×

Украинадағы сақ қорғандарына қауіп төніп тұр: Қазақстан тарапы әлі үнсіз

Украин тарихшысы тарихи құндылықтарды қайтару жұмысына Қазақстанның тарихшылары мен шенеуніктері де атсалысқанын сұрап отыр

 Ая Өміртай 02.06.2022 | 10:13
Мың жылдық тарихы бар балбал тасты вандалдары "ту діңгегі" ретінде пайдаланған. Изюм, Харьков облысы

2014 жылы басталған Қырымдағы археологиялық ескерткіштерге қатысты Украина мен Ресей арасындағы дау биыл қайта ушықты. Жуырда Ресей басқыншылары сақ дәуірі алтындары сақталған Мелитополь қалалық өлкетану музейін басып алды деген хабар тараған еді. Көзіміздің қарашығындай көретін - сақтар мен ғұндардан, одан берідегі қыпшақтардан қалған қаншама баға жетпес жәдігерлер қолды болып жатыр дегенге іштей алаңдап қалғанымыз рас.

Осы орайда Halyq Uni тілшісі Украинадағы бүгінгі мән-жайды білу үшін «Қорған сақшылары» («Хранители Курганов») атты белсенділердің басын біріктірген қоғамдық қозғалыстың қатысушыларымен сөйлесіп көрді. Олар бір кездері скифтер жаулап алған түбектегі құнды жәдігерлердің қолды болып жатқанын, тіпті Ресей әскерилері қорған маңайын соғыс позициясына айналдырғандықтан тарихи ескерткіштердің кейбірі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын растап отыр.

«РЕСЕЙ ӘСКЕРИЛЕРІ БАЛБАЛ ТАСҚА СОВЕТ ЖАЛАУЫН ІЛІП ҚОЙҒАН»

Украина тарихын зерттеуші, аталған қозғалысты құрушылардың бірі Александр Клыкавканың айтуынша, ХХ ғасырдың басында Украинада 100 мыңға жуық қорған болған. 5 мың жылдық тарихы бар алғашқы қорғандарды Днепр өзенінің төменгі ағысындағы Ямна археологиялық мәдениетінің өкілдері тұрғызған.

«Жерлеу рәсімінің бұл дәстүрін катакомбалық, бабиндік сынды қола дәуірінің мәдениеттері жалғастырды. Содан кейін кемерліктер, скифтер, сарматтар, орыстар, казактар ​​және қазіргі украиндар өз батырларын қорғандарға жерледі. Қорған – батырлардың бейіті ғана емес, өткен мен бүгінді байланыстыратын киелі орын. Соңғы 150 жылда қорғандардың көпшілігі археологиялық қазбалар мен ауылшаруашылығы себебінен жойылып кетті. Қазір қорғандар заңмен қорғалғанымен, ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік органдар өз міндеттерін дұрыс атқармағандықтан жылдан жылға шөгіп барады. Құрылыс алаңдары мен егістік жерлерді тазарту үшін үйінділер жаппай қазылып жатыр», деген белсенді қорғандардың келешегіне алаңдаулы екенін жеткізді.

Ресей зымыраны түскен украиналық философ Григорий Сковороданың музейі. Сковородиновка, Харьков облысы

Оның айтуынша, Ресей әскерилерінің Украинаның Изюм қаласына наурыз айындағы шабуылы кезінде Х-XIII ғасырларға тиесілі қыпшақ тас мүсіні жойылған. Тау етегіндегі орналасқан тағы бірнеше балбал мүсінге зақым келген.

«Кременец тауында әскери нысандар жоқ. Сондықтан мәдени мұра нысандарына шабуыл жасау таза варварлық әрекет деп есептеймін. Тіпті, әскерилер сол жердегі сынған балбал тасқа Совет жалауын іліп қойған», деген Александр Клыкавка Ресей тарапынан тарихи ескерткіштер мен музейлерді арнайы қирату жалғасып жатқанын жеткізді.

«Ресей 300 жыл оккупация кезінде Украина, Қазақстан және басқа елдерден ұрланған скифтердің жәдігерлерімен Эрмитажды толтырды. Қазір Ресей Украинаның тарихын, оның тарихи мұрасын ұрлауды жалғастырып, тарихи ескерткіштер мен мұражайларды арнайы қиратып, тонап жатыр. Херсон облысында орыс әскерлері қорғандарға атыс шебін орнатып, ескерткіштерге үлкен зиян келтіріп жатыр. Бейіттерге окоп қазу сияқты тәжірибе екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Украинадағы неміс басқыншылары қолданған еді. Көптеген қорғандарда қазылған орлардың ізі әлі бар», дейді Александр Клыкавка.

АЛТЫН ІЗДЕГЕНДЕР МУЗЕЙ БАСШЫЛЫҒЫН ҰРЛАП КЕТКЕН

«Қорған сақшылары» қозғалысының мүшесі, Мелитополь қалалық тарихи-өлкетану мұражайының бұрынғы қызметкері Денис Мирошник бізге орыс әскерилерінің шабуылы турасында әңгімелеп берді. Ол аталған музейдің қорлар бөлімшелерінің меңгерушісі Кучер Галинамен бірге музей қорын түгендеуге қатысқан. Оның білуінше музей қорында б.з.б. IV ғасырға жататын Мелитополь скиф қорғанына тиесілі 198 зергерлік бұйымдар, ғұндар мен сарматтар кезеңіне жататын 76 бұйым сақталған.

«Орыс әскерилері 20 сәуірде Мелитополь өлкетану музейіне басып кірді. Менің білуімше, бұл кезде сақ алтындары музейде болмаған. Сірә, ол қаланың қазынашылық мекемесіне көшірілген болуы керек. Алтынды іздеген оккупация әскерлері Мелитополь қалалық тарихи-өлкетану музейінің директоры Лейла Ибрагимова мен қор бөлімінің меңгерушісі Кучер Галинаны өздерімен ұрлап әкетті. Алайда біраз уақыттан кейін музей директоры босатылып, ол отбасымен аман-есен Түркияға аттанды. Ал қордың бөлім меңгерушісі босатылғаннан кейін Мелитопольде қалды. Қазір музейді Мелитополь облысы Константиновка ауылының тумасы, Мелитопольдік «Память» қоғамының ұйымдастырушысы және белсенді мүшесі Евгений Горлачов басқарады», дейді Денис Мирошник.

Ол сақ алтындары Мелитополь музейінің аумағында сақталғанын және қолды болмаған деген ресми пікірге сенеді. Өйткені облыстық әскери басқарма басшысы Александр Старух Ресей әскерилері елге кіре бастағанда-ақ, музейден аса құнды заттар эвакуацияланғанын, ал онда қалған экспонаттардың арасында түпнұсқалардың жоқтығын жеткізген. Дегенмен соғыс жағдайында мұндай ақпараттардың рас-өтірігіне көз жеткізу қиынға түседі.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЕНЕУНІКТЕРІ МЕН ТАРИХШЫЛАРЫ ДА АТСАЛЫСУҒА ТИІС»

Ал сақтар мен қыпшақтардың жалпы Украина тарихындағы орнына қатысты сақ тарихын көптен бері зерттеп жүрген әрі «Украина – ұлы Скифия» кітабының авторы Василий Доценко мынадай қызық ой айтады.

«Егер украиндар мен түріктердің қарым-қатынасының тарихын кең көлемде қарастыратын болсақ, бұл – Днепр мен Алтайдың үстіндегі екі полюстің өзара әрекеттесу және ықпал ету жолы. Қорғандар – қазір екі этникалық топ мәдениетінің маңызды бөлігі. Сондай-ақ орта ғасырларда түркілер Украинаның оңтүстігінде қоныстанды. Украин ұлты олармен өзара қарым-қатынас жағдайында қалыптасты. Украина мен Қазақстандағы скифтер мен половецтер ескерткіштері екі ұлттың ата-бабасының ежелден келе жатқан мәдени-генетикалық байланыстарын айғақтайды. Мәдени алмасу мен «қорған мәдениетінің» таралуы Еуропа-Азия далалық белдеуінде өтті», дейді тарихшы.

Орыс басқыншылары шабуылынан X-XIII ғасырдағы половец мүсіні жойылды. Изюм, Харьков облысы

Василий Доценконың айтуынша, скифтермен бауырластығын түсінген украиндар соғыс басталғанға дейін скиф қорғандарын қалпына келтіріп, құрмет ретінде тас мүсіндердің көшірмелерін орнатты. Украина аумағындағы ең көне сақ қорғаны да осылай қалпына келтіріліпті. Сол сияқты Кропивницкий қаласының маңында да сақ жауынгерінің алып мүсіні қойылған.

Сақ жауынгерлері осыдан 2500 жыл бұрын ата-бабаларының қорғандарын парсы басқыншыларынан қорғағаны секілді, қазір көптеген еріктілер Украинаның қамқоршысы болып, ата-бабаларының жерлері мен олардың бейіттерін орыс басқыншыларынан қорғайды. Сақ қорғандары – украиндық болмыстың түп негізі. Тарихи мұраны сақтау – ұлттық қауіпсіздік мәселесі, сондықтан жауды жеңгеннен кейін Украинаны қалпына келтірумен бірге көне қорғандарды да қалпына келтіру қажет. БҰҰ, ЮНЕСКО қолдауымен халықаралық соттарда Ресейден Украинадан заңсыз әкетілген тарихи жәдігерлерді қайтаруды және соғыс қимылдары нәтижесінде келтірілген шығынды өтеуді талап ету керек. Тарихи құндылықтарды қайтару үдерісіне Қазақстанның тарихшылары мен шенеуніктері де қосылуы керек. Өйткені өткен ғасырларда қазақ халқының тарихи мұрасының басым бөлігі дәл бүгінгідей Ресейге тасып әкетілген, – дейді Василий Доценко.

Айта кетелік, Украинадағы қараусыз қалған тарихи қорғандарды сақтап қалу үшін 2019 жылы мүдделі еріктілер «Қорған сақшылары» қоғамдық қозғалысын құрған. Олар әлеуметтік желілерде, баспасөзде, БАҚ арқылы қорған мәдениетін насихаттауды, бұқараға ескерткіштердің маңызын түсіндіруді мақсат еткен. Сондай-ақ фермерлер мен агрохолдингтерді заңды сақтауға және басып алған қорғандар мен қорғалатын аумақтарды кері қайтаруды талап етеді. Бірнеше жылдың ішінде ерікті топ 100-ге жуық көне қорғандарға ара түсіп, аман алып қалған.

Зерттеушілердің айтуынша, Украинадағы ең ірі сақ қорғандары археологиялық қазбалардан соң жойылып кеткен. Бізге белгілісі, Қара теңіздің солтүстігіндегі сақ патшалығынан бүгінге аман жеткен – Нечаев қорғаны ғана. Қорғанның биіктігі 14-15 метр шамасында. Соңғы екі ғасырда қорған айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған. Толық түгендеу жүргізілмегендіктен және ескерткіштердің мемлекеттік тізілімі толық жасалмағандықтан, Украинадағы сақтарға тиесілі қорғандардың нақты саны әзірге белгісіз қалып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама