Halyq Uni логотип
×

Соңғы екі жылда Қазақстанға қанша ресейлік пен украиндық келді. Олар немен айналысып жүр?

Қазақстанға келген екі ел азаматтарының арасында елімізде заң бұзғандар бар

 Айнұр Шошаева 26.04.2024 | 14:12
Соңғы екі жылда Қазақстанға қанша ресейлік пен украиндық келді. Олар немен айналысып жүр?
көрнекі фото: Halyq Uni

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталғанына 2 жылекі жылдан асты. Осы аралықта екі елден Қазақстанға қанша адам келді және олар елімізде немен айналысып жүр? Halyq Uni тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп, еліміздің мемлекеттік органдарына ресми сауал жолдады.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 24 ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанға 6 843 592 Ресей азаматы келіп, 6 773 103-і кері кеткен. Сондай-ақ Украинаның 52 884 азаматы келіп, оның 52 294-і кері қайтқан.

Екі жылда 257 986 Ресей азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алса, Украинаның 7 794 азаматы виза алған.

Осы кезеңде тұрақты тұруға 31 131 Ресей азаматы мен 955 Украина азаматы рұқсат алды. Сондай-ақ 5 073 ресейлік, 79 украиналық Қазақстан азаматтығын алды, - делінген ІІМ жауабында.

Қазақстанға келген екі ел азаматтарының арасында елімізде заң бұзғандар бар. Мәселен, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 12 588 Ресей, 587 Украина азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 748 ресейлік, 51 украиндық елден шығарылған.

Еліміздің мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінің дерек қорына сәйкес, 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап 1075 Ресей азаматы Қазақстанда дара кәсіпкер ретінде тіркелді. Қаржы министрлігі Украина азаматтары арасында дара кәсіпкер ретінде тіркелгендер жоғын айтты.

Сондай-ақ ведомство еліміздің заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңының 4-бабына сәйкес, коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді/қайта тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді әділет органдары жүзеге асыратынын еске салды. Яғни коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді/қайта тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (тіркеуші органдар) жүзеге асырады.

Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы ұсынған жауапта 2022 жылдың 23 ақпанынан бері Қазақстанда Ресей азаматтарының қатысуымен тіркелген заңды тұлғалар саны – 13 703, ал Украина азаматтарыңың қатысумен 475-ті құрайтыны айтылған.

Ресей заңды тұлғаларының тіркелген филиалдарының саны 178 болса, Украина заңды тұлғаларының филиалдары тіркелмегендігін хабарлайды, - делінген жауапта.

Сонымен қатар, корпорация екі ел азаматтарының еліміздегі жылжымайтын мүлкіне қатысты ақпарат берді. Атап айтқанда, 2022 жылдың 24 ақпанынан бері Украинаның жеке тұлғалары 221 сатып алу-сату келісімшартын тіркесе, Ресейлік азаматтар 6 341 келісімшартын тіркеген.

ҚАНША УКРАИН АЗАМАТЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІНІ БЕЛГІЛІ, АЛ РЕСЕЙЛІКТЕР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ ЖОҚ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 3 жылда 1 361 Украина азаматы жергілікті атқарушы органдарымен берілген рұқсат арқылы (2022 жылы – 468 адам, 2023 жылы – 454 адам, 20.02.2024 жылы – 439 адам) еңбек қызметін жүзеге асырғанын айтты. Олар көбіне өңдеу өнеркәсібі (2022 ж. – 47 адам, 2023 ж. – 76 адам, 2024 ж. – 9 адам), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (2022 ж. – 35 адам, 2023 ж. – 62 адам, 2024 ж. – 5 адам), сонымен қатар тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу (2022ж. – 18 адам, 2023ж. – 30 адам) салаларында жұмыс істейді.

Ресейліктердің Қазақстанда қандай жұмыс істеп жатқаны туралы ресми мәлімет жоқ. Оның себебін министрлік келесідей түсіндірді.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне жұмысқа орналасқан мемлекетте еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алу талап етілмейтін атап өтеміз, яғни Ресей елінен келген азаматтар рұқсатсыз жұмыс істей алады, - деді жауапта.

Сонымен қатар, екі елдің азаматтары елімізде әлеуметтік көмек алатынын атап өту керек. Себебі ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, республикалық бюджет есебінен балалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақыларды алу құқығы Қазақстанда тұрақты тұратын ел азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген шетелдіктерге беріледі.

Министрліктің ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы барлығы 2482 Ресей азаматына жәрдемақы тағайындалған. Оның ішінде бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы – 866, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы – 584, көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы – 487, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы – 18, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы 527 адамға берілген.

Сондай-ақ мұндай көмек аталған кезеңде 110 Украина мемлекетінің азаматына тағайындалған. Атап айтқанда, бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы – 40, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы – 36, көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы – 11, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы – 2, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы 21 украиндыққа тағайындалған.

МЕДИЦИНА ҰЙЫМДАРЫНА ҚАНША АДАМ ТІРКЕЛДІ?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап 2024 жылдың 22 ақпанына дейін еліміздің медициналық ұйымдарына 22 802 Ресей және 657 Украина азаматтары тіркелгенін айтты. Оның ішінде 2464 Ресей және 124 Украина азаматты стационарлық емге жүгінген. Бүгінде елдің медициналық ұйымдарына қанша ресейлік және украиндық жұмысқа алынғаны туралы деректер нақтыланбаған.

Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте министрлік 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап РФ-ның 97 800 азаматы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарына тіркелгенін, сонымен қатар 649 пациент стационарлық емге жүгінгенін айтқан болатын.

Ресей азаматтарының диспансерлік есепке алынғандары бойынша және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдері туралы ақпарат беру мүмкіндігі жоқтығын хабарлаймыз. Одан бөлек, шетел азаматтары, оның ішінде РФ азаматтары ерікті медициналық сақтандыру және жүктелген медициналық сақтандыру шеңберінде көмекке жүгіне алады, - деген еді министрлік.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕР УКРАИНАДАҒЫ ОҚУЫН ОНЛАЙН ФОРМАТТА ЖАЛҒАСТЫРЫП ЖАТЫР

Ғылым және жоғары білім министрлігі сауалымызды жауапсыз қалдырмады. Ведомство мәліметінше, 2020 жылға дейін Ресейде 75 мыңға жуық Қазақстан азаматы білім алған болса, 2022-2023 жылдары бұл көрсеткіш 61 мыңнан астам адамды құрады.

Өз кезегінде 2020 жылға дейін Украинада 20 мыңнан астам қазақстандықтар білім алған. Қазіргі таңда Украинада оқуды жалғастыру жөнінде ниет білдірген азаматтардың барлығы онлайн оқу үдерісімен білім алуда, - деді министрлік.

Сонымен қатар, 2023 жылы еліміздің 52 ЖОО-на Ресейден 233 маман дәріс оқуға шақыртылған. Сол сияқты 12 ЖОО-ға дәріс оқу үшін Украинадан 23 маман маман шақыртылыпты. Министрлік шетелде білім алып жатқан Қазақстан азаматтарының есепке алу мәселесі ведомствоның тікелей құзыреттілігіне кірмейтінін және консулдық есепке тұру тек ерікті түрде жүзеге асырылатын атап өтті.

РЕСЕЙ – УКРАИНА СОҒЫСЫНА ҚАНША ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАТЫСТЫ?

Ашық дереккөзге сүйенсек, 2022 жылдан бері Ресей – Украина арасындағы соғысқа шамамен 20 қазақстандық қатысқан болуы мүмкін. Алайда, соғыстың әлі жалғасып жатқанына байланысты сұралған мәліметтер бойынша нақты деректерді алуда қиындық туындап жатыр.

ҚР Бас прокуратурасы Қазақстан азаматтарының Украина мен Ресей арасындағы әскери іс-қимылдарға қатысуы туралы ақпарат беру туралы өтінішімізді қарап, сұралған мәселелер бойынша толық ақпарат жоқ екенін хабарлады.

Сондай-ақ ҰҚК тергеу бөлімшелеренің өндірісінде Қазақстан азаматтарының Украина аумағында қарулы қақтығысқа қатысу деректері бойынша қылмыстық істер бойынша мәліметтер тергеу құпиясы болып табылады. Ал Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.

Еске сала кетейік, Қазақстан азаматтарының кез келген шет мемлекеттердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе ұрыс қимылдарына, жалдамалық белгілері болмаған кезде қасақана заңсыз қатысуына байланысты әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша диспозициясына жатады. Осы қылмысты жасағаны үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама