспасөз арқылы да таралып, кіріп жатыр деу дұрысырақ болар. Әлеуметтік желідегі ең мықты деген блогерлердің аудиториясы күнделікті телеарна көрермендері мен радио тыңдап отырған қарапайым тыңдарманнан көп болуы да ықтимал. Алайда біз әлеуметтік желідегі жеке жазба иесіне емес, өкпе-назымызды ұлттық және жеке телеарналардағы журналистер бағдарламаcының атына қарап айталық. Біз тілді жөндегіміз келсе, телеарнадағы сөз бұзар журналистерден басталық. Гәп осында. Өйткені бұлар бүгінгі ХХІ ғасырдың жиырманшы жылдарындағы көсемсөз иелері. «Айна онлайннан» басталған будан хабар аттары қаптап кетті: «Хабарlike», «Қызық times», Prime time, Digital мектеп», деді Анар Салқынбай.

Сөздерді ана тіліміздің дыбыстық қалыбына икемдеп алу керек. Бұл мәселені шешуде Ахмет Байтұрсынұлы салған сара жолды ұстанған абзал.

«Жаңа сөздер мен ұғымдар – заманымыздағы ғылыми-технологиялық жаңалықтардың нәтижесі. Әлеуметтік желіде тек бұл сөздер белсенді жұмсалады. Өзге тілден енген сөздер әрқашан болды, бола бермек те. Одан ешкім қашып құтыла алмайды, тек ол сөздерді ана тілінің дыбыстық қалыбына салып, игеріп, икемдеп алуымыз қажет. Бұл мәселені шешуде Ақымет Байтұрсынұлы салған сара жол, жөн-жоба бар. Сол жолмен жүрсек, адаспас едік, бірақ, әттең... әттең-айларымыз көп әлі...», - дейді ғалым.

Бұл пікірді филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек те қолдайды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі жастардың сөзінен тіл байымайды. Жаргондар белгілі бір топтың арасында қолданылады.

Тіл өзінен өзі дамымайды. Тілді дамытатындар қате сөйлейтіндер арқылы емес, тіл білгірлері. Олар сөйлеу барысында жаңа сөз, жаңа термин тудырады. Онысын көпшілік қолданып, жалпы қоғамға жайылып кетеді. Сөйтіп барып тілшілер оны жұрттың бәрі қолданып жатқаннан кейін, қазақ тілінің заңын бұзбай тұрғандықтан әдеби тілдің сөздіктеріне енгізіп қояды. Тілдің даму механизмі сондай. Ал әлеуметтік желілердегі жастардың «краш, треш, рофл, хайп» деп жазғандарынан тіл байымайды. Бұл жаргондар белгілі бір әлеуметтік топтардың арасында ғана қолданылады. Бірақ әлеуметтік желі көпшілікке таралатындықтан, оның жаппай қолданысқа түсіп кету қауіпі бар. Мысалы, «бешпармақ» сөзін алайық. Бұл қолданыс әдеби нормаға жатпайды, солай бола тұра оны қазір белгілі бір әлеуметтік топтар ғана емес, жаппай қолданатын болды, - дейді Бижомарт Қапалбек.

ҚАЗАҚ СӨЗІ ҚАЛПЫНА КЕЛУІ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Әлеуметтік желіде орысша әріптерді қолданып, төл қәріптерімізді қолданбай жазатын қолданушылар көбейді. Осы орайда филолог Бижомарт Қапалбек қазір кез келген сматфонға қазақ әріптерін орнатуға болатынын айтады.

Ең алдымен қолымыздағы телефонға қазақ әріптерін орнатуды жұмыс көріп, «кайдасын, гарыш, уйге, уйкта» деп жаза береміз. Қазір бәрі қолжетімді. Қазақша пернетақта орнатып алуға не кедергі?! Технология мен ғылым тіліне бейімделу деп айтуға болмас. Тілді бүгінгі заманауи технология мен ғылымның өзіне бейімдеуіміз керек. Солай айтқанымыз дұрыс болар. Бізде бұл жұмыс қатты ақсап жатыр. Заманауи технология тіліміздің қолданылуын жеңілдету керек. Басқа елдер цифрландыру арқылы солай тілдерінің қолдануын жеңілдетіп отыр, - дейді филолог Қапалбек.

Анар Салқынбайдың айтуынша, қазақ әріптерін қолдану үшін дұрыс пернетақтаны орнату керек.

«Қазақ әрпін дұрыс қолдану үшін, дұрыс пернетақта керек. Пернетақтада қазақша сандар әлі күнге дейін орналаспағанын академик Асқар Жұмаділдаев ағамыз көптен айтып жүр. Қазақ сөзі қалпына келуі үшін, қазақша әріппен дұрыс жазуымыз керек. Бұл енді үлкен мәселе. Орыс әліпбиінен қазақ әліпбиіне көшетін уақыт келгенде, көп мәселе шешілетіні анық. Бұған да жетеміз деген сенім кәміл. Ең бастысы, бізде оң жол бар, ол  – Ақымет Байтұрсынұлының жолы», - дейді Анар Салқынбай.

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК САНА ҚАЖЕТ

Тек ресми орындарда ғана емес, ауызша және желілер арқылы да тіл мәдениетін сақтап, қолдануға болады. Осы орайда мамандар тіл тазалағын сақтау үшін ұлттық, мемлекеттік сана керек деп есептейді.

Қоғамда тіл тазалығын сақтау үшін, ұлттық сана, одан әрі мемлекеттік сана қажет. Әрбір жазған сөзімізге әрбіріміз жауапты қарасақ жеткілікті. Әр сөздің астарында ата-баба дүниетанымы, тарихы, дәстүрі, ділі жатыр, әр сөздің мәні мен мағынасы тереңнен сыр тартады. Қазақтың әр сөзінің ішкі қуаты бай. Бағалай білсек, болғаны, - дейді Анар Салқынбай.

Ал Бижомарт Қапалбек сөйлеу кезінде қазақ тілінің нормаларын сақтап, тіл мәдениетімізді, сөйлеу мәдениетімізді көтеру керек екенін айтады. Маман ресми сөйлеу, лекция, парламентте сөйлеу, ғаламтордағы қатынас пен әлеуметтік желідегі жазбаларда тіл мәдениетін сақтауды қолға алған жөн деп санайды.