2023 жылы дін істері басқармалары арқылы 3,3 млрд теңге қаржы бөлінген
Мәскеуде 144 адамның өмірін қиған «Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіден соң Орталық Азия елдерінен барған еңбек мигранттарының көбі Ресейде қалуға қорқады. Басылымдарда әсіреұлтшыл ресейліктердің орыс емес өзге ұлт өкілдеріне ашық қысым жасай бастағаны жазылды.
«ДІНИ ИДЕОЛОГИЯМЕН КҮРЕСКЕ АЙНАЛДЫРЫП ЖІБЕРГЕН»
Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, Ресейдегі терактіден соң Қазақстан да экстремизм мен терроризмге қатысты алдын алу шараларын күшейтеді. Сондай-ақ, оқиғаны желеу етіп құқық қорғау органдары қосымша құзырет пен қаржы сұрай бастауы мүмкін. Мәселен, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен бес жылға 270 млрд теңге бөлінген.
Белгілі әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаев Қазақстандағы экстремизммен күресу тәсілдері діни идеологиямен күреске айналып кеткенін айтады.
«Бізде экстремизммен, терроризммен күрес соңғы он жылда қарқынды жүріп жатқанын айтуымыз керек. 2013 жылы бірінші бағдарлама қабылданып, оған мемлекет 100 млрд теңге қаржы бөлді. 2017 ол бағдарлама аяқталған соң, 2018 жылы жаңа бағдарлама басталып, оған үш есе көп ақша – шамамен 270 млрд теңге қаржы бөлді. Осы екі бағдарламаның нәтижесінде көптеген арнайы орталықтар, түрлі үгіттеу-насихаттау орталықтары жұмыс істеді, 100 мыңдаған жастарға лекция өткізді. Менің негізгігі айтатын сыным: осы әрекеттер қаншалықты экстремизмнің алдын алуға септігін тигізеді?! Көп жағдайда науқаншылдыққа салынып кетіп жатады. Тек сандық есеппен, осынша іс-шара өткіздік деген санын көрсетумен ғана жұмыс "аяқталып" жатқан секілді.
Екінші мәселе, бізде көп жағдайда экстремизммен күрес дегенді бір идеологиямен, оның ішінде діни идеологиямен күреске айналдырып жіберген. Бірақ ғылымда, әлемде экстремизм бір ғана фактор емес, кешенді мәселе ретінде көрініс тапқан. Ол түрлі қоздырушы факторлардан туындайды. Әлеуметтік, психологиялық, ортаның мәселесі, оның ішінде әділетсіздік, дискриминация мәселесі, жастардың болашағынан ештеңе күтпеуі деген тәрізді түрлі себептерін ескере отырып қана, шара қабылдауы керек. Бізде деструктивті идеология деген категорияны негізге алып, белгілі бір критреийлер бойынша күрес жүргізіліп жатыр. Ол – түрі басқа, діні басқа, киімі басқа адамдарды объект ретінде алып, "ұстанымын, көзқарасын өзгертсек экстремизм болмайды" деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Мен онымен келіспеймін. Бұл ұстаным керісінше діни алауыздықты, араздықты арттыратыны жөнінде жиі айтамын», - дейді сарапшы.
«РАДИКАЛ КӨЗҚАРАСТАҒЫ АДАМДАРДЫҢ КӨБІ СИРИЯҒА КЕТІП ҚАЛДЫ»
Мәскеудегі терактіден соң Қазсқстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Ішкі істер министрі терроризм қаупі бар нысандарға жататын сауда үйлері, концерт залдары тексерілетінін атады.
Ресми деректерге сүйенсек, тәуелсіздік жылдарынан бастап Қазақстанда 18 террорлық іс-әрекет болып, жалпы 106 адам қайтыс болған. Сарапшы терроризммен күресте Қазақстан тәжірбиесін мысал ете отырып, радикалданған топтардың басым бөлігі Сирия асып кеткендігін алға тартты.
Қазақстанда теракт керемет жұмыс істеп жатқандықтан жоқ екенін айтады. Шын мәнінде, көптеген радикал көзқарастағы азаматтардың Сирияға кетіп қалуымен байланысты. Әртүрлі себеппен 800 адамнан 2 мың адамға дейін кеткен. Әйел азаматтар қайтып келді, бірақ көп емес. Ерлердің басым көпшілігі сонда қалды, қайтыс болды, - дейді Серік Бейсембаев.
3,3 МЛРД ТЕҢГЕ: ИГЕРІЛГЕН ҚАРЖЫ ЕСЕБІ АЗ
Әкімдіктерге қарасты дін істері басқармалары – діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын мемлекеттік орган. 2023 жылы дін істері басқармалары және оған қарасты ұйымдар арқылы 3,3 млрд теңге бөлінген. «Әділдік жолы» РҚБ өкілінің айтуынша мемлекеттік сатып алу бойынша аталған салада жемқорлық қаупі бар.
«Әкімдіктерде тіпті дін істері басқармалары бар, ал олардың өздерінің ведомстволық бағынысты ұйымдары, яғни дін мәселелерін зерттеу орталықтары бар. Шамамен 50 ұйым. 2023 жылы осы ұйымдардың жиынтық бюджеті, ұстауға және жалақыға арналған шығыстарын қоспағанда, тек мемлекеттік сатып алуларда 3,3 млрд теңгені құрады, оның ішінде шарттарға 2,1 млрд теңге, яғни шарттардың 60%-дан астамы бәсекесіз, конкурссыз жасалады. Содан кейін аталған сомаға кірмейтін басқа ұйымдардың, уәкілетті органдардың, құқық қорғау органдарының және терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі басқа да мемлекеттік органдардың жария және жария емес бюджеті бар. Сондай-ақ, уәкілетті органдарға терроризмге, экстремизмге тиімді және тез қарсы тұру үшін тікелей келісімшарттар жасауға мүмкіндік беретін нормалар бар. Жемқорлық көбіне бәсеке жоқ жер де туындайды, сондықтан жемқорлық қаупі болуы мүмкін. 60 пайыз деген көп. Әкімдіктер, басқармалар сатып алудың 50 пайызын бәсекеге салып, қалған бөлігін конкурссыз өткізеді», - дейді мемлекеттік сатып алулар бойынша сарапшы Ербол Сардарбеков Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Діни басқармалар тапсырысын орындайтын ұйымдар арасында бәсекелестік аз деген пікірді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев та мақұлдайды.
«2020-2023 жылдары әр аймақта дін басқарламалары қандай әлеуметтік тапсырыстар бергенін, олардың сомасы, тақырыптары және тендерлік құжаттарын талдадым. Нәтижесінде, аталған мерзім ішінде мемлекеттік бюджеттен шамамен 1,6 млрд теңге жұмсалыпты. Бұл өте үлкен қаржы. Алдын алу шаралары деп аталады. Әртүрлі ұйымдар лекция өткізеді, видео түсіреді деген секілді. Бір байқағаным, мемлекеттік емес ұйымдарға "базардағы адамдармен жұмыс істеңдер, радикал әйелдерді жинаңдар" деген секілді талаптар қойылған. Бұл – тағы да белгілі бір діни жамағат өкілдеріне сыртқы пішініне баға беру, өте дискриминативті ұстаным. Екінші мәселе, мемлекеттік сатып алу бойынша бәсекенің жоқтығы. Бұл қаржының 50% пайызын тек 10 мемлекеттік емес ұйым алған. Яғни, бұл салада бәсекелестік өте төмен деген сөз, әр аймақта бір-бір ұйым жылдар бойы профилактикамен айналысып келеді. Олардың қаржыны игеруі, атқарған жұмысының нәтижесі туралы ақпарат өте аз», - дейді зерттеуші.
ЗАҢНАМА 41 РЕТ ЖАҢАРҒАН
Ресми органдар заңнамалық база жетілдіріліп, аталған мәселелерді шешуде құзырлы мемлекеттік және қоғамдық мекемелер құрылып жатқанын медиада жиі хабарлайды. Мәселен, «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның өзі 1999 жылдан бастап 41 рет жаңартылыпты.
Заңнаманың өзгеру себептері мен нәтижесін білмейміз, оны уақыт сөрсетеді. Дегенмен «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның өзі 1999 жылдан бастап 41 рет жаңартылды, ал «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданғаннан бері 14 рет жаңартылды, - дейді сарапшы Ербол Сардарбеков.
Бекітілген шаралар жоспарына сәйкес, орасан зор бюджеттің қомақты бөлігі ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына жұмсау қарастырылған. Іс жүзінде мұндай тапсырыс қоғамдық орындардағы түрі, киімі басқа адамдармен үгіт-насихат жүргізуге айналады.
«Мұндағы негізгі мәселе, дінді экстремизмнің негізгі ошағы, көзі ретінде қарастыру. Бұл өте қате түсінік. Осы тақырыпта бірнеше зерттеу жасадым. Сонда теракт жасауға барған, жоспарлаған жастардың діннен хабары өте аз. Өздерін дін жолындағы адам емес, бір топтың мүшесі ретінде, жергілікті полиция қызметкерлеріне деген ашу-ызасын көрсетуге бағытталған. Сондықтан белгілі бір идеологияның немесе діни сенімнің ықпалы болды деу күмәнді. Адамның радикалдануы тек діни сеніміне қатысты болмайды, оған адамның өмір сүретін ортасы, араласатын адамдары, мемлекетке деген көзқарасы, көшедегі полицияның қарым-қатынасы әсер етуі мүмкін. Әрине, сырттан келетін пропаганда, жиһадистік ықпал бар. Сондықтан науқаншылдықтан гөрі, агентуралық жұмыстар жолға қойылғаны дұрыс. Әлеуметтік, экономикалық, психологиялық аспектілер ескеріле отырып, кешенді жұмыс жолға қойылғаны маңызды», - дейді PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаев.
«ҚАЗАҚСТАНДА КСЕНОФОБИЯ ӨРШУІ МҮМКІН»
Мәскеудегі терактіден соң Орталық Азияға мигранттарына деген көзқарас кері өзгерді. Құқық қорғаушыларға мигранттардан полицияның тексеруі, заңсыз ұстау, азаптау және депортациялау жағдайларын сипаттайтын 2 мыңнан астам шағым түскен. Тәжікстанның еңбек, көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрлігінің мәліметінше, Crocus City Hall ғимаратына жасалған шабуылдан кейін Ресейде жүрген еңбек мигранттарының Тәжікстанға оралуы жиілеген.
«Мәскеудегі терактіден соң елімізде ксенофобияның арту қаупі бар. Мәскеуде Орталық Азия мигранттарына қысым күшейген. Өкінішке қарай, оның жаңғырығы бізге де жетуі мүмкін. Осы орайда мемлекеттік органдар діни алауыздықты арттырмай, мейлінше инклюзивті саясат ұстануға тиіс. Қарапайым хиджаб киген қызға, сақал қойған ер адамға "сен террориссің" деп айыптаудан бастап, "деструктивті идеология өкілдерін" жұмысқа алмай қою, шеттету, сақалы болғаны үшін шекара қызметкерінің сұрақтың астына алуы мүмкін. Жекелеген жағдайлар адамдардың арасындағы қарым-қатынасты ушықтырып, соңы жанжалға алып келуі мүмкін. Қазақстанда халықтың басым бөлігі өзін мұсылман санайды. Бізде қазір исламдану қарқынды жүріп жатыр, әлі басында тұрмыз. Бұл – объективті жағдай, оған мемлекет ықпал ете алмайды. Өйткені Орталық Азия үшін, посткеңестік елдер үшін глобализациямен байланысты», - деп түсіндірді зерттеуші Серік Бейсембаев.
Ішкі істер министрінің айтуынша, биыл Қазақстанға 219 мыңға жуық тәжікстандық келген, оның 213 726-сы елден шығып кеткен. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 710 Тәжістан азаматы жауапқа тартылып, 195 адам елден шығарылған. Осы ретте «мигранттар мәселесінің Қазақстанға қатыса бар ма?» деген сауалды сарапшыдан сұрап көрдік.
«Қазірдің өзінде Ресейде ксенофобия күрт артып отыр. Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан үкіметтері азаматтарын көшеге шықпауға үгіттеді. Қазақстанға аса бір ықпалы болмауы мүмкін, өйткені бізде мигранттар саны басым емес. Қателеспесем, Ресейде Тәжікстаннан барған 1-2 миллион азамат жұмыс істейді. Қырғызстан да солай. Өзбекстанда одан да көп. Қарапайым азаматтардан бастап, құқық қорғай өкілдеріне дейін ол азаматтарға күш көрсетеді, тергейді, ұрып-соғады, жала жабады. Содан кейін жұмыс істеуіне байланысты түрлі шектеулер қойылуы мүмкін. Миллиондаған адам Ресейде жұмыс істеуі арқылы өз отбасын асырап отыр. Мұндай шектеулер сол елдің экономикасын нашарлатады. Түсетін табыс азайғандықтан, Орталық Азия елдерінің экономикасы үшін негативті салдары болуы мүмкін. Дегенмен жаппай қоныс аударады деп ойламаймын, қазіргі қалыптасқан миграция жүйесі жылдар бойы үлкен инфрақұрылымға айналған. Ол азаматтар кеткен күннің өзінде де басқа елден жұмыс табуы екіталай. Қазір ел үкіметтері басқа маршруттар бойынша жұмыс істеп жатыр, салыстырмалы түрде статистикада үлкен айырмашылық бар», - деген зерттеуші Серік Бейсембаев мигранттар дүрбелеңі уақытша екенін атады.
Сарапшылар Ресей экономикасындағы жұмыс күшінің тапшылығы еңбек мигранттарының кетуіне байланысты нашарлауы мүмкін екендігін айтады. Ал Тәжікстанның еңбек министрлігі мигранттардың Ресейден кетуін уақытша жайт деп бағалап отыр.